Наурыз тойлауға қанша ақша жұмсалған?

Наурыз тойлауға қанша ақша жұмсалған?

Атырауда өткен Наурыз мерекесіне бір дереккөзден 116 млн теңге бөлінгені анықталған болатын. Осыншама қаржының не үшін бөлініп, қандай мақсатта жұмсалғанына күмән келтірген көпшілік наразылық білдірген еді. Ақыр аяғы шу басыл­мағаннан кейін шенділер жағдайды түсіндіруге тырысып жатыр.

Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменовтің айтуынша, Наурыз мерекесіне байланысты жариялан­ған конкурс бойынша мемлекеттік сатып алуға жауапты маман қателік жіберген екен.
«10 наурыз күні театр «ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес, бір дереккөзден мемлекеттік сатып алу тәсілі негізінде үш мекеменің баға ұсыныстарын сұратты. Ең төмен баға ұсынған ARSEN жеке кәсіпкерлігімен 116 300 000 теңгеге келісімшарт жаса­дық. Атқарылған жұмыстардың қаражаты қабылдау актісіне сәй­кес, іс-шаралар өткізілген наурыз, мамыр, маусым айларында банктегі есепшот арқылы төленді. Меке­менің қаржылық және норма­тивтік-құқықтық актілеріне талдау жасау барысында бұл конкурстың ашық порталда көрініс таппағанын анықтадым. Осыған орай жауапты маманға тәртіптік жаза қолдан­дым», – дейді Берік Жәменов.
Оның айтуынша, жауапты маман кемшілікті жою мақсатында атқарылған, қаржысы төленген жұмыстарды ашық порталға бір дереккөзден мемлекеттік сатып алу тәсілі негізінде жариялап жіберіпті. Бұл туралы театр директорына ескертпеген. Келісімшартта көрсе­тілген 116 300 000 теңгенің қазірге дейін 54 850 000 теңгесі игерілген. Ал қалғаны қайда жұмсалған? Об­лыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтың дерегіне сенсек, бұл мәселеге байланысты арнайы жұмыс тобы құры­­лыпты.
«Кез келген мемлекеттік орган­ның іс-шаралар жоспарына сәйкес, жыл басында облыстық мәслихат­тың шешімімен қажетті қаражат қарастырылып, бөлінеді. Бұдан кейінгі процедуралардың заң шең­берінде орындалуы, қаражат­тың тиімді жұмсалуы әрбір мекеме­нің жеке жауапкершілігінде, яғни келісім­шарт шеңберіндегі қара­жат­ты мақсатына қарай игеру Ма­хам­бет атындағы облыстық ака­демия­лық қазақ драма театрының құзы­ретіне жатады. Аталған мәсе­ленің мән-жайын анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Қа­зір зерделеу жұмыстары жүргі­зіліп жатыр», – дейді ол.
Осылай облыстық Мәдениет басқармасы даулы қаржыға байланысты жауапкершілікті театрға, ал театр басшысы қол астындағы маманға жүктеп отыр.

М.ТӨЛЕУ