Парақорлар: тұтылғанынан құтылғаны тез
Парақорлар: тұтылғанынан құтылғаны тез
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
242
оқылды

Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің статистикалық мәліметі бойынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстың әрбір екіншісі – пара алу. Соңғы екі жылда жемқорлық бойынша 4,5 мыңнан астам іс тіркеліп, 2 мың адамның үстінен іс қозғалды, олардың 1 300-ден астамы сотталды.

Transparency International ұйымы жарияланған 2020 жылғы жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (көр­сеткіш неғұрлым жоғары болған сайын, қылмыс соғұрлым ушығып тұр дегенді білдіреді) тұр. Пара алу антирекордында Алматы облысы көш бастаған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы, үшін­ші орында Батыс Қазақстан облысы бар. Ал мемлекеттік органдар ішінде ал­ғаш­қы бестікке Ішкі істер, Қаржы, Қорғаныс, Индустрия және инфра­құрылымдық даму және Ауыл шаруашылығы министрліктері кіреді. Бір өкініштісі, жемқор­лардың көпшілігі не шарт­ты түрде сотталады, не үй­қамақта отырады, әйтпесе амнистиямен мерзімінен бұрын босап шығады. Мәселен, күні кеше Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласы­ның бұрынғы әкімі Қуаныш Азыханов Семей қаласы №2 сотының шешімімен абақтыдан босап шықты. Сот экс-әкім заңмен белгіленген жаза мерзімін (1/3) өте­генін айтқан. «Жазаны өтеу кезінде ол өзін жақсы қырынан көрсетті, сот үкімімен процессуалды шы­ғын­дарды төледі, азаматтық арыз-талабы жоқ, жеңілдетілген ұстау жағдайына ауыстырылды, мекеме­нің қоғамдық өмірі мен тәрбие шараларына белсенді қатысты. Осы­ған байланысты ол жазасын то­лық өтеуді қажет етпейді», – де­лінген сот хабарламасында. Естеріңізге сала кетейік, ол биыл мамыр айында аса ірі көлемде пара алды деген айыппен 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Экс-әкім 2020 жылғы 16 және 17 қыркүйекте «Көркем» ЖК мердігер ұйымнан табиғи апаттан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру бойынша орындалған жұ­мыс­тардың актілеріне қол қойғаны үшін 1,2 миллион теңге пара алған. Экс-әкім қаражатты алғаннан кейін қызметтік кабинетінде ұстал­ған. Былтыр маусым айында Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің бұрын­ғы төрағасы Нартай Дүтбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шық­ты. 2017 жылы тамызда Ақмола гарнизоны әскери соты оны «мемлекеттік құпияны жариялағаны» және «қызмет құзыретін асыра пай­да­ланғаны» үшін 7,5 жылға түр­меге қамау туралы үкім шығарған. 2018 жылы қаңтарда дәл осы сот Дүтбаевты ақша жымқыру және оны заңдастыру қылмысын жаса­ғаны үшін айыпты деп тапқан. 2019 жылы қазан айында бұ­рын­ғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. 2018 жылы сот оны жемқорлық қылмысын жасағаны үшін айыпты деп танып, 10 жылға түрмеге қамаған еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мемлекеттік қызметтегі шенді-шекпендіні айтпағанда, пара алып сотты болған министрлердің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының өзі бір қауым. Олардың аты-жөнін тізіп шығуға газеттің беті жетпейді.

Заң талаптары қатаңдатылды

2021 жылғы 8 қыркүйек күні  Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановты қабылдап, биылғы сегіз айдың жұмыс қорытындысы бойынша есебін тыңдады. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту туралы тапсырма берді. Айта кетейік, былтыр желтоқ­сан айында Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлерін, судьяларды, пара беру­шілерді жазалауды қатайтатын бірқатар түзету енгізілді. Бұдан басқа, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүм­кіндігі қарастырылмайтын болды. Жаңа заң күшіне енгенге дейін сот орындары қылмысы үшін жауап­қа тартылған жемқорларды, егер олар «шығын көлемін толық өтесе және тәртіп бұзу ниеті болмаса» мерзімінен бұрын қамаудан босатуға болатын. Енді  Жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы жемқорлықпен сотталған шенеуніктер шартты түрде мерзімінен босап шығу құқығынан айырылады, айыппұл төлеп, жазадан құтыла алмайды және қоныстан­дыру колониясында жазасын өтей алмайды деген еді. Бірақ осы заң­ның  орындалып жат­қанына күмән көп. Transparency Kazakhstan ұйы­мы­ның атқарушы директоры Ольга Шиян Қазақстан 2012 жылы БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы кон­­вен­­циясына, ал 2020 жылы жем­­қорлыққа қарсы күрес жөнін­дегі мемлекеттер тобына (Group of States Against Corruption, GRECO) қосылғанын еске салды. – Мемлекет өзіне алған халық­аралық міндеттемелер Қазақстанды жемқорлық фактісі бойынша жауапқа тартылған ресми лауазымды тұлғаны мерзімінен бұрын қамаудан босатуға болмайтын заң қабылдауға міндеттейді. Әйтпесе, мұны жемқорлыққа қарсы күрес деу­ге келмейді, – дейді Ольга Шиян. Ольга Шиянның айтуынша, Қазақстанда жемқорлық қылмысы үшін сотталған азаматтар мемлекетке келтірген шығынды өтеп, мерзімінен бұрын түрмеден босап шыққан соң ұлттық компания, холдинг, ірі кәсіпорындарға жұ­мыс­қа тұрып, қайтадан мемлекет қаржысы мен активтерін басқарып жүр. Ұйымның 2019 жылғы «Жем­қорлықты қабылдау индексі» есебінде оған жол беруге болмайтыны атап көрсетілген.

Басшы адам қызметкерлері үшін жауапты

Бұған дейін Мемлекет басшысы қол астындағы қызметкері пара алған басшы қызметінен кетуі керек деген болатын. Содан бері пара алды деп айыпталған мемлекеттік қызметкерлердің бірнеше басшылары орнын босатуға арыз жазған. Бірақ бұл ереже бойынша да лауазым иелерінің жазадан құтылып кетуі аса қиындық тудырмайтын сияқты. Тәуелсіз сарапшылар істің бұлай шешілетініне наразы. Олар Қазақстанда парақорлық пен жемқорлық мәселесін шешуге ар­нал­ған заңдар тиісті дәрежесінде жұ­мыс істемейтінін айтады. – Бұл – көзбояу. Мәселені бәрі­­бір заң емес, басшы шешеді. Орынбасарының отставкасын қабылдай ма, қабылдамай ма, оны өзі біледі. Бұл жерде заңның еш қажеті жоқ. Заңға емес, бәрібір жеке адамның пікіріне байланыс­ты. Елімізде жемқорлықпен кү­рес­­ке арналған түрлі бағдарлама, заң мен ереже бар. Соған қарамас­тан Қазақстан әлемде жемқорлық көрсеткіші бойынша алда тұр. Бұл заңдардың жұмыс істемейтінін көрсетеді, – дейді бұрынғы Сенат депутаты Уәлихан Қайсар. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын жүйені сынап, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрінің орын­басарлығы қызметінен өз еркімен кеткен Арман Евниев қабылданған заңда айып жоқ деген пікірде. Ол қол астындағы қызметкер пара алып ұсталса, басшысы жауап беруі керек дегенмен келіседі. Бірақ отставка туралы шешім қабылдарда параның көлемі және басқа да жайттар ескерілуі тиіс деп санайды. – Күнделікті жұмыс барысында жемқорлықтың қылмыс екенін түсіндіріп отыру керек. Ол – кез келген басшының міндеті. Қол астындағы адамдарға жауап беруі керек. Өйткені басшы жауап бермегенде кім жауап береді? Менің­ше, дұрыс заң. Бірақ мұны қатаң сұрау керек немесе заңда бәрі нақ­ты айтылуы керек, – дейді бұрынғы вице-министр Арман Евниев.

Шетелдік тәжірибеден үйренеріміз көп

Жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізудің жақсы бір үлгісі ретінде Грузия тәжірибесін мысал­ға алуға болады. Ол посткеңестік кеңістіктегі жемқорлыққа белшесінен батып, қылмыс тамыры тереңге кеткен мемлекет еді. Бірақ 2008 жылы оларда жоғары билікке жем­қорлыққа қарсы күресу үшін түбе­гейлі реформа жүргізуге дайын мық­ты команда келді. Олар қара­пайым халықпен және бизнеспен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік құрылымдарда реформа жасады. Реформалауды ең бірінші полиция мен сот жүйесінен бастады. Нәтижесінде, айналдырған 1-2 жылдың ішінде грузин елі әлемдегі жемқорлықтан неғұрлым тазарған елдердің біріне айналды. Енді бір мысал, Қытайда жемқорлықтың жазасы ретінде ұзақ мерзімге түрмеге қамау, өлім жазасы мен қол шабу сияқты шаралар көзделген. Тек кейінгі он жылда жұңго елінде 10 мыңнан астам шенеунік жемқорлық фактілері үшін өлім жазасына кесілген. Соңғы уақытта профилактика мақсатында елде парадан бас тарту бойынша арнайы «тай-цзи» сабақ­тары өткізілетін көрінеді. Онда мемлекеттік қызметкерлер медитация, шығыс жекпе-жегі мен әскери жаттығулар арқылы адал жолға түспек. Ресми ақпараттар бойынша, бұл курстарға айына мыңдаған мемлекеттік қызметкер қатысады. Қазақстан үшін жақсы мысал­дың бірі – Гонконг. Кезінде бұл елдің мемлекеттік жүйесінің 94%-ы жемқорлыққа батқан екен. Қазір бұл көрсеткіш тек 2-3% көлемінде. Гонконгта шенеуніктердің өз кіріс­терін жариялауы міндеттеледі. Шенеу­нік жаңадан сатып алған әрбір мүлкін заңды қаржыға алын­ғанын дәлелдеуі тиіс. Бұл талап мемлекеттегі ашықтық пен жария­лылық принциптерінің дамуына негіз болды. Естеріңізде болса, біздің елде де осыдан 7-8 жыл бұрын бірқатар депутаттар мен саясаткерлер мемлекеттік қызметкерлердің мүлік­терін жария ету жөнінде бастама көтерген еді, бірақ бұл іс аяқсыз қалды. Егер халық қалаулылары, министр, әкімдер кірістерін жария­лап тұрса, ол да жемқорлыққа көп тосқауыл болар еді. Сингапур кезінде сыбайлас жемқорлық былыққа батқан мемлекет болатын. Ли Куан Ю бастаған мемлекеттік реформа елді тығы­рық­тан алып шықты. Алғаш­қы­лардың бірі болып соттардың тәуел­сіздігін қамтамасыз ету, жалақылары мен мәртебесін көтеру шаралары жасалды. Ол елдің заңы бойынша жемқорлыққа күдікті атанған азамат алдын ала кінәлі болып саналады. Мұндай шенеунік сот алдында өзінің адалдығын дәлелдеуі тиіс. Қылмыстық іс тек содан кейін тоқтатылады. Сондай-ақ Сингапур мен АҚШ-та жемқорлыққа қарсы тә­уел­­сіз комиссия құрылған. Ұйым парақорларды анықтаумен бірге, профилактикалық  шарамен айналысады. Комиссия жемқорлық күдігі бойынша кез келген ведомствоны тексеруге құқылы. Комиссия жұмысын қоғамдық ұйымдар бақылайды. Егер комиссия мүше­лерінің жұмысы көңілдерінен шық­паса, онда оның орнына басқа біреуді сайлай алады. Жоғарыдағы мысалдар бір кездері жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекеттердің қоғамның жегі құртынан қалай құтылғанының бір үлгісі. Әлемде жемқор­лыққа қарсы күресте әр мемлекет өзі­нің ұлттық менталитетіне, елде қалып­тасқан жағдайына қарай өзіндік стратегия қолданады. Бұл істің нәтижелі болуы үшін, ең бас­тысы саяси ерік-жігер керек екенін осы елдердің мысалынан көре аламыз.

Дәулет АСАУ