Оңтүстік өңірде мектеп жасындағы балалар арасында әлімжеттік фактілері өршіп тұр. Жуырда Түркістан қаласында 5-сынып оқушысын сыныптасы соққыға жығып, өлтіріп қойған. Ал Шымкент қаласында бастауыш сынып оқушысын сыныптасының әжесі келіп, мұғалімнің көз алдында ұрып кетті.
Бар кінә мектепте ме?
Түркістан қаласындағы №18 мектеп-гимназиясы 5-сынып оқушысы 10 жасар Рамазанның өлімі түркістандық құзырлы орган қызметкерлерін тік тұрғызды. Рамазанды туғаннан бауырына басқан әжесі Гүлнар Маханованың еңірегенде етегі жасқа толып отыр. «Бар кінә мектепте», – дейді ол. Немересінің өліміне сыныптасының қатты соққысы себеп болғанын айтады. «Балапанымды сыныптасы әжетханада аямай ұрған. Бір емес, бірнеше рет ұрыпты. Сәрсенбі күні жамбасынан, бүйрегінен тепкен екен. Өз қолыммен ұстап, көгергенін көрдім. Балам қорыққаннан қанша күннен бері айтпай жүрген. Мектеп мұғалімдері қайда қарап жүр? Неге көрмейді?» деп аһ ұрды қапыда балапанынан көз жазып қалған әжей. Ал Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі оқиғаны былайша түсіндірді. Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Рамазан Жақыпбек 11 қазан күні 6-сабақта мазасызданып отырған соң оны денешынықтыру пәнінің мұғалімі ағасымен бірге үйіне қайтарған. Содан кешкі уақытта тағы мазасы қашқан соң үйіндегілер 2 рет жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға алып кеткен. Жасөспірім таңға жақын ауруханада қайтыс болыпты. Рамазанның әкесі ертеректе өмірден өтіп кеткен екен, жалғызбасты анасы, әжесі бар. Әжесі Гүлнар 11 қазан күні немересін ертіп, мектепке келген екен. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мереке Тоқбергеноваға жолығып, осыдан 5 күн бұрын үзіліс кезінде сыныптасы Ерасыл Нағашыбаймен әжетханада қол жууға таласып, бір-бірінің иықтары тиіп кеткенін айтқан екен. Мектеп әкімшілігі ол кезде ешқандай төбелестің немесе ұрып-соғу, қол жұмсау фактісі болмағанын, балалар бір-бірімен ары қарай ойнап кеткенін айтады. Оқиға 6-сы күні болса, 7 қазанда мектеп психологі өткізген «Алақай, мен 5-сыныпта оқимын» тақырыбындағы психологиялық тренингке Рамазанның жақсы қатысып, көңілді отырғаны туралы да айтылған. Одан кейін 11-і күні ауырып, үйіне кетіп қалған баланың 12 қазанның таңында қайтыс болғанын ювеналды полиция қызметкері хабарлайды. Бұл – Адами әлеуетті дамыту басқармасы ұсынып отырған ақпарат.«Ол баланы барлығы ұрады екен ғой»
Бұдан бөлек, мәліметте мектеп әкімшілігінің оқушының үйіне барып, нағашы әжесімен сұхбаттасқаны айтылған. Онда әжесінің айтуы бойынша, бала мазасызданып, оқыс қылықтар жасапты, балағат сөздер айтыпты. Сондықтан баланы молдаға да апарған екен. Баланың дене қызуы 39 градусқа көтерілген соң жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген. Демек, баланың басына соққы тиіп, психикасы бұзылған сыңайлы. Мұны Түркістан қаласындағы орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанат Букебаева да растап отыр. «Бала шошып оянып, психикалық ақаулары болған. Соққыға жығылған соң шамалы психикалық жағынан қозу орын алған. Мидың жабық травмасы, мидың шайқалуы, ісінуі, ми тінінің қысылуы болған. Сөйтіп, бізде аспирациялық синдром деген диагноз қойылып, сот медициналық сараптамаға өткізілді», – дейді дәрігер. Ал мектеп директоры ат-тонын ала қашып отыр. №18 мектеп-гимназиясының директоры Уәлихан Бейсенбаев мектепте ұрып-соғу оқиғасының тіркелмегенін, медицина қызметкеріне ешкімнің жүгінбегенін айтып әлек. «Егер ондай оқиға болса, тіркелер еді», – дейді ол. Баланы соңғы сапарға аттандырып болған соң жәбірленушінің туыстары мектепке баса-көктеп кіріп, бүлдіршіннің өліміне жауап беруін талап етті. Біртоға жүретін Рамазан ауырсынуы жанына батқан соң әжесіне болған оқиғаны айтқан екен. Естуінше, қайтыс болған бала сыныптасына сұраған ақшасын тауып бере алмаған. Ал ұрып-соқты деген Ерасылдың туыстары да осы кезде білім ордасына келіп, өздерінің кінәсіз екенін айтып бағуда. «Ол баланы барлығы да ұрады екен. Бұл өзі жуас бала екен ғой. Біздің де жанымыз ашып тұр», – деді Ерасылдың туыстарының бірі.Бүлдіршінді ұрған әжей 29 мың теңгемен құтылды
Ал күні кеше Шымкентте 1-сыныптың оқушысын сабақ үстінде ұрып кеткен әжейге қатысты сот болды. Естеріңізде болса, 13 тамыз күні Шымкенттегі ақылы мектептің біріндегі дайындық сыныбына барып жүрген оқушыны сыныптасының әжесі келіп ұрғаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған болатын. Таяқ жеген баланың анасы да мектеп мұғалімі екен. Өзін Жанар Жаппарқұлова деп тапсырған ол сот шешіміне риза емес екенін айтады. Ұлына қол көтерген әжейдің отбасы шенді қызметкерлер екен. «Ол ата-аналарға арналған топта маған өрескел сөздер де айтты. Менің сотқа жүгінгенім үшін құзырлы органда қызмет ететін баласына нұқсан келетінін айтып бейәдеп сөйледі. Сонда оның ұлының абыройы бар да, менің ұлым ол үшін көк тиын ба?», – дейді ашынған ана.«Адам құны гүлден де төмен екен»
«Сот отырысы бір рет қана болды және мені онша сөйлетпей, істі тез бітірді. Бар болғаны 29 мың теңге айыппұл салды. Сотта ол әйелден «неге ұрдыңыз?» деп сұраған да жоқ. Тіпті, мен бұл әйелдің бұрын бірнеше мәрте істі болғанын да осы кезде білдім. Судья шешімді оқыған кезде оның қандай баптар бойынша істі болғанын жеке-жеке атап кетті. Мені сөйлетпеді. 29 мың айыппұл салды да, істі жаба салды», – дейді Жанар Жаппарқұл. Жәбірленуші сонымен бірге өткен жылы қызғалдақ жұлғанға 9 миллион айыппұл салған жағдайды еске алып, баласының құқы гүл құрлы қорғалмағанына қапаланды. «Сонда адамның құны гүлден де төмен болғаны ғой» деп ашынды ол.Күзетші мен педагогтер сөгіс алды
Шымкент қалалық Білім беру басқармасы берген мәліметке сүйенсек, «Жас Дарын-2» бастауыш мектебінде 6 жасар балалар мектепке даярлау үшін тамыз айында ата-аналардың өтінішімен қабылдаған. 13 тамыз күні сабақ аяқталған сәтте сағат 17.30 шамасында күзетшінің ескертуіне қарамастан, Әбдірахим есімді оқушының әжесі сабақ өтіп жатқан сыныпқа баса көктей кіріп, сабақта отырған Жаппарқұл Арнұрды ұрған. Сабақ беріп жатқан мұғалім Жұмагүл Махмутқұлованың «сыныпқа кіруге болмайды» деген сөзін ескермеген де. Әбдірахимнің әжесі Арнұрға дөрекі сөздер айтып, сыныптан шығып кеткен. Салдарынан оның бетінде соққының ізі қалады. Ата-аналарды татуластыру мақсатында мектеп әкімшілігі екі ата-ананы да мектепке шақырған. Алайда Әбдірахимнің әжесі әртүрлі себеппен мектепке келмеген. Осы жайттан кейін екі оқушы да басқа мектепке ауысып кетіпті. Оқиға бойынша мектеп күзетшісіне, мұғаліміне және директордың оқу-тәрбие істері бойынша орынбасарына сөгіс жарияланыпты.ТҮЙІН:
Міне, осы екі оқиғаның өзі-ақ әлімжеттік мектептерден басталатынын, тіпті кейде оған үлкендер араласатынын көрсетіп тұр. Ал қоғам өкілдері әдетте әлімжеттік тек әскерде болады деп ойлайды...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы