«Бұдан былай қазақ тілі – міндетті, орыс тілі – қалауы бойынша»: отандық ақпарат құралдарындағы осы тақылеттес, тақырыптас жаңалықты солтүстік көршідегі әсіреимперияшыл күштер буынсыз жерге пышақ ұрғандай қабылдапты. Ресей пропагандасы жыны ұстаған бақсыдай еліріп, зіркілдеп қоя берді. Бірақ оған, тіпті де негіз жоқ. Қазақстан азат мемлекет ретінде мемлекеттік тілін нығайту ісін бірізді, жүйелі түрде жалғастырып жатыр. Ал орыс тілін шектеген ешкім жоқ. Мәжіліс құптаған заң Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту болғалы тұр.
Көршідегі қаскөй күштер босқа кіжінеді
Негізі, жарнама немесе өзге де көрнекі жазулар орыс тілінде жазылмасын деген талап жоқ. Қолданыстағы заңнамада керісінше, реквизиттер мен көрнекi ақпаратта орысшасы қазақшамен қол ұстасып, қатар жүретіні көрсетілген: «Екі тілдегі мәтін келесі ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына не жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына не төменгi жағына орналасады». Оны аз десеңіз, қазақшасы да, орысшасы да бiрдей өлшемдегi әрiппен жазылады! Бұрыннан бар бұл тәжірибе-талап ары қарай сақталады. Ең құрығанда, мұндай жағдайда «мемлекеттік тілдегі мәтін ірілеу қаріптермен терілсін» деген талап енгізуге болар еді. Тағы бір жайт назар аудартады: сөз болып отырған «Кейбір заңнамалық актілерге көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын Мәжіліс 2021 жылғы 24 ақпанда І оқылымда мақұлдады. Сонда шулаған ешкім болмаған еді. Мәжіліс 6 қазандағы жалпы отырысында осы аса маңызды жобаны енді екінші оқылымда құптап, Сенатқа жолдады. Алда оны сенаторлар қарайды. Яғни, заң жобасы әзірге Президенттің қол қоюына да түскен жоқ, күшіне де енген жоқ. Өмірге қашан жолдама алатыны белгісіз, оның қабылданар-қабылданбасы жоғарғы палатаға тәуелді. Сақ сенаторлар Мәжілістің ұлтжанды депутаттары енгізген өзгерістерді сылып алып тастамаса болғаны. Қолданыстағы 1 кодекске және 16 заңға түзетулер енгізетін бұл заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің тең түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу. Депутаттардың айтуынша, бұл жерде мәселе өзге тілді кемсітуде емес, әбден аяқасты болған мемлекеттік тілді көтеруде. Әйтпесе, жарнамалардың, маңдайшалардың қазақша мәтіні тілдің абыройын түсіруде, қазақтілділердің құқығына нұқсан келтіріп жатыр. – Бүгінде халықты мемлекеттік тіл мәселесі алаңдатады. Сайлаушылар жиі көтеретін мәселенің бірі – көрнекі ақпараттағы қазақша мәтіннің сауатсыздығы. Көбіне, тіпті қазақ тіліндегі мәтіні болмай шығады. Осыны ескере отырып, жобада нақты талаптар енгізілді. Атап айтқанда, елді мекендердің, басқа географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақы атауларын тек мемлекеттік тілде жазуға, мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс тілінде жазуға, жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазуға, хабарландыру, жарнама, прейскурант, ас мәзірі, баға көрсеткіштері, жол нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және басқа тілдерде орналастыруға бағытталған түзетулер енгізілді, – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали. Сондай-ақ Денсаулық кодексіне дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар нұсқаулықтарының, таңбасының, стикерлерінің барлық мәтінін «Тіл туралы» заң талаптарына сәйкес, түпнұсқалық пен орфографияны сақтап жазуға міндеттейтін толықтыру енгізілді. Әйткенмен Мәжілістегі тіл жанашырлары бірқатар игі ұсынысының өтпей қалғанына қынжылады. «Сондықтан мемлекеттік тілге қатысты бөлек заң жобасын дайындап, оларды сонда кең көлемде қарастыруға ұйғардық. Ал мына түзетулер қоғамда, ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жиі көтеріліп жүрген қазақ тілінің мәртебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады. Бұл ұсыныстар әрбір азаматтың, әсіресе кәсіпкерлердің тілге қатысты жауапкершілігін күшейтеді», – деді жұмыс тобының жетекшісі.«Сапалы әйел», «бай таңда!»
Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті бұл проблеманың аса өзекті екенін, сол себепті Парламентте қаралып жатқан заңның өте маңызды әрі қажетті екенін атап өтеді. «Ғимараттардың кіреберісінде, шатырлар мен қасбеттерде, өзге де орындарда орналастырылатын жеке және заңды тұлғалардың атауы, қызмет түрі туралы және өзге ақпараттардың, маңдайшалардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде грамматикалық және стилистикалық қателерге шектен тыс жол беріледі. Бұл қоғамның теріс реакциясын туғызады. Шетелдік азаматтар алдында ел беделіне нұқсан келтіреді. Қазақ тілінде жазылғанды қазақтілділердің өзі түсіне алмайды. Бұл тұтынушылардың жалпы сауаттылығына теріс әсер етеді. Мұндай маңдайшалар азаматтардың тіл таңдау, сол тілде дұрыс, қолжетімді ақпарат алу құқығын шектейді», – деп мәлімдеді Тіл комитеті.Мемлекеттік тілге қатысты түзетулер еріккеннен жасалып отырған жоқ, ол қажеттілік: Қазақстанда көптеген адам әлі күнге мемлекеттік тілді білмейді, салдарынан тұтынушылар сауда орындары мен әртүрлі ұйымдарда қазақ тілінде қызмет ала алмайды. Осы орайда ең құрығанда қазақ тілінде ақпараттардың болуы маңызды. Әзірге, сорақысы сол, көп жерде ақпарат тек орыс тілінде орналастырылады. Заң жобасы осы кесір тәжірибеге тосқауыл қоюы тиіс.«Ең жиі кездесетін проблемаларға маңдайшалардағы орфографиялық және стилистикалық қателерді, қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің қазақ тілін білмеуін жатқызуға болады. Мұны азаматтар Конституцияның 14-бабында бекітілген өз құқықтарын аяққа таптау деп есептейді», – деп дәйектейді Тіл комитеті заң жобасына қатысты талдамалық нысанында. Ведомство еліміз бойынша кәсіпкерлік субъектілердің қызметіне талдау жүргізе келе, жиі кездесетін бұзушылықтарды анықтады. Біріншіден, маңдайшалар тек бір тілде, орыс тілінде жазылады. Екіншіден, көрнекі ақпараттың қазақша және орысша мәтіндерінің мағынасы мен мазмұны сәйкес келмейді. Мысалы, жарнамалардың бірінде «Бай таңда!» деп жазылған екен. Бірақ мұның жеңгетайлыққа еш қатысы жоқ, тек «Богатый выбор!» дегенді білдіреді. Кейде «Көңіл!» деген жазуды байқауға болады, онысы «Внимание!» (дұрысы: Назар аударыңыз!). Тіл комитеті көрнекі ақпараттардағы оғаш, қисынсыз өзге де аудармаларды мысалға келтірді. Мысалы, ас мәзірінде «лимон дәмі бар қара шай» деп көрсетіліпті. Бірақ осы ақпаратқа сеніп, тапсырыс берген қазақтілді азаматтың көңілі қалуы, мұның арты шиеленіске соқтыруы мүмкін. Себебі даяшы жасыл шәй әкеледі: әлгісі «чай зелёный со вкусом лимона» дегенді тәржімалаған түрі екен. Бұдан бөлек, «төмен бағалармен қасиет техникасы – качественная техника по низким ценам» (дұрысы: төмен бағадағы сапалы техника), «Еркек киімнің салоны – Салон мужской одежды» (дұрысы: ерлер киімі салоны), «Сапалы әйелдер іш киімі – Качественное женское нижнее белье» (дұрысы: сапалы әйел емес, әйелдердің сапалы іш киімі), «тілек қосуға болады – по желанию (дұрысы: қалауы бойынша), «баспасөз үшін сарымсақ – пресс для чеснока» (дұрысы: сарымсақ сыққыш), «салмакка киім – одежда на вес» (дұрысы: өлшеулі киім). Ал цыпленок табака дегенді «темекі тауық» деп жаппай аударып жүр. Бұл сөз түріктің «табак» (табақ) сөзінен алынған. Ендеше «табақ балапан» деген жөн. Үшіншіден, мәтіндер қазақша жазылғанымен, оларда емле қателері өріп жүреді: мысалы, ашык, дукен, уялы телефон, төмең бағамен, токыма бүйымдары және басқасы.
Одақтастардың озық тәжірибесін қабылдасақ
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, кейінгі жылдары қазақстандықтар тарапынан көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілге қатысты заңнама талаптарының бұзылғаны туралы шағым көбейіпті: жергілікті әкімдіктерге 2016 жылы – 4 665, 2017 жылы – 10 441, 2018 жылы – 12 886, 2019 жылы 12 900 шағым түсті. Жұрт карантинге қамалған 2020 жылы өтініш саны азайды: былтыр көрнекі ақпарат бойынша қауырт желіге (call center) 3 442 арыз айтылған. Сол себепті заң жобасында көрнекі ақпараттың мәтініне Тіл комитетінің келісімін алу туралы норма енгізілген. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Ресейде, Украина мен Беларусьте уәкілетті меморганның рұқсатынсыз маңдайша орналастырылмайды. Ведомство ұсынып отырған өзгеріске сәйкес, маңдайша орналастырғысы келетін ұйым кемінде 5 жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жібереді. Хабарламаға маңдайшаны орналастыру орны туралы ақпарат және маңдайшаның қазақ-орыс тілдеріндегі эскизі қоса беріледі. Осыдан кейін әкімдік маңдайша мәтінінде грамматикалық, орфографиялық қатенің жоғын, мәтіннің дұрыс аударылуын қарайды. Жергілікті атқарушы орган түзету-ескертпелерін 4 күн ішінде беруі тиіс, мұндай жағдайда маңдайша сол ескертпе ескерілген жағдайда ғана орналастырылады. Егер шенеуніктер созбалаңға салып жіберсе, 4 жұмыс күні ішінде жауап ұсынбаса, өтініш беруші маңдайшаны өзі мәлімдеген күйде орналастыруға құқылы болады.P.S.
Заң жобасын пысықтауда үлкен іс тындырылғаны байқалады. Жұмыс тобы барлық мүдделі тараптың – бизнесмендер құқығын қорғайтын «Атамекеннің», тілге жанашыр «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы өкілдерінің, басқа сарапшылардың пікірін ескерген. Осының арқасында заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірауыздан («жақтағандар» – 98, «қарсылар» – 1) қабылдады деуге болады. Құжат басы артық түзеп-күзеуге ұшырамай қабылданса, еліміз көшелердегі мемлекеттік тілде қате жазылған ақпараттан арылады деген сенім бар.
Айхан ШӘРІП