Тауарларды көтерме сатып алу фактілеріне жол берілмеуі тиіс
Тауарларды көтерме сатып алу фактілеріне жол берілмеуі тиіс

Nur Otan партиясы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру мен тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында  өзінің сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік дүкендер санын арттыруды мақсат етіп отыр.

Бүгінгі күні Қызылорда қаласында 5, Қармақшы ауданында 2 дүкен ашылды. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы мен оған қарасты кент, ауылдық округтерде жалпы саны 34 әлеуметтік дүкеннің жұмысын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ үйлестіріп отыр. Қосымша 5 әлеуметтік дүкеннің құрастырмалы типтегі құрылысын салу мақсатында Қоғам мен мемлекеттік сатып алу шарттары жасалып, құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізу мақсатында Қоғам тарапынан бекітілген жауапты қызметкерлермен тұрақты бақылау жасалуда. Азық-түлік тауарлары да белгіленген бағада сатылуда.

«Әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасы нарықтық бағадан төмен болғандықтан, тауарларды көтерме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеу, сондай-ақ өнімдерді әрбір отбасына жеткізу мақсатында тапшы тауарларға шектеу енгізілген, бір сатып алушыға қант – 2 кг, картоп – 3 кг, сәбіз – 2 кг, тауық еті – 2 кг, 10 дана жұмыртқа, 2 бөлке нан, өсімдік майы 1 литрден берілуі тиіс», – деді мониторинг жұмыстары барысында қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Ілиясов.

Бүгінде әлеуметтік дүкендерде нан 55 теңгеден, қант 270 теңгеден, өсімдік майы 630 теңгеден, картоп 130 теңгеден, сәбіз 170 теңгеден, басты пияз 80 теңгеден, қырыққабат 80 теңгеден, 1 сортты ұн 135 теңгеден, қарақұмық жармасы 400 теңгеден, күріш 210 теңгеден, макарон 200 теңгеден, сиыр еті 1650 теңгеден, тауық еті 785 теңгеден, жұмыртқа 26 теңгеден, сүт 280 теңгеден, айран 225 теңгеден, сүзбе 1283 теңгеден, сары май 2504 теңгеден және тұз 40 теңгеден сатылуда.