Түркістан облысының полицейлері әйелдің ұялы телефонын ұрлаған күйеу баласы екенін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Отырар аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда жәбірленуші әйел өзінің үйінің алдында тұрған кереуеттен “Redmi” маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кетіп, 120 мың теңге шығын келтіргенін көрсеткен. Аталған дерек ҚР 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Полицейлер хабар түсісімен жәбірленушінің үйіне барып, ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды ұйымдастырды. Көрген-білген куәгерлерден жауап алып, оқиға орнын толық шолып шықты. Тәртіп сақшылары жүргізген тиянақты жұмыс нәтижесінде ұялы телефонды ұрлаған күдікті ер адам ұсталды. Ол жәбірленуші әйелдің күйеу баласы, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, жәбірленуші әйелдің үйінде жиын болып жатқан. Адамдардың көптігін пайдаланған күдікті ұялы телефонды алып, сөндіріп, қалтасына жасырған. Содан соң оны Шымкент қаласындағы базарлардың біріне алып барып, арзан бағаға сатып жіберген. Ал ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Бүгінде қолды болған ұялы телефон өз иесіне қайтарылды. Өз кезегінде Түркістан облысы полиция қызметкерлері азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Егер сіздің жеке мүлкіңіз ұрланып немесе ұрлықтың куәсі болсаңыз, тез арада полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз.