Соңы қайғылы жағдайға ұласқан келеңсіз оқиға екі жылдай уақыт бұрын болған. «2019 жылдың 18 маусымында ОВ-156/2 мекемесінің қызметкерлері алдын ала сөз байласып, жәбірленуші Андрей Кондратенконы ұрып-соққан. Ауыр дене жарақатын алған ер адам сол жерде көз жұмды. Өз қылмыстарын жасыру үшін олар тағы екі сотталғанды мәжбүрлеп, мәйітті тәртіптік изолятор камерасына жеткізген. Ал полиция қызметкерлеріне сотталушының өз-өзіне қол жұмсағанын айтқан» делінген Өскемен қалалық №2 соты баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.
Абақтының 7 қызметкері сотталды
13 қазанда Өскемен қалалық №2 сотында өткен сот отырысында Андрей Кондратенконың өліміне қатысты бірқатар тың мәліметтер белгілі болды. Сот өкілдерінің айтуынша, колония қызметкерлері тергеу шаралары барысында істі әдейі созу үшін қарама-қайшы көрсетілімдер берген. Екіншіден, адвокаттардың бірі істі созу үшін әдепке сай келмейтін түсініктемелер беріп қана қоймай, тергеу материалдарын YouTube арқылы жария еткен. Сот отырысында судья Андрей Кондратенконың әпкесі Ирина Никифорова жәбірленушінің көзі тірі кезінде жазаны өтеу мекемесінде оған қысым көрсетіліп жатқанын бірнеше рет хабарлағанымен, прокуратураның әрекетсіздік танытқанын да айтты. Судья келтірген тағы бір дерек, Андрей Кондратенко көз жұмғаннан кейін мәйітті ашқан кезде марқұмның асқазанынан түрме қызметкерлерін айыптайтын жазба табылған. Жазба тергеу барысында дәйек ретінде пайдаланылған көрінеді. Сонымен, Өскемен қалалық №2 сотының үкімімен ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 6 қызметкеріне қатысты Қылмыстық кодесктің 146-бабы 3-бөлігіне (сотталған адамды азаптап, абайсызда өлтіру) сәйкес іс қаралып, олар 5, 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылы тамыз айында Президентке өз жанайқайын әлеуметтік желі арқылы айтып, көмек сұраған жәбірленушінің әпкесі Ирина Никифорова сот шешіміне қанағаттанатынын, шектен шыққан түрме қызметкерлеріне лайықты жаза тағайындалғанын жеткізді. «Алайда басқа инстанциялар бұл шешімді өзгертіп, жазаны жұмсартатын болса, мен соңына дейін күресетінімді ескертемін. Себебі түрмеге түскен адам жазасын өтеп шығуы тиіс», – дейді ол. Сонымен қатар 13 қазанда өткен сот отырысында Ирина Никифорованың түсірген азаматтық шағымы да қаралып, жартылай қанағаттандырылды. Сот шешіміне сәйкес айыпталушылар жәбірленуші тарапқа материалдық шығын ретінде 505 300 және моральдық залал ретінде 7 миллион теңге өтеуі тиіс.
Сотталғандарды шеге жұтуға дейін мәжбүрлеген
Осы күні Өскемен қалалық №2 сотында бопсалау, қызмет бабын асыра пайдалану арқылы пара алған тағы бір түрме қызметкеріне қатысты шешім шығарылып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. «А. есімді түрме қызметкерінің 2018 жылдың 14 маусымында сотталған адамның анасынан пара ретінде автокөліктің 76 000 теңгелік жазғы шиналарын алғаны анықталды. Сондай-ақ ол сотталғанды өз туысының үйінде баспалдақ жасауға мәжбүрлеген» делінген Өскемен қалалық №2 соты баспасөз қызметінің ақпаратында. «Баспалдақ жасауға мәжбүрлеген» демекші, сот отырысында судья түрме қызметкерлерінің кейбірінің шектен шыққаны сонша, сотталғандарды шеге жұтуға дейін мәжбүрлейтінін жеткізді. Жазасын өтеушілер мұндай қадамға амалдың жоғынан әрі құқық қорғау органдары өкілдерінің назарын өздеріне аудару үшін барады екен. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы