Сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты

Сыбайлас жемқорлық мем­лекетіміздің негізгі құн­дылығы – тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Ол қоғамның мем­лекетке деген сеніміне селкеу түсіріп, елдің әлеу­меттік-экономикалық және рухани өрлеуіне айтарлықтай кедергі келтіреді және ел игі­лігі үшін атқарылып отырған барлық іс-шараның тиімділігін тө­мен­детеді.

«Nur Otan» партиясының «Өз­герістер жолы: әр азаматқа лайық­ты өмір!» сайлауалды бағдарла­масында: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қүресте басты міндет – қо­ғамда заңсыздыққа қарсы ортақ түсінік пен құқықтық сананы қа­лыптастыру, мемлекет пен қоғам­ды осы әлеуметтік дертпен күреске жұмылдыру» делінген. Осыған орай «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес­тің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Сайын Қуанышев­тің жетекшілігімен ұйым­дастырылған жиында білім беру саласы бойынша партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» орын­далуы талданды. Қоғамдық кеңестің жұмыс тобының жетек­шісі Жанна Шаяхметова баяндама жасап, сараптама қорытындысын жария етті. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің, Атырау облысы бойынша Эконо­микалық тергеп-тексеру департа­ментінің, Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департа­мен­тінің, Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мәлімет­теріне сүйене отырып, 2018-2020 жылдары және 2021 жылдың 9 айы аралығында білім саласы бойынша тір­келген заңбұзушылықтар факті­лерін атап көрсетті. Талқылау ба­ры­сында кейбір мемлекеттік меке­ме­лерде және кәсіпорындарда мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарының сақталмайтыны, шарт бойынша оған жауапты қызметкерлердің өз міндеттеме­ле­рін тиісті деңгейде орындамай­ты­ны, соның салдарынан жемқор­лық­қа жол беру қаупі қалыптасаты­нына назар аудартты. «Жемқорлықпен күрес – ке­шенді түрде жүргізілетін іс-шара. Сондықтан кемшіліктерді болдыр­маудың бір тетігі – оның алдын алу. Әсіресе, білім саласына қатыс­ты олқылықтар кешірілмейді. Өйт­кені болашақ ұрпақ тәрбиесі – зор жауапкершілік»,– деді Жанна Шаяхметова. Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Сайын Қуанышев ұсы­ныс-пікірлерді тыңдап, құ­зырлы органдарға нақты тап­сырма жүктеді.

Дәулет АСАУ