Отандық футбол клубтары қазақ тіліне неге шорқақ?
Отандық футбол клубтары қазақ тіліне неге шорқақ?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
301
оқылды

Құрылымы дұрыс жолға қойылған кез келген спорт клубының жеке ресми сайты болады. Елімізде де Қазақ­стан Премьер-лигасында сынға түсетін әр клубтың өз ресми сайты бар. Ең өкі­ніш­тісі, олардың басым бөлігі тек орыс тілінде ақпарат таратады, ал қазақшасы ақсап тұр. Сөзіміз дәлелді болу үшін отандық футбол клуб­тарының ресми сайттарына жасаған шолуымызды ұсы­намыз.

Отандық футбол клубтары баспасөз қызметтерінің жұмы­сына зер салғанымызда расымен де командалардың қазақшасы мәз емес екенін көрдік. «Астана» футбол клубының сайтына кірсең алдымен орысша ақпараттар шығады. Жоғарыдағы маңдайшасына кірсең орысша, ағылшынша, соңында қазақша баған тұр. Қазақ тілін үшінші қата­рға ысырып қойғанына қарағанда, мемлекеттік тілге немқұрайды қарайтын шығар деп сайтты бір шолып шыққанбыз. Бірақ жаңалықтардың күнделікті жарияланып отыратынын бай­қадық. Тек бір кемшілігі, турнирлік кестедегі «Жетісу» мен «Тобыл», «Қызыл-ЖАР»  коман­даларының атауын қазақшалаған да, «Туран» деген сөзді қазақ­шалауды ұмыт қалдырыпты. Ал бұрын мемлекеттік тілге көңіл бөл­мейтін «Атырау» футбол клубының сайты қазақша ақпарат тарата бастапты. Бұл жақсы ма, жаман ба білмедік,  сайттың маң­дайшасындағы РУС ҚАЗ ENG ба­тырмалары жұмыс істемейді екен. Яғни, сайт тек бір тілде, қазақ тілінде сайрап тұр. Тек сайттағылардың «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион» мен «Тобылды» қазақшалауға ша­ма­лары келмепті. Басқа жұмыс­тарын бас бармақпен бағаладық. Алматының «Қайраты» ме­диаға, жар­намаға көп көңіл бөле­ді. Өз алаңындағы ойындарының бәрінде жанкүйерлердің көңіл күйін көтеріп отыратын шоумендеріне дейін бар. «Қайрат» клубы, әсіресе видеоға көбірек назар аударады. Әрбір матчтан күнделік түсіріп, YouTube желісіне жүктеп отырады. Алайда бәрі де орыс тілінде. Ең өкініштісі, сайттың қазақ бөлімінде өткен жылдың  желтоқсанынан бері қазақша ештеңе салын­баған. Қазақстан­дықтарды «Тәуелсіздік күнімен құттықтағаннан» кейін сол күйі қазақ сайтына ақпарат салушылар хат-хабарсыз кетіпті. Одан бөлек, сайттағы қызметкерлер Вагнер Лавтың сұхбатын толық қазақша­лағанымен, тақырыбын аударуды ұмыт қал­дырған. Қызық... Көпшілігі мақтауын асырған «Қайсардың» жағдайы биыл мәз емес. Сайттың орыс бөлімінде де, қазақ бөлімінде де 2021 жылғы 5 қаңтардан кейін ешқандай жаңа­лық жария­ланбаған. «Ақтөбе» мен «Тараз» футбол клубы­ның сайттары қазақшаға да, орысшаға да тең дәрежеде қарайтынын аңғардық. Екі бөлімде де қазақша-орысша аралас ақпарат жүр. Ал «Қызыл-Жар» футбол клубының ресми сайтында қазақ бөлімі атымен жоқ. Олар тек орыс тілінде ақпарат таратады екен. Оның өзінде де сайтта тек үш ақпарат тұр. Олар 2020 жылдың қыркүйек айында жарияланған. Оралдық «Ақжайықтың» ресми сайты 2019 жылда қалып қой­ған. Сайт деген аты бар деме­сең, ақпарат тарататын адамдары жоқ. «Каспий» клубының сай­тының маңдайшасында орысша, қазақша, ағылшынша бөлімдер көрсетілмеген. Яғни, сайт тек қазақша-орысша ақпараттарды қатар салып отырады. Бұл мәселеге келгенде бұрын тек сынның астында қалатын Қостанайдың «Тобылы» кейінгі уақытта қазақ тіліне көңіл бөле бас­таған. Ара-тұра қателері болса да, сайтының қазақтілді нұсқасы мен әлеуметтік желідегі парақша­ларында жаңалықтар жиі жаңа­рып тұрады. Қызығы, біз қараған­дылық «Шахтер­дің» сайтынан бір­де-бір қазақша сөйлемді кез­дестіре алмадық. Түгел дерлік рес­ми тілде «сайрайды». Яғни, қазақша бөлімнің тек қағаз жүзін­де  тұрғанын бай­қа­дық. Сайт ашыл­ған кезде оң жақ бұры­шында «қазақ­ша» және «орысша» деген тетіктер тұра­ды. Алайда қазақша­сын басып әуре болудың қажеті жоқ. Себебі қазақ бөлімін таңда­саңыз да,  сайттың орыс тіліндегі нұсқасы шығады. Талдықор­ған­дық «Жетісу» футбол клубының сайтында қазақ бөлімі орыс бөліміне қарағанда баяу жұмыс істейді. Мұнда соңғы жаңалық 22 қыркүйек күні жарияланған. «Ордабасы» мен «Тұран» сайттарында қазақ тіліне ерекше басымдық берілген. Ондағылар бірінші кезекте қазақша ақпарат таратады. Әттеген-айы, Тұран клубының ресми сайтында та­мыз­дың 27-сінен бері ақпарат шықпапты. Ал «Ордабасыда» бұл мәселе бойынша ешқандай кемшілік жоқ. Біз осы мәселе бойынша отандық футбол клубтарының баспасөз қызметінде жұмыс істеген мамандардың да пікірін білдік. Спорт қорының баспасөз хатшысы Асқар Хамиден қазақ­стандық футбол клубтарының сайттарына көңілі толмайтынын айтады. – Осы салада 5 жылға жуық қыз­мет ат­қар­дым. Төңкеріс жаса­масақ та көп нәрсені өз­гертуге тырыстық. Қазір «Астана» футбол клубының баспасөз қызметіне нақты жауап бере алмаймын. Бірақ мен қызмет еткен жылдары барлық ақпарат 100 пайыз қазақ тілінде жарық көрді. Себебі 80 пайыз ақпараттың негізгі тол­қыны орыс не ағылшын тілінде, футболшылар мен бапкерлер де орысша, ағылшынша сұхбат береді. Сондықтан көп жағдайда біз жұмыс істеген уақытта басшылық бекітетін сұхбаттар мен ақпарат­тарды қазақ­шаға уақытылы аударып отырдық», – дейді маман. Оның айтуынша, Қазақстан кә­сіп­қой лигасының арнайы регламенті бойынша әр клубта бір медиаофицер қызмет етуі керек екен. Ол сыртта не үйде өтетін ойын­дар кезінде баспасөз мәсли­хатын ұйымдастыруы тиіс. Бірақ бұл тек бір орынға ғана берілген. Бұл қызметті атқаратын адам жур­налистика мамандығы бойынша оқуды тәмамдаған болуы тиіс не спорт саласында 3 жылдай жұмыс істеуі керек. – Негізінде бізде көп клубтың басшылығы өздеріне, футболшы­ларға ыңғайлы болуы үшін орыстілді журналисті жұмысқа алуға тырысады. Ал қазақ тіліне көп жағдайда көңіл бөлгілері келмейді. Сондықтан бізге жалпы мемлекеттік деңгейде бұл жұмысты Қазақстан кәсіпқой лигасынан бастауы керек. Олар міндетті түрде қазақша ақпарат тарату туралы арнайы регламент енгізуі керек деп ойлаймын. Сол кезде еліміздегі футбол клубтарының басшылықтары ойланатын болады, – дейді Асқар Хамиден. Ал елордалық «Астана» футбол клубының қазіргі баспасөз хатшысы Бағжан Абу көптеген қазақстандық клубтар ресми сайттарын екі тілде жүргізе алмайтынын айтты. – Барлық командаларда сайтқа бір ғана адам жауапты болады. Ал қос тілде бірдей жүргізу үшін клуб қосымша мамандарды алу керек. Бірақ отандық клубтар осы нәрсені жүзеге асыра алмай тұр. Өйткені әр ұжымдағы бір баспасөз хатшы сайтты да, әлеуметтік желілерді де жүргізіп отырады. Міне, осы себепті жалғыз адам үшін сайтта екі тілді қоса алып жүру ауырға соғуы мүмкін. Оның үстіне, жан­күйерлер жаңалықты орыс тілінде талап етеді. Әрине, қазақ тілі – біздің ана тіліміз. Алайда қоғамда орыс тілі маңызды болып тұр. Сондықтан клуб басшылығы қазақ тіліне қара­ғанда, орыстілді маманға көбірек мән береді, – дейді Бағжан Абу. Қорыта айтқанда, Премьер-лигадағы 12 клубтың ішінде бұл мәселе бойынша қызметін мүлтіксіз атқарып отырған санаулы клубтарды ғана үлгі етіп айтуға болады. Ал қалғандары қазақшаға көңіл бөлуді қойған. Мұны дер кезінде қолға алып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтермесек, келешекте де қазақ тілі қараусыз қалған баланың күйін кеше берері анық.

Абылайхан ЖҰМАШ