Тоқаев ЕАЭО елдері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжатты қабылдауды ұсынды
Тоқаев ЕАЭО елдері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжатты қабылдауды ұсынды
© egemen.kz
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжат қабылдауы қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
«Ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Бұл проблема жаһандық өзектілікке ие болып отыр. Бүгінде Жер шарының әрбір 10-шы тұрғыны, яғни 700 млн-нан астам адам азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Әрине, біздің елдеріміздегі ахуал әлдеқайда жақсы. Бірақ, әлемдік баға өсімінің қысымын қазірдің өзінен-ақ нарықтарымыз сезіне бастады. Проблема шиеленісуі жылдан жылға арта түсетін болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында.
Қазақстан Президенті бұған жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия одақ елдерімен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ принциптері мен әдістерінің жобасын әзірлегендігін айтты.
«Құжат азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылық туындау тәуекелдерін төмендетуге, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінде қолданылатын материалдық-техникалық ресурстардың импортты алмастыруына бағытталған іс-шараларды көздейді. Бұл құжатттың маңыздылығын ескере отырып, оны Алматыда өтетін отырыста бекітуді ұсынамын. Құжат жүйелі, іс жүзіндегі өзара іс-қимылға бағытталған және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелі болуы тиіс», - деді Президент.