10 жасар алматылық Әмина Арыстанбек Sanremo Junior-2021 фестиваліне қатысады. Ол осы шарада өзін әр қырынан көрсетпек. Ән салады, билейді және скрипкада ойнайды.
Байқау қазан айының 12- сі мен 17-сі аралығында Италияның әйгілі Сан-Ремо қаласында өтеді. Оған Қазақстанмен бірге, Армения, Украина, Ресей, Мальта, Израиль сияқты бірнеше ел қатысады. Фестиваль Адриано Челентано, Тото Кутуньо, Эрос Рамазотти, Рикардо Фольи, Матиа Базар, Альбано және Рамина Пауер, Анна Герман секілді әлем жұлдыздары өнер көрсеткен ARISTON концерт залында өтеді екен.San-Remo Junior байқауы жыл сайын Сан-Ремо муниципалитеті мен ЮНИСЕФ БҰҰ балалар қорының қамқорлығымен өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең үздік жас орындаушыларға осындай беделді байқауға қатысу – үлкен абырой. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстандағы іріктеу онлайн форматта өткен болатын. Ал іріктеуді жүргізген – Пауло Альберти басқаратын Sanremo Junior Халықаралық фестивалінің дирекциясы (Италия) мен Владислав Багинский басқаратын MIF (Management International Festivals) сараптау комиссиясы. Солардың таңдауы бойынша еліміздің атынан Әмина Арыстанбек Sanremo Junior 2021 фестиваліне қатысатын болды. Әминаға тек жеңіс тілейміз!Әмина бұған дейін де 8 халықаралық ән байқауына қатысып, жүлделі орыннан көрінген. Десе де, осы доданың орны бөлек. Қазір Maxincubator шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі байқауға қарқынды дайындық үстінде. Sanremo Junior 2021 байқауында қатысушылар шығармаларын оркестрдің сүйемелдеуімен орындайды. Онда Әмина норвегиялық музыкант Александр Рыбактың «Fairytail» әнін айтады. Скрипкада ойнайды. Сонымен қатар хореография мен сахналық қойылым да қойылмақ.