Соңғы уақытта әлем елдерінің назары допинг, келісілген ойындар секілді спорт маңайындағы түйткілді мәселелерге ауа бастады. Осыған орай жер-жерде спорттық қағидаларға жат іс-әрекеттерге барынша тосқауыл қойылып, оған қатысы бар адамдар жауапқа тартылып жүр. Ал Қазақстан аталған мәселелермен қалай күресіп жатыр? Келісілген матчтың алдын алу мүмкін бе?
О бастан әділ ойын өткізу кез келген спорттың басты мақсаты саналады. Өйткені келісілген матч қай спорт түрінің болмасын имиджіне, сапасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, сол ойынға деген елдің қызығушылығын төмендетеді. Осы ретте Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің бір кездері бұл мәселеге қатысты былайша пікір білдіргенін еске сала кетейік.
– Біз өзара келісілген матчтармен күресіп келеміз. Келісілген матч анықталса, адамның жасаған еңбегіне және басқа да жетістіктеріне қарамаймыз, қатаң жаза қолданамыз. Әділетсіз судьялар да бар. Олар бопсалаумен айналысатын шығар. Ондай әрекеттерді бірден анықтап, жауапты адамдарды жазалауымыз қажет. Аталған фактор отандық футболдың дамуына кері әсерін тигізеді. Реніш болмасын, нақты дәлел табылар болса, комиссия қатаң шара қолданады, – деп атап өткен болатын Жақсыбеков.
Әлбетте елімізде ақшамен төрешілерді сатып алу, келісілген матчтар өткізу деген бірлі-жарым оқиғалар көбінесе біріншіліктің соңында жиі айтылады. Яғни, көп ойындардың маңызы жойылып, командалардың да маусымдағы мақсаты толық орындалған кезде кейбір ұпайға мұқтаж командалардың ақша ұсынатынын айтады футболдың маңайында жүргендер. Бірақ мұның нақты рас не өтірік екенін ешкім дәлелдеп жатқан да жоқ. Сондықтан мұндай алыпқашпа әңгімелер көп өтпей ұмытылып кетеді.
Қазақ футболының ардагері Құралбек Ордабаев та осы мәселені сөз еткен тұста ел футболында келісілген ойынмен ұсталып не «ақша алды, ойынды сатты» деген күдікпен спорттан аластатылғандарды көп ести бермейтінін, бірақ алыпқашпа әңгімелер жиі айталатынын айтады. Ол сондай-ақ олардың ешқайсысы дәлелденіп жатпағанын да тілге тиек етті.
– Ойын болғаннан кейін бәрі болуы мүмкін. Ал біздің елде келісілген ойындар нақты болды не болмады деп айта алмаймын. Екінші және Бірінші лигадағы шу туралы оқыдым, естідім. Алайда ол жайт та тез басылды. «Қайраттағы» даулы оқиға кезінде де ойыншыларды командадан қуғанымен, нақты ештеңе дәлелдей алмады. Сол іс те жабулы күйінде қалды. Бірақ басы дауға қалған футболшылар мансабын қайта жалғастырды. Нақты дәлел, факт болмағаннан кейін көп іс осылай аяқсыз қалады, – дейді Құралбек Ордабаев.
Енді жоғарыда атап өтілген сол оқиғаға қысқаша тоқталайық. 2019 жылы еліміздегі кейбір қазақстандық футболшылар келісілген ойын матчтарын ұйымдастырды деп айыпталған болатын. Әңгіме Бірінші және Екінші лига матчтары жайында. Бұл жайсыз хабар сол кезде УЕФА-ға дейін жетті. Нақтырақ айтқанда, футбол жанжалының ортасында «Ақтөбе» футбол клубы мен «Ақтөбе-Жас» жастар құрамасы болды. Әрі бұл іске «Жетісу-Б» ойыншысының да қатысы бары анықталды. Ол ойыншы делдал қызметін атқарған. Сол кездің өзінде ҚФФ-ның бас хатшысы Азамат Айтқожинның өзі Премьер-лигадағы 2 матчқа қатысты күдік барын растады. Кейін ҚФФ-ның басшысы Әділбек Жақсыбеков УЕФА-дан түскен шағымға қатысты арнайы жиын өткізді.
Сол уақытта «Ақтөбе» кәсіпқой футбол клубының директоры болған Самат Смақов келісілген ойындарға қатысы бары анықталған «Ақтөбе-Жас» командасының 3 ойыншысымен қош айтысқанын хабарлады. Артынша, тағы бірнеше футболшы командадан кетті.
Айтпақшы, бұл істі украиналық азаматтар сырттан басқарып, бақылап отырған деген де деректер шықты. Алайда ақпар жеткіліксіз болғандықтан істің мән-жайы да толық ашық дәлелденбеді. Қазақстан футбол федерациясы бұл мәселені жіті бақылауда ұстап, сол іске қатысы бар футболшыларды шеттеткенімен, аталған оқиға жабулы қазан күйінде қалды.
Мұндай оқиғалар осыдан бірнеше жыл бұрын да болды. 2008 жылы «келісілген ойын өткізді» деген айыппен қарағандылық «Шахтер» және өскемендік «Восток» командасы Қазақстан чемпионатынан аластатылды. Ал «келісілген матчқа себепкер болды» деген айыппен «Шахтер» командасының спорттық директоры Владимир Нидергаусты 5 жылға футболдан қуылып, қызметтен шеттетілген еді. Бұл шешімді ҚФФ тәртіп комитеті шығарған. Алайда 5 жыл өтпей жатып Нидергаус ҚФФ ұлттық құрама департаментінің директоры болып сайланды. Тіпті, ҚФФ Нидергаусты футболды дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапаттады. Көпшілік «2008 жылы шыққан шешімнің күші қайда қалды?» деп аң-таң болысты. Бірақ уақыт өте келе ол жайт та ұмытылды.
Несін жасырайық, жанкүйерлердің көбі Қазақстан футболында жемқорлықтың барын біледі. Футболға байланысты күмәнді оқиғалар бар екенін жиі айтады. Төрешілердің де «сатылғаны» туралы да бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде талай мәрте жазылды. Тіпті, кезіндегі Қазақстанның ең атақты футболшыларының бірі болған, ұлттық құрама сапында көп ойын өткізген рекордсмен Самат Смақовтың бір сұхбатында футболшы болған кезде өзіне қанша көлемде пара ұсынылғанын ашық айтқаны бар. Экс-футболшы ешқашан алдын ала келісілген матчтарға қатыспағанын, бірақ түрлі ұсыныстар болғанын жасырмады.
– Алдын ала келісілген матчтарға ешқашан қатысқан емеспін. Мені білетіндерден сұраңыз, ондайға көнбейтінімді бәрі жақсы біледі. Өз басымда, мысалы мынадай бір жағдай болды, олар маған байланысқа шығып, жарты миллион доллар ұсынды. Бізден жеңілуді сұраған жоқ, тек белгілі бір нәтижеге жетіп, соған тоқталсаңдар деді. Содан: «Жігіттер, сендер керек адамға шығып тұрған жоқсыңдар» деп айттым. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, барлық жердегі футболда бар нәрсе, – деді Смақов ER-BATYR YouТube каналына берген сұхбатында.
Демек, ел футболында да, әлем футболында да мұндай жайттарға қанша тосқауыл қойылса да, келісілген ойындар ойналып жүргені жасырын емес. Бірақ ол іс анықталар болса, жазасыз қалатыны да жиі айталды. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының баспасөз хатшысы Нүркен Мырзағалиев келісілген матчтарға қатысты күмән туындаған жағдайда арнайы тексеріс жүргізілетінін айтты.
– Коэффициенттер ауысса я болмаса тым көбейсе, оған көп сомада бәс тігілсе, букмекерлік орталықтар УЕФА-ға хабарласып, шағымданады. Ал УЕФА аталған елдердің спорттық федерацияларына хабарласып, ескертеді. Ондағы басшылықтар сол ойынның видеожазбасын қарайды. Егер келісілгені белгілі болса, арнайы комиссия жасақталады. Олар мұны толық дәлелдеп шығуы керек. Содан соң ғана аталған күдікті ойынға байланысты түрлі шешімдер қабылданады. Командадан ұпай алады немесе жарыстан шеттетеді, төменгі дивизионға түсіріп тастайды. Ал ойыншыларды белгілі бір уақытқа немесе өмір бойына спорттан шеттетеді. Бұл протокол тек қана Қазақстанға қатысты емес, УЕФА-ның барлық құрамына кіретін федерациялардың жұмысы саналады, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, қазір тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлем елдерінде спорттық ойындардың әділ өтуіне жіті назар аударылып, оларды бақылауда ұстауға ерекше көңіл бөлінеді. Алайда оған толықтай тосқауыл қойылмай келеді, қойылмайтын да шығар. Себебі олардың әрқайсысын назарда ұстау мүмкін болмай тұр. Ең өкініштісі осы.
Абылайхан ЖҰМАШ