Меценат Айдын Рахымбаев мектеп директорларына байқау жариялады
Меценат Айдын Рахымбаев мектеп директорларына байқау жариялады
©А.Ахметқазы
681
оқылды

Белгілі кәсіпкер, меценат, BI Group-тің басшысы Айдын Рахымбаев ауылдағы мектеп директорлығына байқау жариялады. Жеңімпазға 100 мың доллар немесе 3 бөлмелі пәтер сыйға беріледі.

Жеңімпазға пәтер елордадан беріледі. 100 оқушыға толар-толмас шағын мектеп – Өскеменнен 160 шақырым жердегі Казнаковка ауылында орналасқан. Елді мекен Көкпекті ауданына қарасты.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын өзім оқыған білім ордасын толығымен жөндетіп, құрал-сайманын түгендеп қойғанмын. Енді қазір мектеп жұмысын жүргізіп әкететін білікті маман, білгір көшбасшы керек. Сондықтан мықты мектеп директорын табу мақсатында байқау жарияладым. Бақтарыңызды сынап көріңіздер! Балаларға білімді әдемі ғимарат емес, білікті ұстаздар беретінін ұмытпайық, – дейді ол.

Байқаудың талабы бойынша, біріншіден, мектеп директоры ол жерде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Мектеп абыройын арттырып, білімді ұрпақ тәрбиелеумен қатар, өзінің ізбасарын дайындауы тиіс. Екіншіден, білім беру әдістемесі қарапайым емес, Финляндияның үздіксіз білім беру үлгісіне ұқсас болады. Яғни, 2-12 жас аралығындағы бастауыш сынып сабақтары ойын түрінде өтіп, ешқандай баға қойылмайды. Ал оған қажетті үш тілді меңгерген мұғалімдерге іріктеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар олар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

– Ең бастысы, баланың дамуы мен білім алуына ата-аналар да барынша атсалысуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мектеп ауылдың қоғамдық орталығына айналмақ. Өйткені онда кешкі және демалыс күндері ауыл жастары, ата-аналар балаларымен жаттыға алатын түрлі спорттық секциялар ашылады. Одан өзге де қызықты дүниелер ойластырылып жатыр. Әзірге мектеп жұмысы тәжірибе түрінде жүргізіледі. Тіпті, эксперименталды мектеп мәртебесі алынды. Ал жалақы мен оқытуға қажетті барлық шығынды өзімнің қорым арқылы қамтамасыз етемін. Сонымен, менімен тікелей жұмыс істейтін, жас, талантты, пысық мектеп директорын іздеймін, – дейді Айдын Рахымбаев.