Шенеуніктер мен әкімдердің табысы жіті тексеріледі
Шенеуніктер мен әкімдердің табысы жіті тексеріледі
Dollars and tenge on the laptop. Money of Kazakhstan. Business.
295
оқылды

Азат Перуашев, Азамат Әбілдаев, Сауытбек Әбдірахманов бастаған депутаттар мүлік салығын төлемеген. Халық қалаулылары мемлекетке 48 теңгеден бастап 56 мың теңге аралығында берешек екен. Күнде түрлі заң жобасын талқылап, Үкіметтің олқылығын сынайтын депутаттар өздерінің салық төлеуі керектігін ұмытып кеткен сыңайлы. Ал, мәжілісмендер салық төлемей жүргенде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің мамандары оларға шенеуніктердің шығынын бақылайтын заң жобасын ұсынып отыр. Енді ресми табысынан бөлек заңсыз пайда тауып отырған шенеуніктер үш жылға дейін мемлекеттік қызметтен шеттетілуі мүмкін, - деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Азат Перуашев 54 мың теңгенің үстінде, Азамат Әбілдаев 43 мың теңге, Сауытбек Әбдірахманов 42 мың теңге мемлекеттік бюджетке берешек. Ерлан Смайлов 6680, Сәлімжан Нақпаев екі жарым мың, Дмитрий Колода 2481, Берік Дүйсенбинов 557 теңге, Әбілфас Хамедов 283, Юлия Кучинская 48 теңге салыққа қарыз. Осы ақпарат жарияланысымен депутаттардың барлығы болмаса да, кейбірі салықтарын төлепті.
"Депутат Перуашев, депутат Нақпаев және депутат Кучинская салықтық қарыздарын толықтай төлеген. Депутат Смайылов негізгі салық қарызын төлеп, өсімпұлы қалған. Тізімде көрсетілген депутаттардың салығы әзірге төленбеген", – деді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Енді депутаттардан бастап, әкім-қаралар мен барлық шенеуніктің табысы жіті тексеріледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осындай заңның жобасын дайындады. Егер, мемлекеттік қызметкердің шығыны декларацияланған табысынан көп болатын болса, оның заңды табыс екенін дәлелдеуге міндетті. Ал, заңсыз екені дәлелденсе, 90 пайызы ел қазынасына аударылады. Шенеунікке мансаптық санкция салынып, 3 жылға дейін мемлекеттік қызметтен шеттетіледі. Енді агенттік жемқорлар туралы ақпарат берген азаматты да барынша қорғайды. Егер пара алу дерегі туралы айтқан азамат жұмысынан заңсыз қудаланатын болса, агенттік мамандары еңбек инспекциясы мен прокуратураға жүгінеді. Президенттің тапсырмасымен сыбайлас жемқорлық агенттігінің дайындаған бұл заң жобасы қазір Парламенттің қарауында. Айта кетейік, 2018 жылдан бері Қазақстан тарапы өз азаматтарының шетелдегі активтері туралы ақпарат алып отыру үшін халықаралық келісімге қол қойған болатын. Мамандар сондықтан шетелдік шоттарды бақылауға еш кедергі жоқ екенін айтады. Заң күшіне енетін болса, келер жылдан бастап 2026 жылға дейін іске асатын болады. Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: