Газ саласы еліміз үшін қаншалықты маңызды болса, ондағы қызмет те қаупі өте жоғары және асқан жауапкершілікті талап етеді. Осыны ескерген «ҚазТрансГаз» ұлттық операторы қызметкерлерінің тәжірибесін шыңдау және жұмысшыларды ынталандыру үшін жыл сайын «Үздік маман» байқауын ұйымдастырып келеді. 2000 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан байқау былтыр ғана пандемия жағдайына байланысты болмады. Биыл акционерлік қоғам барлық карантин талаптарын сақтай отырып, Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының маңында орналасқан оқу-курстық комбинатының жаңа полигоны базасында, яғни ашық алаңда «Үздік маман-2021» дәстүрлі кәсіби шеберлік байқауының финалын өткізді.
Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын Оқу-курстық комбинатының полигоны барлық талапқа сай толық жабдықпен қамтылып, жақында ғана салыныпты. Салтанатты шарада лентаны қиған «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бахтияр Ізбасаров жаңа полигонның ерекшелігін атап өтті. « Бұл база – оқу комбинатындағы әзірленген әдістемелік құралдардың сапасы жағынан еліміздегі бізге ұқсас оқу орындарының арасындағы көшбасшысы. Сонымен бірге полигон газ саласының техникалық мамандарын оқыту сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын 48 лауазым және түрлі мамандық бойынша 10 мың қызметкер оқытылады. Сабақтар мен емтихандар қашықтан жүзеге асырылып, түрлі вебинар өткізілетін болады. Ал оқу процесін практикалық тәжірибесі мол оқытушылар жүргізеді», – деді ол. Бұл полигон ангарлық үлгідегі үлкен ғимараттан тұрады екен. Онда оқу сыныбы, макеттер, тренажерлар және қимадағы жабдықтың табиғи үлгілері орналастырылған. Полигон аумағында сондай-ақ жұмыстың нақты жағдайына барынша жақындатылған жабдықтар, автоматты газ тарату стансасы, шкафтық газ реттеу пункті және газ құдығы бар өңірлік газ шаруашылығының алаңы, сонымен қатар дәнекерлеу бекеттері де бар. Бахтияр Ізбасаров байқаудың компанияға да, қатысып отырған үміткерлерге де берері көп екеніне тоқталды. Жұмысшылардың кәсіби шеберлігін жетілдіріп, теориялық базаны практика арқылы жетілдіріп отыруды көздейтін бұл байқау арқылы жастар газ тасымалдау жүйесінде өздерінің мүлт кеткен тұстарын байқап, өзге қатарластарымен тәжірибе алмаспақ. Финалдық байқауда 15 конкурстық мамандық бойынша 92 үміткер бақ сынады. Үміткерлер екі күн бойы өздерінің саласы бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Байқау комиссиясы қатысушылардың өндірістік алаңда орындаған жұмыс сапасын, еңбектің ұтымды және қауіпсіз тәсілдерін қолдануын бақылады. Сондай-ақ мұнда қатысушының өндірістік дербестік дәрежесі, тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақыты, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдылары да бағаланды.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы