Жоба аясында өңірлер арасында өріс алған әдеби эстафета Қарағанды облысына ресми түрде табан тіреді.
«Кітап оқитын ұлт» эстафетасы Қарағандыға жетті: оқырмандарға әлемдік бестселлер ұсынылды
246
оқылды

Қоғамның танымдық көкжиегін кеңейтуде «Кітап оқитын ұлт» жобасы кітапқа құштар қауымды біріктіретін қуатты серпінге айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жоба аясында өңірлер арасында өріс алған әдеби эстафета Қарағанды облысына ресми түрде табан тіреді.

Ақтөбе облысының әкімі Асайын Байханов кітап таңдау кезегін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа жолдады.

Кенді өңір басшысы әдеби аманатты үлкен жауапкершілікпен қабылдап алып, оқырмандар қауымына әлемдік бестселлер – Клаус Швабтың “Төртінші индустриялық революция” кітабын оқуды ұсынды.

«Технология дамып, ақпарат ағыны күшейген сайын кітаптың адам өміріндегі орны бұрыннан да арта түсті. Кітап – ойды жүйелеуге, дүниетанымды кеңейтуге және үздіксіз ізденуге үйретеді», – деп атап өтті аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі әдеби эстафета жолын әрі қарай жалғастыру үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановқа жолдады.

Еске сала кетейік, өткен аптада Ақтөбе облысының әкімі Асайын Байханов оқырмандарға Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқуды ұсынған болатын. Аталған туынды бойынша «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде арнайы викторина ұйымдастырылды. Сайыс барысында қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берген Алматы қаласының тұрғыны Наурызбек Бөрібайұлы Құлжанов бас жүлде – соңғы үлгідегі iPhone смартфонын ұтып алды.

«Кітап оқитын ұлт» жобасының кезекті кезеңі де оқырман қауымды бағалы сыйлықтармен қуантпақ. Келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» телеарнасының таңғы тікелей эфирінде Клаус Швабтың “Төртінші индустриялық революция” кітабы негізінде әдеби викторина өтеді. Сұрақтарға дәл әрі дұрыс жауап берген телекөрерменге бағалы жүлде табыс етілетін болады.

Жобаның негізгі міндеті – қоғамда, соның ішінде жастар арасында интеллектуалды орта қалыптастырып, оқырман белсенділігін жаңа деңгейге көтеру. Осы арқылы аймақтардағы мәдени-білім беру кеңістігін кеңейтіп, сауатты әрі білімді ұлт қалыптастыру көзделіп отыр.