Жуырда Түркістан облысына қарасты Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өткен болатын. Бес күнге созылған жиында жастар түрлі бағытта біліктілігін арттырып, елге белгілі тұлғалармен тәжірибе алмасты. Аты айтып тұрғандай, форумға шетелдік жастар да келіп, іс-шараларға белсене араласты. Сонымен, бұл басқосудың бұрынғысынан ерекшелігі не? Жастардың саяси өмірдегі белсенділігіне ықпалын тигізе ме? Осы жөнінде тарқатып айтсақ.
Бұл форум бұрынғыдан өзгерек
Ең әуелі форумның маңызына тоқтала кеткен жөн. Осыған дейін мұндай форумдардың ұйымдастырылғаны рас, әйтсе де халықаралық деңгейдегі жастардың саяси біліктілігі мен тәжірибесін үштастырған жиын елімізде алғаш рет өтті. Әр өңірден шыққан белсенді жасотандықтар мен 6 мемлекеттен келген жастар бір алаңда бас қосты. Барлығының да өз идеясы, ұстанымы бар. Көрген-білгендерін ортаға салу арқылы әркім өз тәжірибесін шыңдады. Бастысы – халықаралық деңгейде өткен форум елдердің келешектегі достық қарым-қатынасын жақсартуға ықпал ететіні даусыз. Мұны «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев та ерекше атап өтті. – «Jastar-Otanga!» форумы қандай форум? Мұнда жастар идеялар және тәжірибе алмасып, қарым-қабілеттерін танытады. Мұнда ешқандай шарттылық жоқ, есесіне жастардың көпшілік біле бермейтін дарынын көрсетуге мүмкіндігі бар. Бұл – әлеуметтік маңызы бар жаңа жобаларға жол салуы тиіс форум. Бағыттардың бірі – жастар арасында партиялық кадр резервін дамыту, сонымен қатар 2025 жылға дейін «Жастар-Отанға!» бағдарламасы жол картасын жүзеге асыруды талқылау. Биыл аталған форум тұңғыш рет халықаралық форматта өткізіліп отыр. Аталған алаң қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың ары қарай дами түсуіне зор ықпалын тигізбек», – деді ол. Енді өзге елден ат арылтып келген жастар ұйымдарының өкілдерін тілге тиек етсек. Олардың қатарында Ресейдегі «Единая Россия» партиясы жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы Виктория Федесова, «Жаңа Әзербайжан» партиясы жастар қанатының төрағасы Бахтияр Исламов, Тәжікстанның Соғди облысы бойынша жастар кеңесі филиалының төрағасы Фахридинзода Фирдаус, Ислам ынтымақтастық ұйымы жастар форумының жоба үйлестірушісі (Түркия) Юнус Чолак, Өзбекстан Жастар Одағы төрағасының орынбасары Олимов Шерзод пен Бішкек қалалық кеңесінің депутаты Дайырбек Талайбеков болды. Бұдан бөлек, Германия, Қытай, Татарстан жастар ұйымының өкілдері форумға видеосәлемдемелерін жолдады. Жалпы, шетелдік әріптестер жастардың бастамасына үлкен қолдау танытты. Келешек саясаткерлердің қазірден-ақ байланысты нығайтуға деген ұмтылысы аңғарылды. Мысалы, «Единая Россия» жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы Виктория Федосова Қазақстан мен Ресей және өзге елдер арасындағы белсенді партияаралық байланыстың мәніне назар аударды. – Алғаш рет байланыс 2001 жылы орнаған болатын, ал 2005 жылдан бері «Единая Россия» Партияаралық ынтымақтастық туралы келісім негізінде «Nur Otan» партиясымен тығыз байланыста. «Jastar-Otanga!» форумы ресейлік-қазақстандық партияаралық диалогқа тың серпін беретініне сенімдімін. Сонымен қатар биыл екі елде де сайлау науқаны өткенін атап өткім келеді. «Nur Otan» партиясы «Единая Россия» секілді көшбасшылығын дәлелдеп, азаматтардың аталған партияға сенім білдіретіні байқалды», – деді Виктория Федосова. Бұдан соң форум аясында «Jas Otan» Жастар қанаты мен 6 мемлекеттен келген жастар ұйымдарының өкілдері ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойғанын айтқан абзал. Құжаттың саяси маңызы өте зор. Осы арқылы болашақтағы сенімді қарым-қатынас пен сәтті саяси қадамдарға кепіл болмақ. Түйінінде, жас буынның елеусіз қалмағанын ұғып отырмыз.«Jas Otan» – ең ықпалды жастар ұйымы
Қазір «Jas Otan» еліміздегі ең ірі жастар ұйымы атанып отыр. Оның қатарына 100 мыңнан астам жас патриот қабылданған. Осыдан-ақ ұйымның ықпалын аңғаруға болады. Қазір еліміздің барлық 17 өңірінде филиалдар мен бөлімшелер жұмыс істеп тұр. Бұл жастар саяси біліктілік жағынан да өздерін көрсетті. Мысалы, «Nur Otan» партиясы корпусындағы 616 депутаттың басым бөлігі «Jas Otan»-нан шыққан. Мұның өзі Елбасының бастамасымен қолға алынған «Nur Otan» партиялық тізіміне 35 жасқа дейінгі жастарды қосу жөніндегі 20 пайыздық квотасы арқылы жүзеге асқанын айтқан жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елде жүргізілетін саяси реформаларда жастар квотасын барлық партия тізіміне енгізуді міндеттегені бекер емес. «Jas Otan» мүшелері ШЫҰ-ның Жастар кеңесі, Еуразиялық аймақтық орталық және ICYF Жастар форумына қатысу арқылы халықаралық деңгейде де белсенділік көрсетті. Кез келген мемлекет үшін жастарды қолдау маңызды. Ол мақсатта «Jas Otan» 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға!» бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарлама ел ішінде өткізілген кеңінен талқылаудың нәтижесінде жасақталды, талқылау кезінде бес мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. «Jas Otan» бағдарламасын іске асыру үшін 216 Жол картасы құрылды, онда 3,5 мың индикатор белгіленген. Жол картасының аясында 4,5 миллионнан астам жас қазақстандықты қамти отырып, жыл сайын 6,5 мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Мұндай жүйелі жұмыстардың маңызы зор екені белгілі. Сайып келгенде, «Jas Otan» бағдарламасы жастарды расымен толғандыратын 5 негізгі мәселені шешуге негізделген. Олар: сапалы білім беру, жұмысқа орналастыру, жас отбасыға қолдау көрсету және қолжетімді баспана, тұлғалық даму мен бос уақытты тиімді өткізу және азаматтық белсенділік. Шындап келгенде, бұл мәселелер барлық елдің жастарын алаңдатады. Сондықтан оларды шешу үшін өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу маңызды. Айтпақшы, ел басына қиын күн туғанда да «Jas Otan» мүшелерінің әлеуетін байқадық. Мәселен, пандемия кезінде Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз!» акциясы аясында еліміздегі әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсетілді. Отандық кәсіпкерлердің қолдауымен 2,2 миллион адамға жалпы саны 34 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Сондай-ақ 320 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұдан бөлек, ауруханаға қажетті құралдарды тасып, көмегін аямаған еріктілер көп болды.Бас бола білер жастар артпақ
Іс-шара аясында жастармен ой, тәжірибе бөлісу мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары да шақырылды. Олардың қатарында әуелден жасотандық атанып, өз еңбегімен көзге түсіп, халық қалаулысына айналып үлгерген Елнұр Бейсенбаев пен Мәди Ахметов бар. Қос азамат форумның маңызына ерекше тоқталып, жастарға тұлғалық даму бойынша өз ойларын жеткізді. Мәселен, депутат Елнұр Бейсенбаев жастар белсенділігі қауіпсіздік және экономика саласымен терең байланысып жатқанын баяндады. – Жалпы, «Jastar-Otanga» форумы халықаралық деңгейде Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылды. Әр елдің бас партияларының жастар қанаты қатысып отыр. Бұл – жастар қанаты арасында саяси байланыс орнатып, жастар саясатын шешудегі жүйелі жұмыстарды реттеуге бағытталған алаң. Елдің болашақ қауіпсіздігі қасымыздағы көршілес және басқа да мемлекеттермен тығыз қарым-қатынастың арқасында болмақ. Қазақстанға экономикасын көтеру үшін экспорттық саясатты күшейту керек. Ал экспортты күшейту үшін өнім болуы тиіс. Өнімді дамытудың бірден-бір жолы – осындай халықаралық форумдар арқылы болашақ саясаткерлермен байланыс орнатып, өз өнімдерімізді осы азаматтар арқылы өзге елдерге жеткізу мүмкіндігі. Тұрақты экономиканы қалыптастыратын экспорттық өнімнің санын көтеру, байланысты күшейту. Ондай байланыстың түп негізі, тамыры мен тұғыры осындай жас кезден басталады. Ертеңгі күні бұл жастардың біразы саясатта болады, қызмет етеді. Халықаралық біліктілік пен тәжірибені меңгеру арқылы біз де олардың жасаған дүниесін іске асыра аламыз, – деді ол.Саяси тұлғалар сенім білдірді
Форумның қорытынды кешіне «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келіп қатысты. Шетелдік жастар ұйымының өкілдеріне жеке-жеке алғыс айтқан ол жастардың қоғамдағы рөлі ерекше екеніне тоқталды. Сонымен қатар қазіргі күрделі кезеңдегі мәселелерді тілге тиек етіп, жастарға бағыт-бағдар беруде осындай форумдардың көптеп ұйымдастырылуы қажет екенін жеткізді. Осы жайларды ескере келе, партия Төрағасының Бірінші орынбасары жастарға сәттілік тіледі. Жастарды руханиятпен азықтандырып, тарихқа бай өлкемен таныстыру жайы да назардан тыс қалған жоқ. Форум соңында жастар Түркі әлемінің мәдени астанасы саналған Түркістан қаласына саяхат жасап, еліміздің оңтүстігіне тән әсем табиғатпен, тарихи мұралармен танысты. Сондай-ақ Түркістан қаласында өтетін белгілі қаламгер Дулат Исабековтің әлі сиясы кеппеген «Бөрте» пьесасының қойылымын көрді. Яғни, жастарға біліктілікпен қатар ерекше әсер сыйлау жағы да қарастырылды.М.ТӨЛЕУ