Биыл жазда өткен Токио Олимпиадасында әлі елге таныла қоймаса да, ұлттық құрама қоржынына жүлде салған жастардың есімі шықты. Солардың бірі – бокстан Олимпиданың қола жүлдесін иемденген Сәкен Бибосынов. Жанкүйерлердің ерекше қошеметіне бөленіп, Олимп шыңын бағындыруға бір қадам қалғанда сүрінген жастың еріксіз жас төккеніне де куә болдық. Дегенмен боксшының алға қойған мақсаты көп. Әлі де еліміздің Туын талай байрақты бәсекеде желбіретуді арман етеді.
Бүгінде Олимпиада жүлдегері жастармен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісіп жүр. Осы орайда біз де боксшының әңгімесін тыңдап, шағын сұхбатын оқырман назарына ұсынбақ ниеттеміз. – Әуелі Токиодағы кездесулерге жеке тоқталсақ. Жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп, финалға жолдама үшін таласта ұлыбританиялық Джалал Яфаиға есе жібердіңіз. Бірақ төрешілердің бұл шешіміне наразылық танытып, сізді жеңімпаз деп білгендер көп болды. Өзіңіз қалай ойлайсыз, әділетсіздіктің құрбаны болған жоқсыз ба? – Қарсыласыма бірінші раундта есе жібергенімді білемін. Қалған раундтарда басым түскендей болдым. Төрешілер жеңісті қарсыласыма беріп қойған соң шешіммен келіспей апелляцияға берген едік. Алайда бұл әрекеттен түк шықпады, шешім өзгеріссіз қалды. Олимпиадаға жайдан-жай баруға болмайтыны белгілі. Басты мақсат – алтын медаль алу еді, бірақ бұйырғаны қола жүлде болды. Оған да шүкіршілік еттік. «Шын мықтыға тұсау жоқ» деп айтамыз ғой. Бапкерлеріміз «бір бас жоғары бол» дейді тағы. Десе де, спортта әділетсіздік те жиі кездеседі. Жеңіліс бар жерде жеңіс те болады. Жеңілістен соң өз-өзіңді қайрап, келесіде тау мен тас қопарардай күш аласың. Сондықтан ол жеңіліс маған сабақ болды. Қола жүлде маған алтыннан да қайырлы болған шығар. – Келесі жазғы Олимпиада ойыны 2024 жылы Франция астанасы Париж қаласында өтпек. Осы төртжылдықтың додасына қатысуды жоспарлап жүрсіз бе? Ендігі дайындық басталса керек. Көп боксшы олимпиададан жүлде алғаннан кейін кәсіпқой боксқа ауысып жатады. Әлде кезекті олимпиаданы күтпей-ақ кәсіпқой боксқа кетесіз бе? – Осы қарқынымыздан қайтпасақ, алдағы Париж Олимпиадасына да қатысуды жоспарлап отырмын. Бұйырса, сол додада атой салып, алтын жүлде аламын деген сенімім бар. Қазірден-ақ дайындықты бастауға көштік. Ешнәрсе оңай емес, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Содан кейін жеке бапкерлеріммен ақылдасып, 2024 жылы олимпиадада діттеген мақсатыма жеткен соң кәсіпқой боксқа ауысып, бақ сынағым келеді. – Жалпы, Токиода жанкүйерлер ең басты үміт артқан спорт түрі бокс болатын. Кемі ұлттық құрама қоржынына 2 алтын салар деп дәмелендік. Бірақ нәтижені көрдік, халық тарапынан көп сын айтылды, күйініп жатты. Сіздің ойыңызша, барлық боксшының сәтсіздігіне не себеп болды? – Ең алдымен айтарым – олимпиадаға барған сегіз боксшының барлығы да әлем біріншіліктерінде топ жарып жүрген мықтылар. Әлсізі жоқ, бәрі де іріктеліп шыққан. Менің ойымша, әркім кінәні өзінен іздеуі керек тәрізді. Жаттығу жұмыстарын жүргізуде қателіктер болғанын жасыра алмаймын. Менің жұмысым – бапкерлерге сын айту емес, шаршы алаңда өнер көрсету. Байқаған нәрсем, физикалық тұрғыда дайындық нашарлау болды. Бізді жарыстан-жарысқа, жиыннан-жиынға үздіксіз қатыстыра берген соң олимпиадаға қатысқанда көпшілігі шаршап қалды деп ойлаймын. Спорттың ауырлығын, қиындығын бастан өткермеген соң отырып сын айта беруге болады. Бірақ Қазақстан боксының бәсі бәрібір биік. Оны алдағы уақытта дәлелдеу үшін боксшылар аянбай еңбек етеді. – Көп спортшы қайталайтын бір әдет бар. Кейбіреуі олимпиада немесе әлем чемпионатының жүлдегері атанған соң саясатқа араласып жатады. Әрине, әркімнің таңдау еркі өзінде, ешкімді айыптай алмаймыз. Дегенмен осы үрдіс қанға сіңіп бара жатқан жоқ па? Келешекте сіздің де саясатқа араласып кетуіңіз мүмкін бе? – Мұндай нәрсе бар екенін жасыра алмаймыз. Шыны керек, бізде Олимпиада чемпионы атанып, кейін депутат немесе бір жерде бастық болып қызметке барады. Ал кейбір өзге елдің спортшыларын қарасақ, 2-3 дүркін Олимпиада чемпионы атанып, 4-5 рет әлем чемпионы болып, елінің мерейін асырып жатады. Мұндай чемпиондар біздің арамыздан да шығары сөзсіз. Мықтылар жетерлік. Менің тілегім – Қазақстан спортында 2-3, тіпті, 4 дүркін олимпиада чемпиондары шықса екен. Саясатқа араласпай, өз білген-түйгендерін жастарға үйретіп, оларды спортқа баулыр еді. Яғни, спортта соңына дейін жүрсе екен. Ал менің әзірге саясатқа араласатын ойым жоқ. Кәсіпқой бокста шыңдалып, әлем чемпионы атансам деген мақсатты көздеп жүрмін. Одан кейін де балалар мен жасөспірімдерге білген-түйгенімді үйретіп, бапкерлікпен айналысатын болармын. – Бәлкім, оқырмандарға қызық болар, үй болып, отбасын құрдыңыз ба? Отбасылық өмір спорттық мансапқа қалай әсер етуі мүмкін? – Алдағы уақытта шаңырақ құру ойда бар. Өз кезінде бола жатар. Менің айтқым келетіні, елімізді күллі әлемге бірге танытсақ екен. Бәрі бірлесіп жұмыс істесін, жоспар құрсын. Жоспарсыз жүрген адам жүгенсіз жүрген есекпен бірдей. Яғни, әркім мініп жүре береді. Сондықтан бәрін жоспарлай білген жөн. Ал арман-мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуіміз тиіс. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ