Ақтауда пластик қызғалдақтар 200 шаршы метр жерге отырғызылды. Ал халық бұл қаражатты желге ұшырғанмен бірдей дейді.
«Ақшаны босқа шашу деп ойлаймын. Пластик гүл әдемі көрінбейді. Тірі гүлді егу керек еді, әдемірек болар еді», «Қыста пластик гүлдер жаман болмайтын шығар. Егер уақытында тірі гүлді ексе одан да әсем болушы еді» деп пікір айтып жатыр ақтаулықтар. Шенеуніктер «Ынтымақ» алаңының алдындағы жасанды көгалды «Гүл алаңы» деп атады. Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Алпысбай Таубаев: «Гүл алаңы» салынып жатыр. Бұл түнде әсемдік жарық болады, күндіз қызғалдақ гүлдері ретінде тұрады. Оның алдында көгалдар бар. Биыл пайдаға жарамсыз болған тірі гүлдердің орнына келесі жылы көктемде жаңа гүлдер отырғызылатын болады. Алдағы уақытта қаламыздың негізгі жасыл желектерін күтіп ұстау, әрі қарай өсіру бағытында 5 жылдық жоспар жасап жатырмыз», – дейді.Декоративтік жарықтандыру жұмыстарын Clover media group ЖШС жүргізеді, Олармен Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі осы жылдың 16 қыркүйегінде келісімшарт жасасты. Жобаның құны 15 404 000 теңгеге бағаланды. Бұл жұмыстарды 20 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Бұған дейін бюджет қаражатынан 43 миллион теңге жұмсалып, Ақтауда «Жұлдызды аспан» инсталляциясы да орнатылған болатын.
М.ТӨЛЕУ