Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі мемлекет қарауына берілді. Музей-үй бұл шешімді 28 жыл бойы күтті. Неге? Біз бұл сауалымызды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі «Тіл – құрал» ОӘҒЗО директоры Райхан Имаханбетке қойдық.
– Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі мемлекеттің меншігіне көшті. Құтты болсын! Бұған дейін қала меншігіне өтпеуіне не себеп болды? – Иә, рақмет! Ұлт ұстазының тағылым мектебінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы баршамызға қайырлы болсын! Шындығында, кезінде қала меншігі болған «мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енген» осынау құнды жәдігердің 1995 жылы жекеменшікке берілуінің өзі өрескел қате еді. Өкініштісі сол мұның егжей-тегжейіне үңілген жан болмады. Әрі сол кезеңдегі нарықпен келген «жекешелендіру» деген үдерістің салдарынан мәдени мұраның басым бөлігі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені» баршаға мәлім. 1993 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі болып ұйымдастырылуы тиіс бұл тарихи ғимарат жекеменшік қордың меншігі болып шыға келді. Әлбетте, жекешелендіріп алған тараптың кері не себепті қайтарғысы келмейтіні айтпаса да түсінікті... Әрі бұл өзекті тақырып 2002 жылдан бері БАҚ бетінде сан рет көтерілген-ді. – Ұзақ жылдар бойы мұражай-үйді кім қаржыландырып келді? Қалай сақтадыңыздар? – Әлбетте, мұражайды жекешелендіріп алған қор оны қаржыландыруға мүдделі. Бірақ тұлға атынан ашылған бұл қордың әлеуеті оған жетпеді. Мәселен, Алматы қаласы әкімінің 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі №360 шешімде нақты ресми атауы көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар құжат бойынша мұражай маңдайшасына мекеме атауын жаздыртып ілдіртуге, ал құзырлы органдарға заңды тіркетіп алуға әбден болатын еді. Өкініштісі, қор тарапынан мұндай игілікті іске ықылас болмаған. Қордың жарғысында қарастырылған міндеті болып табылатын А.Байтұрсынұлының еңбектерін басып шығару, шығармаларын насихаттау және тарату, сонымен қатар мұражай-үйін ұқыпты ұстау және экспонаттармен толықтыру тағы-тағы осы сынды мақсат-міндеттер сөз жүзінде межеленгенмен, іс жүзіне асыруға қажетті деңгейде ден қойылмады. Осының салдарынан 1999-2005 жылдар аралығында мұражай-үйдің ахуалы сын көтермейтін халге жетті. Мұны БАҚ пен жергілікті телеарналарда өзекті мәселе етіп көтерген менімен «жауласты». Мұражайдың сақталуына тікелей мұрындық болған мемлекеттің өзі. Мәселен, 1997-1998 жылдары Үкімет тарапынан ғалымның 125 жылдық меретойына орай, Республикалық бюджеттен ақша бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жартылай атқарылды. 2006-2007 жылдары Алматы қаласы әкімі И.Тасмағамбетовтің қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің тарапынан жылу тасымалдайтын құбырлардың жарамсыз болып қалуы салдарынан 3 жыл бойы тоқтап қалған жылуды қосу ісі қолға алынды. Істен шыққан құбырлар қайта жасақталды, ағымдағы бірқатар жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша ауық-ауық бөлінген жергілікті бюджеттің арқасында «Ахмет Байтұрсынұлы мұражайы экспозициясының ғылыми тұжырымдамасы және тақырыптық-экспозициялық жоспары» қайта жасалып, мұражайда жаңа тіршілік басталды. Ахметке өзі тұрған үйді қимайтындар табылып, жік шығарып, түрлі қитұрқы іс-әрекеттерге барғандар да болды... Мұражай-үйіне үйірілген «қара бұлтты» сейілтудің жолын іздеп шырылдағанымда, қаншамасы сырт айналды?! Ахаң үйіне араша сұраған тұста өз үнін қосқан басылым – «Ана тілі» апталығы мен «Түркістан» газеті болса, теледидардан ел назарын қаратқан тек – «31-канал» еді. Міне, осылайша төртінші биліктің атсалысуымен жоқ-жоқ «жоспарланбаған» жәрдемдер болып тұрды. – Мемлекет меншігіне өтсе, енді қандай жеңілдіктер болады? – Осы уақытқа дейін мұражайда штат болған емес. Айтуға да ұят. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, 26 жасымнан осы мұражайда негізгі кәсібім оқытушылықпен қатар, қоғамдық негізде «күлімен кіріп, отымен шығып» келемін. Қазір жасым – 54-те, осы аралықта қор тарапынан айлық былай тұрсын, алған алғысым жоқ. Қаламымды күрекпен алмастырған күнім көп. Туыстарым, қоғам белсенділері, ҚазҰУ-дегі ұжымым мен студенттеріме рақмет, уақыт тауып көмек қолын созатын. Мемлекет штат береді. Тұрақты айлық береді. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі мемлекеттік мекеме деп айтқанның өзі қандай мәртебе! Тарихи тұлға – жекешелеп алатын зат емес. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері. Саналы ғұмырын ұлтына арнаған халық адамы. Ендеше, оның мұрасын іздеуші де, жоқтаушы да, насихаттаушы да – халық пен мемлекет! Демек, халқы үшін құрбан болған қайран ердің қамқоршысы да, қолдаушысы да мемлекет! – Келесі жылы ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы. Қандай игі шаралар атқарылмақ? – Жоспар көп. Ғалымның төл туындылары, оның ғұмыр жолы мен шығармашылығына арналған кітаптарды қайта шығару; ЮНЕСКО көлемінде атап өту үшін арнайы комиссия құрамы жұмыс істеуде, оның нәтижесі алдағы қараша айында белгілі болады деп күтудеміз. Ең бастысы, жылдар бойы шешімін таппай шиеленіскен өзекті мәселенің нүктесін қойып берген қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мұражай-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы қаулысы ғұламаның 150 жылдығына арналған іс-шараның ең ізгі шашуы болды.P.S.
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің мемлекет меншігіне өткеніне қуанбаған қазақ кемде-кем. Алайда Алматыда музейі болуы тиіс тағы бір Алаштың қадірлі тұлғасының бірі – Санжар Асфендияров. Алаш қайраткерінің үйі де қараусыз қалып қойыпты. Тарихшы Алмас Жүнісбай «Алматыда Санжар Асфендияровтың үйі бар. Бұл үйдің қазіргі күйі нашар, күрделі жөндеу және реставрация жұмыстарын талап етіп тұр. Бұл үй Алматы қаласының тарихи нысандар тізіміне кіргенімен, түрік консулдығының жерінде тұрған соң, қалалық әкімдіктің онымен шаруасы жоқ. Ол үйде Санжармен бірге Хәлел Досмұхамедұлы да тұрды емес пе? Оның дәлелі ретінде үйдің қабырғасына бір емес, үш бірдей ескерткіш тақта орнатылған. Олардың бірде-біреуі көрінбейді» деп жазды. Санжардың үйі бар да, музейі жоқ. Бір музей ашып беруге қауқарымыз жетсе де, өкінішке қарай, әлі күнге орындалмай келеді. Қираған үйді қалпына келтіріп, музейге айналдыруға болар еді. Әттеген-ай, дейсің...
Әңгімелескен Айым БЕКТҰР