Допингпен ұсталды

Допингпен ұсталды

Спортшылар үшін тыйым са­лын­ған дә­рі­лер­ді қолдану қа­лыпты жағдайға ай­налып бара жат­қандай. Бұл до­пинг дауының өр­шуіне бірден-бір себеп бо­лып тұр. Қазақ­стан­да да жеңіл жеңіс пен арзан атаққа қызығып шалыс бас­қан­дар көп. Бұдан бұрын Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова сынды ауыр атлеттер Олимпиада шыңын бағындырғаннан кейін бірінен соң бірі до­пинг дауына ілініп, бастары бәлеге қалғаны бар. Енді бұл тізім тағы жалғаспақ.

Жуырда Қазақстанның ұлттық антидопинг орталығы бірнеше жыл жарысқа қатыса алмайтын спортшылардың жаңа тізімін ұсынды. Осыған сәйкес, 2020 жылдың басынан бері 11 атлет допинг қолданғаны үшін жазаға тартылды. Оның ішінде 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, ауыр атлет Анна Нұрмұхамбетова да бар. Спортшының сынамасынан Орал туринабол анаболик стероиды табылған. Анна былтыр 17 қыркүйекте Талдықорған қаласында өткен Спартакиада ойындарынан кейін тест тапсырған. Оның дәл осы жарыс кезінде тапсырған қан сынамасынан тыйым салынған препарат табылып, ауыр атлет 2023 жылға дейін спорттан шеттетілді. Сонымен қатар шаңғышы Алексей Полтораниннің ісі бойынша да шешім қабылданды. Ол да 2019-2023 жылдар аралығында өтетін жарыстарға қатыса алмайтын болды.

Допинг қолданған танымал спортшылар арасында жеңіл атлет Любовь Ушакова, велошабандоз Роман Василенков, волейболшы Антон Кузнецов, хоккейші Владислав Никифоров бар. Тізімге енгендер де 2-4 жыл аралығында дисквалификация алды. Сонымен қатар теннисші Бейбіт Жұқаев, жеңіл атлеттер Александр Безруков пен Олеся Задорожная, акробат Гаухар Төлебаева және самбошы Фарух Мирхакимовтың сынамасынан да допинг табылып отыр.

Иә, допингке қатысты спорттан шет­тетілгендерді жазар болсақ, санынан жаңыламыз. Бұл жағдай елімізде ушығып тұр десек те болады. Мұның бәрі допингпен ұсталған спортшыларға қолданатын жазаны күшейтетін заңды қабылдауға сеп болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Спорт және денешынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң допингке қарсы ережелерді бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталғанын айта кеткен жөн.

 

Допингпен ұсталды

«Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеті туындады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді» делінген Денешынықтыру және спорт комитетінің хабарламасында.

Заңда допингті пайдаланғаны үшін дисквалификация, спортшының спорттағы нәтижесін жою, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, жүлдегер тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, құрама командалардың құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару қатарлы жазалар қарастырылған. Сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты заңнамада жүлдегерлерге баспана осы мерзімге жалға беріледі. Аталған мерзімде тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген. Егер осы кезеңде сынамада допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігінде қала береді.

– Қазіргі кезде допинг қолданғандарға қатысты заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, айыпталушыларға қатысты қолданар жаза күшейтілді. Сондықтан спортшыларға допингтен бас тартқан жөн. Қазақстанның ұлттық антидопинг орталығының тексерісінен кейін оннан аса спортшының қанынан допинг сынамасы табылды деген жайсыз хабарды естідім. Бұл өз кезегінде ел спортының беделіне нұқсан келтіретін жайт қой. Ал спортшыларға дисквалификация мерзімін әрқилы етіп көрсетуі олардың препаратты қалай қолданғанына байланысты. Арнайы комиссия арқылы спортшының пікірі сұралып, соның негізінде мерзімін белгілейді. Алайда допингке қарсы ереже бойынша негізінен 4 жыл уақытқа шеттетіледі. Егер мұндай жағдай екінші рет қайталанса, жаза мерзімі де екі есе артады. Спортшылардың атақтары мен сыйақылары толық қайтарылып, 200 АЕК (505 мың теңге) көлемде айыппұл салынады. Бұл – Халықаралық Олимпиада комитеті тарапының салатын санкциясы, – дейді спорт журналисі Фараби Әбдіхалық.

Әлемде допинг қатарына жататын дәрі­лердің саны 10 мыңға жуықтайды екен. Ал ең сорақысы, соңғы 5  жыл ішінде Қазақ­стан­дағы 263 спортшы рұқсат етілмеген осы дәрумендерді пайдаланған. Бұл туралы Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов мәлімдеді.

Біз тек еліміздегі жағдайды атап көрсеттік. Ал әлем бойынша спортшылар арасында тыйым салынған дәрілерді қолдану оқиғалары жиі тіркеледі. Мамандар қанша күресіп жатқанымен, бұл әрекет тиылар емес. Допинг мәселесі реттелмесе, спортшыларға деген сенім де жоғалып, спорттың да қадірі кететін сыңайлы.

 

Абылайхан ЖҰМАШ

 

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.