Елімізде жыл сайын 2,5 мың адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдығады. Бұл – Қазақстан онкологиялық және радиологиялық институының дерегі. Жалпы, онкологиялық ауруларға шалдыққан 190 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр. Ал дәрігер тексеруінен өтпей, тіркелмеген науқастар бұдан да көп болуы мүмкін екен.
Өзекті мәселе Түркістанда өткен онкологтар мен радиологтардың халықаралық съезінде талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн режимде қатысқан жиынға оннан аса шет мемлекеттен бірқатар білікті дәрігер келді. Бұдан бөлек еліміздің әр аймағынан жүзден аса онколог дәрігер қатысып, қатерлі ісік ауруларын емдеуге қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар қатерлі ісік ерте анықталса, соғұрлым тез жазылатынын айтады. – Халықты уақытылы скринингтен өтуге шақырамыз, тұрғылықты емханаларында профилактикалық тексеруден жылына бір рет өтуге шақырамыз. Бұл ауру қаншалықты ерте сатысында анықталатын болса, онда науқастың жазылып кету мүмкіншілігі 90 пайыздан жоғарылайды, – дейді Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасынан бас онкологы Қарлығаш Омарова. Екі күнге жалғасқан Қазақстанның онкологтары мен радиологтарының басқосуында аурудың алдын алу мәселелері де талқыланды. Себебі науқастардың басым көпшілігі кеселдің соңғы сатыларына жеткен кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінетінін айтады. Ал аурудың үшінші және төртінші деңгейдегі сатысында ісікті жеңу өте қиын. «Ал дәрігердің тексеруінен өтпей, тіркелмей жүргендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін», – деді съезге қатысушылар. Алайда инновациялық жаңа технологиялардың дамыған заманында қатерлі ісікті емдеудің түрлі тәсілдері бар. – Қазір бізде онкологиялық ауруларды емдеудің үш тәсілі қолданылады. Операциялық емдеу, химия және сәулелік терапия. Ал дамыған елдердің білікті ғалымдары бас қосқан мұндай жиындар онкологиялық ауруларды емдеуге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Дәрігерлер бір-бірімен тәжірибе алмасып, науқасты емдеудің жаңа тәсілдерін меңгереді, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологі Дилара Қайдарова. Съезд барысында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мамандары шетелдік хирургтармен бірлесіп онкогинекология, маммология, торакалды онкология бойынша шеберлік сағатын өткізді. Науқастарға нәтижелі ем жүргізу үшін түрлі әдістемелер ұсынылып, арнайы көрмеде заманауи құрал-жабдықтар таныстырылды. Жиын соңында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мен Францияның Кюри атындағы онкологиялық орталығы бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойды.Мадияр ТӨЛЕУ