Бес ел Каспийдің экожүйесін қорғайды
Бес ел Каспийдің экожүйесін қорғайды
115
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен өткен палата отырысында сенаторлар Каспий теңізінің биологиялық алуандылығын сақтауды қарастыратын хаттаманы ратификациялады. Парламент қабыл­даған «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға био­логиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң енді Пре­зиденттің қол қоюына жолданады.

Бұл құжат жануарлардың қорғалатын түрлеріне және олардың мекен ететін ортасына кері әсерін тигізетін іс-әрекеттерді реттеуге мүмкіндік береді. Хаттаманы ратификациялаған елдер қалдықтар мен өзге де заттарды көмуге немесе орналастыруға тыйым салуды енгізуге, сондай-ақ құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына байланысты кез келген қызметті реттеуге бағытталған өзге де табиғатты қорғау шарасын қабылдауға мүмкіндік алады.
«Каспий теңізінің биологиялық алуандығы мен экожүйесін сақтау – еліміз үшін стратегиялық мәселе­лердің бірі. Бұл ретте бүгін қабылданған заңның ма­ңызы зор. Құжат теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің осы бағыттағы ынтымақтастығын күшейтіп, Каспий­дің экожүйесін сақтауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Құжатты сенаторларға таныстырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің мәліметінше, 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда өткен 5-ші Каспий саммитінде осы теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің басшылары хаттама күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді өткізуге келіскен. Заң жобасы осы уағдаластықты іске асыру мақсатында әзірленіп отыр.
«Хаттаманың мақсаты – Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз ету, оның биологиялық алуандылығын, экожүйелерін сақтау. Осыған байланысты Каспий жағалауындағы мемлекеттердің бірқатар шара қабылдауы қарастырылған», – деді Экология министрі.
Біріншіден, қорғалатын су жануарлары түрлерін және олар мекендейтін орындарға теріс әсер ететін қызметтерді реттеуі тиіс. Екіншіден, қорғалатын флора мен фаунаны және олардың бөлшектерін пайдалануға, тасымалдауға, союға, қасақана немесе кездейсоқ аулауға бақылау жасау, қажет болса, тыйым салу көзделген. Үшіншіден, әсіресе, ұрық шашу, тұқым өрбіту, инкубация, ұйқыға кету, миграция және басқа да биологиялық стресс күйіне түскен кезінде фаунаға нұқсан келтіретін қызметтерге бақылау жүргізу, қажет кезде тыйым салу белгіленген. Бес елдің әрқайсысы өзге тараптар қарсылық білдірмесе, құру қаупі төнген жануарлар мен өсімдік түрлерін қорғау мақсатында теңіз бен жағалауда күзетілетін аудандарды бөле алады. Каспийлік мемлекеттер теңізде оның экожүйесінің бүтіндігіне зиян келтіретін заттарды, қалдықтарды көмуге, орналас­тыруға тыйым салуы шарт. Құжатта кәрі Каспийді сақтауға бағытталған басқа да тыйым-шектеу шаралары қарастырылған.

Елдос СЕНБАЙ