Жол картасы қорытыланды
Жол картасы қорытыланды

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төра­ғалығымен өткен Мәжілістегі «Nur Otan» фрак­циясының кеңейтілген отырысында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын орындаудың аралық қорытындысы шығарылып, жұмыс нә­ти­желері талқыланды.

Нұрлан Нығматулин партияның сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың маңызды тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Жол картасы әзірленіп, ол партияның Саяси кеңесі бюросының қаулысымен бекітілгенін еске салды.
– Жол картасын іске асыруға мониторинг және бақылау жасау жөнінде фракция мен Үкіметтің өзара іс-қимыл тәртібі қабылданды. Нәтижеге қол жеткізу үшін Жол картасының әрбір тармағына жеке-жеке жауапты вице-министрлер бекітіліп, оның орындалуын бақылау нақты депутаттарға – фракция мүшелеріне жүктелді, – деді Н.Нығматулин.
Жол картасын іске асырудың аралық қоры­тындысы туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндады. Содан кейін депутаттар бағдарламаның іске асырылуына қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерді. Жалпы алғанда, пандемияның күрделі жағдайында Үкімет пен меморгандар елеулі іс тындырды. Дегенмен жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуде Жол картасының 21-тармағы бойынша артта қалушылық байқалады. Бұл шикізаттық емес экспортқа, мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіруге, шаруа және фермер қожалықтарын құруға қатысты. Мәжіліс депутаттары қойылған мақсаттарға жету үшін шешілуі тиіс түйткілді проблемаларға назар аудартты. Оның қатарында Жол картасының тармақ­тарын уақытылы қаржыландыру үшін құжаттаманы дайындау, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын күшейту бар. Төраға Жол картасындағы міндеттерді шешу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы қажетін айтты. Нұрлан Нығматулин 2021 жылғы мәселелерді барынша тиімді шешудің және Жол картасын іске асырудың екінші жылын сенімді түрде пысықтауға жұмылудың маңызына екпін түсірді.
– Бұл – алдағы 5 жылда елді жаңа даму бағытына бастайтын, халықтың әлеуметтік жағдайын ары қарай арттыратын Жол картасы. Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты тапсырмалар қойды. Оны жүзеге асыруға жауапты адамдар бекітілді, бақылау толықтай қамтамасыз етілді. Енді жоғары жауапкершілікпен қарап, пәрменді жұмыс істеуді жалғастыру керек. Ол әрбір депутаттың, әрбір Үкімет мүшесінің негізгі міндеті, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Жиынға депутаттармен қатар Үкімет мүшелері және «Nur Otan» партиясының өкілдері қатысты.

Елдос СЕНБАЙ