«Jastar-Otanga»: халықаралық форумның берері мол
«Jastar-Otanga»: халықаралық форумның берері мол

Жуырда Түркістан облысына қа­расты Төле би ауданында орна­лас­қан «Тау самалы» демалыс айма­ғында «Jas Otan» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өткен болатын. Бес күнге созылған жиында жастар түрлі бағытта білік­ті­лігін арттырып, елге белгілі тұлғалар­мен тәжірибе алмасты. Аты айтып тұрғандай, форумға шетелдік жастар да келіп, іс-шараларға белсене ара­ласты. Сонымен, бұл басқосудың бұрынғысынан ерекшелігі не? Жас­тардың саяси өмірдегі белсенділігіне ықпалын тигізе ме? Осы жөнінде тарқатып айтсақ.

Бұл форум бұрынғыдан өзгерек

Ең әуелі форумның маңызына тоқтала кеткен жөн. Осыған дейін мұндай форум­дардың ұйымдастырылғаны рас, әйтсе де халықаралық деңгейдегі жастардың саяси біліктілігі мен тәжірибесін үштастырған жиын елімізде алғаш рет өтті. Әр өңірден шыққан белсенді жасотандықтар мен 6 мемлекеттен келген жастар бір алаңда бас қосты. Барлығының да өз идеясы, ұста­нымы бар. Көрген-білгендерін ортаға салу арқылы әркім өз тәжірибесін шыңдады. Бастысы – халықаралық деңгейде өткен форум елдердің келешектегі достық қа­рым-қатынасын жақсартуға ықпал ететіні даусыз. Мұны «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев та ерекше атап өтті. – «Jastar-Otanga!» форумы қандай форум? Мұнда жастар идеялар және тә­жірибе алмасып, қарым-қабілеттерін танытады. Мұнда ешқандай шарттылық жоқ, есесіне жастардың көпшілік біле бермейтін дарынын көрсетуге мүмкіндігі бар. Бұл – әлеуметтік маңызы бар жаңа жобаларға жол салуы тиіс форум. Бағыт­тардың бірі – жастар арасында партиялық кадр резервін дамыту, сонымен қатар 2025 жылға дейін «Жастар-Отанға!» бағдарла­масы жол картасын жүзеге асыруды тал­қылау. Биыл аталған форум тұңғыш рет халықаралық форматта өткізіліп отыр. Аталған алаң қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың ары қарай дами түсуіне зор ықпалын тигізбек», – деді ол. Енді өзге елден ат арылтып келген жас­тар ұйымдарының өкілдерін тілге тиек етсек. Олардың қатарында Ресейдегі «Единая Россия» партиясы жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы Виктория Федесова, «Жаңа Әзербайжан» партиясы жастар қанатының төрағасы Бахтияр Исламов, Тәжікстанның Соғди облысы бойынша жастар кеңесі филиалының төрағасы Фахридинзода Фирдаус, Ислам ынтымақтастық ұйымы жастар форумының жоба үйлестірушісі (Түркия) Юнус Чолак, Өзбекстан Жастар Одағы төрағасының орынбасары Олимов Шерзод пен Бішкек қалалық кеңесінің депутаты Дайырбек Талайбеков болды. Бұдан бөлек, Германия, Қытай, Татарстан жастар ұйымының өкілдері форумға видео­сәлемдемелерін жолдады. Жалпы, шетел­дік әріптестер жастардың бастама­сына үлкен қолдау танытты. Келешек саясат­керлердің қазірден-ақ байланысты ны­ғай­туға деген ұмтылысы аңғарылды. Мысалы, «Единая Россия» жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы Виктория Федосова Қазақстан мен Ресей және өзге елдер арасындағы белсенді пар­тия­аралық байланыстың мәніне назар аударды. – Алғаш рет байланыс 2001 жылы ор­на­ған болатын, ал 2005 жылдан бері «Еди­ная Россия» Партияаралық ынтымақ­тастық туралы келісім негізінде «Nur Otan» пар­тия­сымен тығыз байланыста. «Jastar-Otanga!» форумы ресейлік-қазақстандық партияаралық диалогқа тың серпін бере­тініне сенімдімін. Сонымен қатар биыл екі елде де сайлау науқаны өткенін атап өткім келеді. «Nur Otan» партиясы «Единая Рос­сия» секілді көшбасшылығын дәлелдеп, азаматтардың аталған партияға сенім білдіретіні байқалды», – деді Виктория Федосова. Бұдан соң форум аясында «Jas Otan» Жастар қанаты мен 6 мемлекеттен келген жастар ұйымдарының өкілдері ынтымақ­тас­тық жөніндегі меморандумға қол қой­ғанын айтқан абзал. Құжаттың саяси маңызы өте зор. Осы арқылы болашақтағы сенімді қарым-қатынас пен сәтті саяси қадамдарға кепіл болмақ. Түйінінде, жас буынның елеусіз қалмағанын ұғып отыр­мыз.

 «Jas Otan» – ең ықпалды жастар ұйымы

Қазір «Jas Otan» еліміздегі ең ірі жастар ұйымы атанып отыр. Оның қатарына 100 мыңнан астам жас патриот қабылданған. Осыдан-ақ ұйымның ықпалын аңғаруға болады. Қазір еліміздің барлық 17 өңірінде филиалдар мен бөлімшелер жұмыс істеп тұр. Бұл жастар саяси біліктілік жағынан да өздерін көрсетті. Мысалы, «Nur Otan» партиясы корпусындағы 616 депутаттың басым бөлігі «Jas Otan»-нан шыққан. Мұның өзі Елбасының бастамасымен қол­ға алынған «Nur Otan» партиялық тізіміне 35 жасқа дейінгі жастарды қосу жөніндегі 20 пайыздық квотасы арқылы жүзеге асқанын айтқан жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елде жүргізілетін саяси реформаларда жастар квотасын барлық партия тізіміне енгізуді міндеттегені бекер емес. «Jas Otan» мүшелері ШЫҰ-ның Жастар кеңесі, Еуразиялық аймақтық орталық және ICYF Жастар форумына қатысу арқылы халықаралық деңгейде де белсенділік көрсетті. Кез келген мемлекет үшін жастарды қолдау маңызды. Ол мақсатта «Jas Otan» 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға!» бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарлама ел ішінде өткізілген кеңінен талқылаудың нәтижесінде жасақталды, талқылау кезінде бес мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. «Jas Otan» бағдарламасын іске асыру үшін 216 Жол картасы құрылды, онда 3,5 мың индикатор белгіленген. Жол картасының аясында 4,5 миллионнан астам жас қазақ­стандықты қамти отырып, жыл сайын 6,5 мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Мұндай жүйелі жұмыстардың маңызы зор екені белгілі. Сайып келгенде, «Jas Otan» бағдар­ламасы жастарды расымен тол­ғандыратын 5 негізгі мәселені шешуге негіз­делген. Олар: сапалы білім беру, жұ­мыс­қа орна­ластыру, жас отбасыға қолдау көрсету және қолжетімді баспана, тұлғалық даму мен бос уақытты тиімді өткізу және азаматтық бел­сенділік. Шындап келгенде, бұл мәселе­лер­ барлық елдің жастарын алаң­да­тады. Сондықтан оларды шешу үшін өзге ел­дердің тәжірибесіне сүйеніп, халық­аралық деңгейде тәжірибе алмасу маңызды. Айтпақшы, ел басына қиын күн туғанда да «Jas Otan» мүшелерінің әлеуетін бай­қадық. Мәселен, пандемия кезінде Ел­басының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз!» акциясы аясында еліміздегі әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсетілді. Отандық кәсіпкерлердің қолдауымен 2,2 миллион адамға жалпы саны 34 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Сондай-ақ 320 мың отбасы атаулы әлеу­меттік көмек алды. Бұдан бөлек, ауруханаға қажетті құралдарды тасып, көмегін аямаған еріктілер көп болды.

Бас бола білер жастар артпақ

Іс-шара аясында жастармен ой, тәжірибе бөлісу мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары да шақырылды. Олардың қатарында әуелден жасотандық атанып, өз еңбегімен көзге түсіп, халық қалаулысына айналып үлгерген Елнұр Бейсенбаев пен Мәди Ахметов бар. Қос азамат форумның маңызына ерекше тоқталып, жастарға тұлғалық даму бо­йынша өз ойларын жет­кізді. Мәселен, депутат Елнұр Бейсенбаев жастар белсенділігі қауіпсіздік және эко­номика саласымен терең байланысып жатқанын баяндады. – Жалпы, «Jastar-Otanga» форумы халықаралық деңгейде Қазақстанда бірін­ші рет ұйымдастырылды. Әр елдің бас пар­тияларының жастар қанаты қатысып отыр. Бұл – жастар қанаты арасында саяси байланыс орнатып, жастар саясатын шешудегі жүйелі жұмыстарды реттеуге бағытталған алаң. Елдің болашақ қауіп­сіздігі қасымыздағы көршілес және басқа да мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас­тың арқасында болмақ. Қазақстанға экономикасын көтеру үшін экспорттық саясатты күшейту керек. Ал экспортты күшейту үшін өнім болуы тиіс. Өнімді дамытудың бірден-бір жолы – осындай халықаралық форумдар арқылы болашақ саясаткерлермен байланыс орнатып, өз өнімдерімізді осы азаматтар арқылы өзге елдерге жеткізу мүмкіндігі. Тұрақты эконо­миканы қалыптастыратын экспорттық өнімнің санын көтеру, байланысты кү­шейту. Ондай байланыстың түп негізі, тамыры мен тұғыры осындай жас кезден басталады. Ертеңгі күні бұл жастардың біразы саясатта болады, қызмет етеді. Халықаралық біліктілік пен тәжірибені меңгеру арқылы біз де олардың жасаған дүниесін іске асыра аламыз, – деді ол.

Саяси тұлғалар сенім білдірді

Форумның қорытынды кешіне «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келіп қатысты. Шетелдік жастар ұйымы­ның өкілдеріне жеке-жеке алғыс айтқан ол жастардың қоғамдағы рөлі ерекше екеніне тоқталды. Сонымен қатар қазіргі күрделі кезеңдегі мәселелерді тілге тиек етіп, жас­тарға бағыт-бағдар беруде осындай форум­дардың көптеп ұйымдастырылуы қажет екенін жеткізді. Осы жайларды ескере келе, партия Төрағасының Бірінші орын­ба­сары жастарға сәттілік тіледі. Жастарды руханиятпен азықтандырып, тарихқа бай өлкемен таныстыру жайы да назардан тыс қалған жоқ. Форум соңында жастар Түркі әлемінің мәдени астанасы саналған Түркістан қаласына саяхат жасап, еліміздің оңтүстігіне тән әсем табиғатпен, тарихи мұралармен танысты. Сондай-ақ Түркістан қаласында өтетін белгілі қаламгер Дулат Исабековтің әлі сиясы кеппеген «Бөрте» пьесасының қойылымын көрді. Яғни, жастарға біліктілікпен қатар ерекше әсер сыйлау жағы да қарастырылды.

М.ТӨЛЕУ