Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияға қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент қазіргі уақытта климаттың өзгеруі ең өзекті мәселеге айналғанын атап өтіп, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің көміртегінен таза ел болуға қатысты үндеуін қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, Орталық Азиядағы жылыну процесінің жылдам қарқын алуы алаңдаушылық тудырып, шұғыл әрекетті талап етеді.– Бұл су мен азық-түлікті және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Алайда жағдай нашарласа 2030 жылға қарай бидай өнімі шамамен 40 пайызға төмендеуі мүмкін. Қазақстанның Орталық Азиядағы жалғыз экспорттаушы ел екенін ескерсек, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнетіні сөзсіз. Бұл қарапайым ғана мысал. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес – мұның ортақ іс екенінің дәлелі. Бұл аса маңызды мәселе, – деді Президент.Мемлекет басшысы еліміздің табиғи қазбаларға айтарлықтай тәуелді екеніне қарамастан, Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізетін алғашқы жүз елдің қатарында болатынын жариялағанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен өнеркәсіпте көміртегін аз пайдаланудың базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегінен таза ел болу доктринасын әзірлеп жатқаны туралы айтты. Президент Доктрина, түптеп келгенде, прагматикалық әрі рационалды болуы, ел экономикасының қажеттіліктерін, оның ерекшелігі мен құрылымын ескеруі тиіс деп есептейді. Президент елімізді көгалдандыру бағдарламасына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызылады.
– Бұл бастама – халықаралық резонанс тудырған, шын мәнінде, ауқымды ұлттық жобаға айналады. Жүктеліп отырған міндет өте өзекті. Сондықтан оның санын көбейтумен айналыспай және көзбояушылыққа салмай, дұрыс орындау керек, – деді Президент.