Әлімжеттік әл бермей тұр
Әлімжеттік әл бермей тұр
Сол секілді мектептегі әлімжеттік, оқушылардың төбелесі де тыйылған жоқ. Ата-аналар мен мектеп мұғалімдері қанша сарсаңға түссе де, қауқарсыз күйде. Сонда жоғары сынып оқушыларының төменгі сыныптағы балаларды ұрып-соғуы «дәстүрге» айналып кеткен бе? Мәселеге бойласақ. Кеңес заманында ересектердің кішілерге әлімжеттік жасауы заң­ды көрінетін. Былайша айтқанда, «тәрбиенің» бір түрі болды. Бірақ әлі күнге дейін әлімжеттікке тос­қауыл көбейсе де, тоқтам жоқ. Мы­салы, биыл ақпан айында Түр­кістан облысы Қазығұрт ауданында 14 жастағы 8-сынып оқушысы мектеп қабырғасында көз жұмды. Қатарластары оның қайтыс болар алдында өзге оқушылармен ере­гісіп, оңаша жерге кеткенін айт­қан. Бұл көп оқиғаның бірі ғана. Жыл басынан бері Таразда, Арыс қаласында, Ақтөбеде бір-біріне пы­шақ сұққан оқушылар да та­былды. Бұл секілді елді дүрліктірген оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. Былтыр дәл осы Түркістан облысында мектеп оқушыларының төбелесі белең алып, ақырында Бі­лім және ғылым министрлігі тәрбие сағаттарын көбейтіп, мек­тептердегі бақылауды күшейту керегін мәлімдеген болатын. Бірақ мұндай оқиға осы өңірде тағы қайталанды. Жасөспірімдердің мұндай ауыр қылмысқа баруына не себеп? Бас прокуратураның дерегіне сенсек, елімізде 2020 жылдың ал­ғашқы 4 айында мектеп жасындағы балалар 655 қылмыс жасаған екен. Бұл өткен жылдың есебімен салыс­тырғанда азайған. 2019 жылдың алғашқы 4 айында жасөспірімдер 954 қылмысқа барған. Түбегейлі жойылып кетпесе де, оң өзгеріс бар. Мектепте тәртіпті жиі бұзатын оқушыларды жергілікті Ішкі істер басқармалары есепке алып оты­рады. Содан кейін олармен инс­пекторлар жеке жұмыс істейтіні белгілі. Мысалы, оқушылар ара­сын­да жиі құқықбұзушылық бо­латын Ақтөбе облысында былтыр тәртібі нашар 389 оқушы тіркеліпті. Әлімжеттік, бопсалау әлем елдерінде «буллинг» (bullying) деп аталады. Ағылшын тілінен аудар­ғанда мазақ ету, қорқыту деген ма­ғынаға ие. Педагог мамандар мек­теп кезіндегі әлімжеттікке қан­төгіске толы фильмдер мен ком­пьютерлік ойындарды кінәлап жа­тады. Көп жағдайда бопсалауға ұшыраған оқушы ата-анасына бол­ған жағдайды айтуды ар са­найды екен. Айтып қойса, өз қа­та­рынан шектеліп қаламын деген қорқыныштың әсері. Соның сал­да­рынан ірілі-ұсақты қаншама оқи­ғалар жабулы күйінде қалып жат­қаны белгісіз. Елімізде ғана емес, көрші Ресейде де әлімжеттік проблемаға айналған. Мұнда оқушылардың үштен бірі мазақ пен кемсітудің, қол жұмсаудың құрбаны болады екен. Осылайша, мектеп қабырғасында алған мо­ральдық соққы жасөспірімнің ке­лешек өміріне әсер етуі де мүмкін. Бұл олқылықтың орнын қалай тол­тырамыз. Бұған қатысты пси­холог мамандар не айтады? – Әлімжеттіктің «отаны» мек­теп болып отыр. Мектеп жа­сын­дағы балалардың даму кезеңінде өзгерістер болады. Былай айтқан­да, өтпелі кезең. Соның бірі – ұл баланың әлеуметтенуі. Ер-азамат ретінде, жігіт ретінде қалыптасуға ұмтылыс. Дәл осы кезеңде, 11-14 жастағы балалар физикалық тұр­ғыдан әлсіздерге күш көрсете бас­тайды. Әлімжеттік көрсеткен бала сол ортада өзінің мықтылығын көр­сеткісі келеді. Яғни, кім ор­та­дан жақсы оқып немесе басқалай жағдаймен алыстап жатса, соны қатардан әлімжеттік арқылы шет­тетеді. Бұған баланың өзі бөлек­тенуінің әсері бар, – дейді психо­логия ғылымдарының кандидаты Бақыт Дастанқызы. Бұдан бөлек, соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы әлімжеттік көрсету белең ала бастаған. Оған 2-3 жыл бұрын желіде тараған «Синий кит» жобасын да қосуға болады. Сол кезде жасөспірім ба­лаларға әлеуметтік желі арқылы тап­сырма беріп, қорқытып, жет­кін­шектерді өзіне қол жұмсауға мәжбүр еткен адамдар жайлы әңгі­ме тараған болатын. Бұл тағы бір жөні бөлек әңгіме. Ал мектептегі ахуалды кім реттемек? Жасөс­пі­рім­дердің бойында қатыгездік арт­ты ма, әлде тәрбие осал ма? Бұл жайында білім ордасындағы ма­маннан мән-жайды сұраған едік. – Ең әуелі жыл сайын аздап болса да мектептегі әлімжеттіктің азайып келе жатқанын ескерген жөн. Өзім басшылық ететін мек­тепте тәртібі нашар болып, құқық қорғау органында есепте тұрған бала жоқ. Меніңше, баланың бос уақыты болмаған жөн. Әсіресе, енді ес жиып келе жатқан өтпелі кезеңде. Бойындағы энергиясын спортқа, білімге арнаса бала қыл­мыс­қа бара қоймайды. Сондықтан қыл­мысқа баратын оқушылардың бос уақыты көп болған деп ой­лай­мын. Одан кейін ұстаздар мен ата-аналардың бірлесіп жұмыс істеу мәселесі толыққанды жолға қойылды деп айта алмаймыз. Кей жағдайда мұғалім әр баланың от­басында қандай қиын жағдай бо­лып жатқанын біле алмай, баламен байланыс орната алмайды. Осын­дай сәттерде ата-ананың көмегі қажет. Тәрбие сағаттары онсыз да өткізіледі, әрине ол маңызды, бі­рақ баланың қоғамдық істер мен білімге ынтасын ояту одан да ма­ңызды болып тұр, – дейді Нұр-Сұл­тан қаласындағы №8 орта мек­тептің директоры Гүлнұр Айтимова. Қалай десек те, бұл мәселе жыл сайын талқыға түсіп, оқушылар тәр­биесіне қатысты түрлі пікір ай­тылып жатады. Әлімжеттік бұрын да болған, қазір де бар. Тек алдын ала білген жөн. Себебі көп қылмыс болары болып, бояуы сіңгеннен кейін сарапқа салынады. Сол үшін баланың әрекетін бақылап, ата-ана мен мұғалімнің, құқық қорғау саласындағы мамандардың бірлесе жұмыс істегені абзал. Сонда ғана жағдайдың жақсаруына септігін тигізері анық.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ