Қазақ тілі шенеунікке керек пе?

Қазақ тілі шенеунікке керек пе?

Өз саласына қатысты құжаттарды халық қалаулыларының алдына таныс­тыруға алып келген лауазымды тұлғалардың қазақша сауалға қазақша жауап бере алмай қиналатын сәттері жиі кездеседі. Ресми тілге бүйрегі бұрып, ағылшын тілін айналдырған бір-екі жылдың ішінде үйреніп алатын атқамінерлердің мемлекеттік тілде міңгірлеп, күмілжіген кейіп танытатындары таң емес. Осы уақытқа дейін қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жемісін берді ме? ҚАЗТЕСТ жүйесі кімдерге арналған? Мемлекеттік органдардағы қазақ тілі курстарында кім оқиды, нәтижесі бар ма?

Мемлекеттік тілдегі баяндамасы үш сөйлемнен соң таусылып қалатын шенеу­ніктердің  «аз күнде үйренемін» деп алдап келе жатқанына бірнеше жыл өтті.  Кейбір министрлер «қай тілде сөйлеймін, өзім білемін» деп кесіп те айтқан кездері болды. Өйткені заңда оларға мемлекеттік тілді білу міндеттелмеген. Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев өзге әріп­тестері секілді мемлекеттік тілде жауап беруге қиналатынын айтып, күмілжіді. Сөйтсек, министрге өз ойын өз тілінде емес, орыс тілінде толық жеткізу оңайы­рақ болады екен. Мемлекеттік қызметке жауаптылардың қазақшасы шорқақ болып тұрса, қоластындағы қызмет­керлер­ден тіл білуді талап ету құлаққа қонымсыз. Өйткені алдыңғы арбаның доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы солай жүретіні белгілі.

Қазақша білгісі келетіндердің қатары аз

Тіл білемін дегенге сылтау жоқ. Себебі тіл курстары қарға адым аттасаң, алдың­нан шығады. Қажетіңе қарай онлайн, мүмкіндігің болса, оффлайнға да келісіп тұр. Нұр-Сұлтандағы Study оқу орта­лығының қызметкері Жансая Нұр­сапа соңғы жылдары орыс тілі мен ағыл­шын тіліне сұраныс артып келе жатқанын айтады. «Біздің орталықта алты тіл оқытылады. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, түрік тілі курстары бар. Тіл үйренушілердің көбісі – студенттер мен оқушылар. Арасында қызмет істейтін адамдар да келеді. Студенттердің дені ағылшын, түрік, қытай тілдерін үйренгісі келеді. Ал қызметке орналасу немесе қыз­меттік мансап үшін орыс тілі курстарына жазылып жатқандар көп. Өкінішке қарай, қазақ тілі курстарына келетін адам­дар өте аз. Қазір біздің оқу орта­лығында қазақ тілі курсына қатысатын 5 адам бар. Барлығы мектеп оқушылары. Олар­дың барлығы алдағы уақытта халық­аралық мектептерге немесе «Болашақ» стипендиясымен оқуға түскісі келетіндер», – дейді оқу орталығының маманы.

Құқық қорғау қызметкерлері қазақша сөйлей ме?

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, орталық аппаратта мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мәселесімен айналысып отырған арнайы басқарма, аумақ­тық ішкі істер органдарында құрылымдық бөліністер бар. Олар мемлекеттік тілді дамытуға, қолданысын кеңейтуге, оқы­туға қатысты іс-шаралар ұйымдастырады және мемлекеттік тілдегі құжаттарды ре­дак­циялық сараптамадан өткізеді. Осы бөліністерді ортақ бір мақсатқа жұмыл­дыру арқылы мемлекеттік тілдің мәрте­бесін, маңызын, қолданысын арттыруға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде өт­кізіледі.
 «Қазір полиция қызметкерлеріне арналған қызметтік, кәсіби даярлық сабақтары, жиындар, мәдени іс-шаралар, қызметкерлердің әскери сап түзеуі тек­серілетін саптық байқаулар қазақ тілінде өтеді. Бұл қажеттілік бар деген сөз.  Қажеттілік болғанда ғана тілді үй­рету тиімді және нәтижелі болатыны аб­зал», – дейді министрлік мамандары. Құқық қорғау қызметкерлерінің қазақ тілін еркін әрі тегін меңгеруі үшін қа­жетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдай жасалған. Осы­ның нәтижесінде барлық қызметкер­леріміз қазақ тілін өз лауазымдық міндеттерін атқаратын деңгейде жетік мең­герген көрінеді.  Сонымен бірге мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстардың қорытындысы тоқсан сайын министрдің осы салаға жетекшілік жасайтын орын­басары­ның жанында өтетін жедел кеңес­те қаралып отырады екен. Әйткенмен министрліктің алқалы жиындары мен баспасөз брифингтерінде салаға жауапты мамандар мемлекеттік тілден гөрі ресми тілге бүйрегі бұратындарын байқау қиын бола қоймас.

Шетелде қалай?

ТМД елдерінде, атап айтқанда, Әзербайжан, Өзбекстан, Латвия, Литва, Эстония, Молдова, Армения, Грузия заң жүзінде тек мемлекеттік тілдің ғана мәртебесі бекітілген. Балтық жағалауы елдерінің біразы Кеңес өкіметі кезінде қабылданған тілге қатысты заңдарын әлдеқашан өзгертті. Көптеген елдерде мемлекеттік тілді білу азаматтар үшін міндетті. Мысалы, Әзербайжанның Тіл туралы заңының 1-бабында әрбір азамат әзербайжан тілін білуге міндеттелген. Сондай-ақ Жапония мен Қытайда бастауыш білімді аяқтау сатысында ағылшын тілін оқыту тетігі көзделген. Бұл елдерде өзге тілді оқыту мектепке дейінгі жастан басталмайды. Барлық пәндер ана тілінде оқытылады, ағылшын тілі тек тілдік пән ретінде қарастырылады. Мысалы, Эстонияда еңбек нарығында эстон тілін білу жұмысқа орналасу, сондай-ақ өз бизнесін кеңейту үшін басты фактор болып саналады екен. Эстон тілін меңгерген адамдарға мансаптық өсуіне және жоғары жалақы алуы үшін көп мүмкіндік береді. Бүгінде мемлекеттік тілде іс жүргізуді бақылау әдістерін ынталандыру және жетілдіру, электрондық құжат айналымында хаттардың жазылу тілінің аражігін ажырату мақсатында ақпараттық тех­нологиялық жобаларға өзгерістер енгізу керек. Бұл мемлекеттік органдардың құжат айналымында мемлекеттік тілдің қолданылуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Халықаралық коммуникацияда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту Қазақстанның қатысуымен өтетін халықаралық жиындар, саммиттер, форумдар, кездесулер мен басқа да ресми іс-шараларда мемлекеттік тілді практикада пайдалануға мониторинг жүргізуді қарастыру уақыт күттірмей шешілуі керек шаруа.

Сөз көп, іс жоқ

Заңгер Жасұлан Иса осылай дейді. Айтуынша, ҚАЗТЕСТ жүйесінің өзінде кемшілік көп. «2018 жылы мемлекеттік қызметке тапсырған үміткерлердің 80 пайызы емтихан тапсыра алмай жатыр деген соң барып көрдім. Қазақ тілінде қойылған өтпеген сұрақтарға нөл деген сан тұр. Бұл бірде-бір сұраққа жауап бермей-ақ емтиханнан өтіп кете бересің деген сөз. Тіл оқыту курстарынан тағы нәтиже жоқ. Тілді білгеннен, оны күнделікті қызметке қолданбасаң, кімге керек? Мемлекеттік органдардың құжат айналымының 80-90 пайызы ресми тілде жүретіні рас», – дейді заңгер. Оның айтуынша, тіл саясатындағы көзбояу­шылық­тан арылмай тілдің қолданыс аясын кеңейту мүмкін емес. «Мысалы, аралас мектепті үздік бітіретін оқушылар қазақ тілі пәнін беспен бітіреді. Бірақ бір ауыз қазақша білмейді. Мектептен басталып жатқан көзбояушылық министрліктерде жалғасып жатыр. Екіншіден, Тіл туралы заңның 21-бабы «бланкiлер, маң­дайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiш­терi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде деп өзгертілу керек.  Ал тіл білмесе де Парламентке кіріп-шығып, уәдені үйіп-төгетін министрлерді депутаттар «мемлекеттік тілде сөйлей алмай­сың­дар?» деп ескерте бергенше, солар­дың өз тілінде сөйлеуін заңмен бекітіп берсін», – дейді Жасұлан Иса.
Депутат Қазыбек Иса мемлекетінің мемлекеттік тілін ешкім сұрамайтын жерде «мемлекеттік тілге миым жетпейді» дейтіндер министрліктен-министрлікке секіре беретінін айтады.

Жадыра МҮСІЛІМ