Парламент Сенатының депутаты Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты компаниялардың заңды бұзып жүргенін айтты. Сенатордың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек және медициналық өнімдерге арналған шығындарды жоспарлағанда маңызды көрсеткіштері жоқ немесе жоғары белгіленген бюджеттік өтінім негізінде жасап жүр. Соның кесірінен 66 миллиард теңгеге жуық бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.
«2020 жылы 39 нозологияға шамамен 66 млрд теңге тиімсіз жұмсалды. Онда 6 нозология бойынша 26 млрд теңге көлемінде толық қаржыландырылмау аясында заң талаптарының бұзылуына жол берілген. «СҚ-Фармация» ЖШС сақтау қоймаларында 2019-2020 жылдары 159 млн теңгеге сатып алынған препараттар сақтаулы. Мерзімі өтуіне байланысты олар жойылуы тиіс. Сонымен қатар министрлік Ұлттық орталықтың есептеулері негізінде, сондай-ақ кодекстің 76-бабына қарамастан дәрі-дәрмектің шекті бағасын көтеріп жіберген. Кесірінен дәрі-дәрмек өз құнынан 1,5 млрд теңгеге қымбатқа сатып алынды», – деді Андрей Лукин Сенаттың жалпы отырысында.Сенатор осыған байланысты дәрілік заттарды жеткізушілер арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдерді әзірлеуге, пациенттер туралы мәліметтерге маңыз бере отырып анықтығын қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарға жауап беруді сұрады. Андрей Лукин министрліктің бюджеттік өтінімін дайындау кезінде барлық медициналық ұйымға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті айқындаудың бірыңғай ережесін әзірлеудің маңызды екенін атап өтті.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ