Теміржолдың тұғыры биік, өрісі кең
Теміржолдың тұғыры биік, өрісі кең
237
оқылды

Еуразия кеңістігіндегі ұлан-байтақ даланы ен жайлаған Қазақстан территориясының транзиттік әлеуеті зор. Жаһандану заманында, қазіргі қатал бәсекелестік кезеңінде бұл әлеуетті толық жүзеге асыру үшін көлік-логистикалық кешеннің қуатты дамығаны керек. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» елдің транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға күш салып жатыр.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев логистикадағы үрдіс-трендтерді айтып берді. Алматыда «Көлік және логистика» 24-ші халықаралық көрмесі аясында «Көлік және логистика нарығы» атты ІІІ Халықаралық конференция өтті. Маңызды іс-шарада сөз сөйлеген ҚТЖ басшысы теміржол көлігінің артықшылығы, заманауи логистикалық үрдіс-трендтер, пандемияның сала дамуына әсері, теміржол транзитінің өсімі және басқа да маңызды жайттарға егжей-тегжейлі тоқталды. Атап өтер жайт, халықаралық іс-шараға қызығушылық зор болды, соның дәлеліндей, оған әлем­нің 80-нен астам мемлекетінен мәр­тебелі меймандар қатысты. Мем­құрылымдардың және бизнес­тің өкілдері жиналған форумда Еуразияның көліктік әлеуетін жақ­сарту, сондай-ақ көлік пен логистика төңірегіндегі қордаланған барлық мәселе жан-жақты талқыға салынды.

Логистиканың қазіргі үрдістері

Өз сөзінде ҚТЖ басшысы Қытай мен Еуропа секілді Еуразия­лық байтақтағы екі аса ірі ойын­шының ортасында орналасқан Қазақстан өзіне берілген гео­графия­лық артықшылықты ел игі­лігі үшін толыққанды пайдаланып, транзиттік әлеуетін өрістете беруі керегін баса айтты. Нұрлан Сауранбаевтың байламынша, теміржол транзитінің өсуі – бірінші тренд болып саналады. Пандемия логистика нарығына ықпал етті, атап айтқанда, теміржол сегментінің үлесі артқан. Бұдан ертеректе халықаралық сарапшылар Трансеуразиялық құрлықтағы маршруттер бойынша теміржол транзитінің әлеуетін шамамен 1, әрі кетсе 2,5 миллион ЖФБ (жиырма футтық балама) ғана болады деген бағалаған еді. Ал бүгінде эксперттердің баға­лауынша, бұл әлеуеттің ең төменгі межесі 2,5 млн ЖФБ-дан басталады және жоғарыға қарай өрлейді. Соның ішінде биыл контейнерлік транзит тасымалы көлемін 1 млн ЖФБ-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда Қазақстан орталық­азиялық елдермен бірге Оңтүстік дәлізді дамыту бағытында жұмыс жүр­гізіп жатыр. Сондай-ақ Әзер­бай­жан, Грузия тараптарымен Middle дәліз (ТМТМ), яғни транскаспийлік жоба бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы уағ­даластыққа қол жеткізілді. Бұған қоса, контейнерлер тасы­малының үлесі ұлғаюда: тек 2016-2021 жылдары Қазақстан арқылы өтетін Қытай – Еуропа маршруты бойынша көрсеткіш бес есеге өсті. Мәселен, 2016 жылдың қаңтар-сәуір аралығында Шанхай–Роттердам бағытында 40 футтық контейнер үшін спот ставка 772 доллар деңгейінде ғана тіркелген. Ал 2021 жылдың қазанында Шанхай–Роттердам спот ставкасы 14 807 дол­ларға жетті! Пандемия кесірінен әуе және теңіз көлігінің жұмысы тоқы­рағаны, әуе-теңіз жолдарымен жет­кізуде кідірістер көбейгені белгілі, бұл жайт теміржолдың на­рықтағы үлесінің артуына қосымша серпін берді. Адамзат үшін осынау күрделі кезеңде теміржол сенімді жұмыс істеді, тарифтерін тұрақты ұстады, транзиттік жүктерді жеткізудің жоғарғы жылдамдығын паш етті. Соның арқасында былтырдан бері жүк жөнелтушілер жүктерін контейнерлік пойыздармен жіберуге жаппай көше бастады. Тіпті бұған дейін дәстүрлі түрде «контейнермен тасуға жарамайды» деп танылып келген жүктердің өзін пойыз­бен жеткізуге ыңғайлаған. Яғни, елеулі өзгеріс-бетбұрыстар жүруде. «Екінші тренд – контейнеризация. Контейнерлік жөнелтілім­дердің артықшылығы айқын: стандартталған әрі көп рет айналымда болатын контейнерлік құты, жеткізу жылдамдығы, жүктердің бүтін сақталуы, көлік циклының салыстырмалы алғанда арзандығы – осының бәрі контейнерлермен тасымалдау көлемін ұлғайтуда. Компаниялардың көбі контейнерлерге ауысып жатыр», – деді Н.Сауранбаев. Оның мәліметінше, Қытайда контейнеризациялану үлесі – 73%, Еуропада – 71%, ал Қазақстанда әзірге – 3%. Оның үстіне коронавирустан қорғанып, өзге көлік түрлерінің елге кіруін бөгеген қытай тарапы дәл осы контейнерлерді қабыл­дауды ғана шектемейді. Логистикадағы келесі, үшінші тренд – цифрландыру. – Цифрландыру мәселесі бар­лық компанияның күн тәртібінде тұр. Бұл шекаралар арқылы өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік банк жүргізген есептемелер көрсеткендей, жеткізілім мерзімінің тек 1 тәулікке ғана азайтылуының өзі елдер ара­сындағы сауда-саттық көлемін 5,2%-ға ұлғайта алады. Ендеше маршруттағы кідірістің әрбір күні маңызды екенін түсінеміз. Цифрландыру арқасында әрбір клиент бүкіл ақпаратты онлайн режимде алып отыруы керек. Барлығы сағат сияқты қарапайым әрі функционалды болуы тиіс, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Теміржол көміртектен ада салаға айналмақ

ҚТЖ басшысы басты тренд­тердің қатарында «көміртек ізін азайтуды» атады. Өндірістік процестерді экологиямен үндестіру үшін компания өзгелердің жасыл технологияларды енгізу және сутегімен жүретін локомотивтерді пай­далану тәжірибесін зерделеп жатыр. «Экологиялылық және қуат тиімділігі – құрлықтағы теміржол маршруттарының артық­шылығы­ның бірі. Көлікті таңдау кезінде клиенттердің көбі оның эко­логия­лық тазалығына және ауаға шы­ғаратын көмірқышқыл газы дең­гейінің аз болуына көбірек назар аударады. Теміржол көлігінің кө­мір­текті ізі кемедегіден 8 есе, ави­ациядағыдан – 9 есе, жүк авто­көлігінен  24 есе аз!» – деп мәлім етті ҚТЖ басқарма төрағасы. Еуропалық Одақтың төмен көміртекті стратегиясы аясында теміржол көлігін дамытуға басты рөл беріліп отыр. Еуропалық комиссияның ұсы­нысы бойынша 2021 жыл  теміржол жылы деп жарияланған. Себебі өзге көлік түрлеріне қарағанда, теміржол көлігі ауаға шығарын­дыларын үздіксіз азайтып келеді. теміржол Н.Сауранбаевтың айтуынша, экологияға бағдарланушылық «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның локомотив паркін жаңғыртуға бастайды. –Теміржол саласы бір орында тұрған жоқ, ілгері басып жатыр: сутегі отынымен жүретін магис- тральді және маневрлік локомотивтер, газбен қозғалатын маневрлік локомотивтер әзірленіп жатыр. АҚШ-та аккумуляторлармен жүре­тін дүниежүзіндегі тұңғыш жүк локомотиві жасалды. Білесіздер, Еуропада қала маңы пойыздары сутегі негізіндегі отын элементтерімен жүреді. Қазір ҚТЖ Tesla машиналары секілді аккумуляторлы батареялармен жұмыс істейтін 2 маневрлі локомотив сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл тек атмосфераға шығарын­дыларды елеулі түрде қысқартуға ғана емес, сондай-ақ шығындарды азайтуға да мүмкіндік береді, – деді ҚТЖ басшысы. Оның дерегінше, стандартты маневрлік локомотив ай сайын 150 мың долларға отын жағады. Ал батареялармен жұмыс істейтін локомотив айына небәрі 20-30 мың доллардың электр қуатын пайдаланады. Демек, бір осындай локомотив айына 120 мың доллардай үнем­дейді. Дәстүрлі локомотивтердің әртүрлі жағармай шығындары да бар. Сондықтан Н.Сауранбаевтың тұжырымдауынша, «локомотив паркінің мұндай модернизациясы біз күткендегіден әлдеқайда ерте жүзеге асады». «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының локомотив паркін бірте-бірте жаңғыртуы Қазақ­стан­ның ғана емес, бүкіл ғаламшардың экологиялық қауіпсіздігін жақ­сартуға бағытталған.

Үш ірі жоба қолға алынды

Қазақстаннан және ел аумағы арқылы жүк жеткізу жылдамдығы мен сапасының артуына теміржол желілерін жаңғырту да игі әсер етуі тиіс. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, пандемия кезінде тасы­малы­­ның көлемі және түсетін жүктемесі 5 есеге ұлғайған темір­жолдың өткізу қабілетін арттыру үшін инфрақұрылымды күшейту және жаңғырту талап етіледі. «Біз жылжымалы құрамымызға қатысты теңгерімсіздікті сезініп отырмыз. Қытай жағы Қазақстанға вагондардың 95 пайызын контейнерлермен береді. Кері бағытта – Қазақстаннан Қытайға жүкті тап­сырғанда контейнері бар вагондар­дың үлесі 45–50 пайыздан аспайды. Қалғаны жартылай вагондармен тасылады. Бұл логистикалық және инфрақұрылымдық қиындықтар туғызады. Тиісінше, біздегі жүк­терді контейнерлеу үрдісінің артуы бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді», – деді ҚТЖ басшысы. Оның пайымдауынша, бірінші кезекте Достық – Мойынты теміржол желісі күшейтуді талап етеді. Қазір жалғыз жолды бұл учаске өз мүмкіндіктерінің шегінде, зорға жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, Алматы торабы және Сарыағаш – Келес шекаралық өтпесі жаң­ғыртуға зәру. Осы орайда «Қазақстан темір жолы» өткізу қабілетін өсіру үшін осыларға қатысты 3 инфра­құрылым­дық жобаны жүзеге асырып жатыр. Біріншіден, биыл Достық – Мойынты пунктінде жолдарды ұл­ғайту жұмыстары басталған. 2021 жылы жұмыстардың қомақты бір бөлігі орындалыпты. Жоба 2025 жылға дейінгі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы» стратегиялық құжатына енгізілді. Оны жүзеге асыру пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1 500 шақырымға дейін арттыруға жол ашады. Мұның сыртында Қытай – Еуропа негізгі транзит дәлізінің Қазақстан аумағы бойынша өткізу қабілетін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, алдағы 2022 жылы Алматы айналасында теміржолдың айналма желісінің құрылысына кірісу жоспарланып отыр. Соның арқасында транзиттік жүк ағыны жаңа әрі қысқа маршрутқа ауыстырылады, теміржол көлігінің жүру жылдамдығы артады. Алматы-1 стансасының жүктелуі 40%-ға жеңілдейді. Үшінші маңызды жоба  Дарбаза – Мақтаарал желісі болмақ. Ол Өзбекстанмен шекарадағы өткізу қабілетін жоғарылатуға және Сарыағаш – Келес қолданыстағы шекаралық өтпесінің жүктемесін азайтуға көмектеседі. Жаңа желі Өзбекстанмен теміржол қаты­насы­на қосымша жүк көлемін тарту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Халықаралық конференцияда Қазақстан – Қытай шекарасындағы жағдай да сөз болды. Н.Сауран­баевтың айтуынша, ҚТЖ тарапынан ешқандай шектеу жоқ. «Біздің Достықта, Алтынкөлде терминалдарымыз бар. Бұл жерде Қытайдың коронавирус пандемиясына деген көзқарасына мән бер­ген жөн. Егер Қытай кеден қызмет­керлерінің бірінен COVID-19 анықталса болды, стансасы шектеулі режимде жұмыс істеуге көші­ріле­ді. Сонымен қатар Алашанькоу стансасына келгенде вагондарды, контейнерлерді міндетті өңдеу тәртібі енгізілген: олардың сыртын екі қайтара дезинфекциялайды. Сондай-ақ әрбір вагондағы жүктен сынама алу рәсімі жүргізіледі. Бүгінде осы мәселелерді шешу бойынша Қытайдағы әріп­тес­теріміз­бен бірге үлкен жұмыс жүр­гізіліп жатыр», – деп түйді «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы. Оның айтуынша, мұндай проблема тек біздің ортақ шекарада ғана қалыптаспаған. Ондай түйткіл бүкіл жаһандық нарықты және барлық логистикалық компанияларды қамтып отыр.

Елдос СЕНБАЙ