Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еңбегімен елге танылған тұлғалардың есімін ұмытпай ұрпақ жадында қайта жаңғырту керектігі айтылған болатын. Бұл күндері Шиелі десең Ы.Жақаевты сөз етпеу мүмкін емес.
Әлемге Сыр күрішін әйгілеген Ыбырай Жақаев – өз бақытын еңбектен тапқан, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған кемеңгер диқан, ақ күріштің атасы, дала академигі атанды. Саналы ғұмырында бір өзі бір дәуірдің жүгін көтеріп, қайталанбас рекордтар жасай жүріп, еліміздің аграрлық саласының дамуына зор үлес қосты. Міне, осындай ел үшін туып, ұлтын ұлы істерге бастаған тұғырлы тұлғалар үнемі халық жадында жаңғыра бермек.
Іс-шараға Арал өңірі мен Жаңақорған ауданы аралығындағы барлық музейлердің меңгерушілері мен ғылыми қызметкерлері, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жанар Ахметова, Әсет Тоқтамысов, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бәкірұлы, «Күріш және күріш ауыспалы егісі дақылдарының тұқым шаруашылығы» бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Камалдин Шермағамбетұлы қатысты.
Шара барысында Жақаев, Байсын, Арман мәдениет үйінің әжелері, қолөнер шеберлері, шараға демеуші болған кәсіпкерлер және музей қызметкерлері аудан әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының, облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бүгінде даңғайыр диқанның өмірі аңызға, әр ісі өнегеге айналды. Ақ күріштің атасы бақытын еңбектен тауып, диқандықты даналыққа ұштастырды. Қажырлы қайратымен танылған диқан әрбір әрекеті арқылы еңбек адамының қандай болатынын көрсете білді. Тіпті, Ұлы Отан соғысы жылдары Отан қорғау қорына арнап танк колоннасын жасауға 150 мың сом қаржы берді.