Елорда мектептерінде педагог тапшы
Елорда мектептерінде педагог тапшы
143
оқылды

«Nur Otan» партиясы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында педагог мамандарды дайындау, білім беру бағдарламаларының мазмұны және жаңа мектептер салу мәселелері қаралды.

Білім және ғылым бірінші вице-ми­нистрі Шолпан Каринованың ай­туын­ша, «Педагог мәртебесі туралы» заң ая­сында бүгінде педагогтердің еңбе­к­ақы­сы лауазымдық жалақыдан 30-дан 50%-ға дейін көтеріліп, сынып жетек­ші­лігі, тәлімгерлік, магистр дәрежесі, пән­дерді ағылшын тілінде оқыту және та­ғы басқасы үшін қосымша ақы көлемі арт­қан. Партияның сайлауалды бағдарлама­сын іске асыру аясында 2023 жылға қа­рай педагогтердің жалақысын 2 есеге арт­тыру жоспарланған. Сондай-ақ пе­да­гогикалық әдеп және педагогтердің құ­қығын қорғау мәселелері бойын­ша арнайы кеңестер құрылды. Еске сала ке­тейік, бұған дейін «Педагог мәртебесі тура­лы» заң жобасы «Nur Otan» пар­тия­сы жанындағы Құқықтық кеңестің кеңей­тілген отырысында қаралып, онда ұстаздардың жұмыс жағдайын жақсарту, олар­дың құқықтарын реттеу, имиджін арт­тыру және білім мен ғылымның өзге де түйінді мәселелерін шешу жайы кө­теріл­ген болатын. Отырыс барысында аталған мәсе­ле­лерді шешуде оң өзгерістер байқал­ғаны­мен, өңірлерде білім беру саласы­ның сапасын арттыруға қатысты шара­лар­ды жүзеге асыруда басы ашық сұ­рақ­тар бар екені айтылды. Қоғамдық кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлей­менова Нұр-Сұлтан қаласында осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған мектептер құры­лы­сының уақытында аяқталмауы мүмкін екенін алға тартты. Мәселен, Ұлы дала даңғылы мен 39-көше қиылысындағы нысанның құрылысы мүлдем тоқтап тұр. Тағы 4 мектептің құрылысы мерзі­мі­нен кешігіп жатыр. Осыған байланыс­ты Жұлдыз Сүлейменова Нұр-Сұлтан қа­ласы Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбайға қатаң ескерту жасады. «Нұр-Сұлтан қаласында оқушы орын­дарының жетіспеушілігі бар. Пе­да­гогтердің тапшылығы да күн тәрті­бі­нен түспей тұрған мәселе, 700-ден астам педагог жетіспейді. Сіздің тарапыңыз­дан мәселені сапалы шешу үшін еш­қан­дай шара қолға алынбаған», – деп атап өтті кеңес төрағасы.  

Ерке ЕРҚОҢЫР