Індеттің беті қайта ма?
Індеттің беті қайта ма?
163
оқылды

Соңғы екі аптада КВИ жұқтыру 17%-ға, ал соңғы екі айда 3,8 есе төмендеген. Өлім-жітім 3,6 есе азайды. Ауыр және өте ауыр жағдайдың саны 1,6 есе кеміген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Ауруханаларда емделіп жатқан науқастар саны 18 қыркүйектегі 13 мыңнан 18 қазандағы 9,1 мың адамға дейін, ал амбулаториялық, яғни үйінде емделуші сырқаттар саны 57 мыңнан 43 мыңға дейін азайыпты.

«Қазақстан бойынша 1 тамыз­дан бастап инфекциялық төсектің толуы 56-дан 34%-ға дейін, реани­мациялық төсек бойынша 45-тен 29%-ға дейін төмендегені бай­қалады. Резервте 20 мыңға жуық төсек-орын бар. Эпидеми­о­логиялық жағдайдың тұрақ­тануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың 25 тамызы мен 18 қазаны аралығында барлық өңірлерде 103 нысан жабылды», – деді А.Цой. ДСМ басшысы эпидеми­о­логиялық жағдайдың тұрақ­тануына, сондай-ақ екпе алатын азаматтардың 70%-дан астамының вакцинациялануына байланысты 20 қазаннан бастап бірқатар жеңілдік берілетінін хабарлады. Біріншіден, COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алса немесе ПТР тексерудің теріс нәтижесін ұсынса, ондай адамдарға медициналық-әлеуметтік объектілерде – қарттар, мүгедектер үй­лері, балалар үйлері және басқа­ларында жатқан пациенттерінің хал-жағдайын сұрай кіруіне рұқсат етіледі. Түнгі клубтарға тек «жасыл» мәртебесі бар тұлғаларды кіргізіп, жұмыс істеуіне жол ашық. Бірақ  ғимараттардың толтырылуы 50% дейін болуы тиіс. Дегенмен «жасыл аймақта» 100 адамға дейін бір жерге  шоғырлануға, «сары аймақта» әрі кетсе  70 адам  жиналуға, «қызыл аймақта» 50 кісі бас қосуға болады. Бұдан бөлек, ASHYQ жобасына қатысушы бизнес объектілерінің жұмыс уақыты ұзартылады: «жасыл аймақта» сағат 03-00-ге дейін, ASHYQ жобасының көшбасшы­ларына сағат 05.00-ге дейін, «сары аймақта» сағат 01.00-ге дейін, ASHYQ жобасының көшбасшы­ларына  сағат 03.00-ге дейін.  

Айхан ШӘРІП