Жыл өткен сайын елімізде азық-түлік бағасы халықтың қалтасын қағып, қос бүйірден қысып жатқаны жасырын емес. Осыған орай Жамбыл облысында тұрақтандыру қоры құрылып, бағаның бұлқынуына жол берілмейді деп күтілген. Алайда бүгінде осы қорға қатысты айтылып жатқан шағым да, жазылып жатқан арыз да көп. Ал жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасы тағы бір «былықтың» бетін ашып, қордың басы дауға қалды.
Диқандар қалай қарыз болып отыр?
Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасы ресми сайттарында картоп бағасына қатысты ақпарат жариялады. «Бүгін Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында Жуалы аудандық картоп өсіруші шаруалардың мәселелері талқыланды. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың күзінде «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамы мен жуалылық 11 шаруа қожалығы арасында 144,8 миллион теңгеге қарыз беру туралы келісімшарт жасалған. Келісімшарттың мақсаты – облыстың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Сол себепті де шаруаларға жеңілдетілген 0,01 пайызбен несие берілген болатын. Сондай-ақ келісімшартқа сәйкес, қарыз алушы кәсіпкерлер 2021 жылғы өнімнің 50 пайызын келісіне 65 теңгеден аспайтын бағада өткізуі тиіс. Бұл облыстық тұрақтандыру қорының мұқтажын өтеуге қажет», – деген кәсіпкерлік палатасы осы несиені шаруалардың өтемей жатқанын айтып, дабыл қақты. Енді бұл несие қайдан келді дегенге келер болсақ, былтыр облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен диқандардың сапалы тұқым сатып алуы үшін 0,01 пайызбен несие берілген болатын. Несиені қайтару уақыты бір жыл деп белгіленіп, еңбек адамдары жинаған өнімдерінің 50 пайызын 65 теңгеден тұрақтандыру қорына өткізуге міндеттелген. Алайда кредитке алған тұқымның сапасының нашарлығына байланысты биыл еңбек адамдары жоспарлы өнімін жинай алмай, келісімшартта көрсетілген талапты да орындай алмай отыр. Осыған байланысты шаруалар шу шығарып, «бұл нағыз тонау» деп отыр. Иә, тұқым сапасыз болса, одан диқандар қайдан жақсы өнім алсын? Ал қолдарында бар азын-аулақ картопты нарық бағасынан үш есе арзан бағаға беру қожалықты тоқырауға әкелетіні анық. Сондықтан шаруалардың жанқайы орынсыз дей алмайсың. Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың айтуынша, елді мекенде 10 шаруа қожалығы тұқым үшін несие алған екен. Алайда бірде-біреуі несиесін қайтара алмаған. – «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы аудандағы 10 шаруашылық 0,01 пайызбен несие алды. Осы қаржыға олар Қарағанды облысындағы «Астра-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тұқым әкелді. Алайда тұқым сапасыз болып шығып, ойдағыдай өнім бермеді. Оған қоса, құрғақшылық бір бүйірден қысып, шаруалар қиналды. Соның салдарынан алған несиелерін қайтара алмайды. Қазір олар тұрақтандыру қорына келісімшартта көрсетілгендей 65 теңгеден емес, нарықтағы бағадан 20-30 пайызға арзан 110-120 теңгеге сатуды сұрап отыр, – дейді бөлім басшысы.Шаруа неге шырылдайды?
Осы орайда сапасыз тұқым алып сан соғып отырған шаруалардың өздеріне хабарласып, мән-жайды білген едік. – Биыл Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауының арқасында шаруалар несиеге тұқым алды. Алайда Қарағанды өңірі суық болғандықтан, тұқым бізге жерсінбеді. Нәтижесінде, еккен тұқымның 30 пайызы шықпай қалды. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімдігіне де, тұқым сатқан «Астра-Агро» ЖШС-на да хат жолдадық. Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасынан келген комиссия картоп еккен алқабымызды тексеріп, тұқым сапасыздығы мен өнімнің сирек шыққанын растады. Қазір аудандағы шаруалардың алды 10 миллион теңге несие алған. Келісімшарт бойынша 5 миллион теңгеге картопты 65 теңгеден тұрақтандыру қорына беруіміз керек болатын. Алайда онсыз да аз шыққан өнімін шаруалар ең төменгі бағамен беретін болса, онда банкротқа ұшырайды, – дейді «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев. Оның айтуынша, диқандар несиені төлеуден қашпақ емес. Бірақ бағаны жерге ұрмай, нарықтық бағадан 20-30 пайыз арзандатып берейік деген өтініш айтып отыр. Оған келіспесе, несиені қайтаруға тағы бір жыл мүмкіндік берілгенін қалайды. «Жуырда Ауыл шаруашылығы басқармасынан адамдар келіп, шаруалармен сөйлесті. Екіжақты пікірлесуден кейін алған несиеміздің үстіне 1 пайыз айыппұл қосылатын болып шешілген. Сондай-ақ диқандар тұрақтандыру қорына 100 теңгеден картоп өткізетін болып уағдаласқан. Бұған барлық шаруа қожалығы келісіп, 4-5 тоннадан беретін болған. Алайда кеше облыста диқандарға салынатын айыппұл көлемін 10 пайызға өсіру қажеттігі туралы әңгіме айтылып жатқанын естідік. Егер солай істейтін болса, жағдайымыз мүшкіл болғалы тұр», – дейді Керімқұл Бегалиев.Тығырықтан шығатын жол бар ма?
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Сауда және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Арман Түймебаев тұқымды шаруалардың өздері таңдағанын алға тартып отыр. – Тұқымды арнайы таңдау үшін бір-екі шаруашылық төрағасын ілестіріп, Солтүстік Қазақстан облысына бардық. Біздің тараптан «мынаны ал» дегендей ешқандай нұсқау болған жоқ. Тұқымды шаруашылық төрағаларының өздері таңдап, келген соң диқандардың басын қосып, олар бірауыздан тұқымды бір шаруашылықтан алатын болып келісілді. Біздің мақсат – шаруаларды шырылдату емес. Тек олардан уәде етілген өнімді алу. Себебі қазір қорда бар-жоғы 150 тонна ғана картоп қалды. Еңбек адамдарына түсіністікпен қарағанымызбен, мемлекеттен алынған 144,8 миллион теңге кері қайтарылуы керек, – дейді А.Түймебаев.P.S.
Әрине, мұндай жағдайда біреудікі дұрыс, әлде бұрыс деп айту қиын. Сапасыз тұқым алып, сан соққан шаруаларды да, берген қаржыны қайтара алмай отырған жауапты мекемені де түсінуге болады. Алайда тығырықтан шығатын бір жолды табу керек. Текетіресіп, екіжақты кикілжің тудырғаннан мәселе шешілмейді. Оның зардабын әлеуметтік өнімді күтіп отырған қарапайым халық көреді. Сондықтан бұл мәселеге облыс әкімінің өзі араласып, «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жолды тапқаны жөн-ау...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы