Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта жасалмаған. Тұрғын үйлер, қоғамдық және өндірістік ғимараттар, әлеуметтік нысандарға кіру олар үшін қиямет-қайым. Жарымжан адамдар үшін дүкен, дәріхана, сауда орталықтары, кинотечатрлар, базарлар, музейлер мен асханалар да қолжетімсіз. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы жұмыспен қамтуды және тұрғындардың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Марина Маркованың айтуынша, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында бес жыл ішінде өңірде әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымның 1 295 нысаны бейімделуі тиіс. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың тиісінше бейімделуін мемлекеттік органдар мамандары мен партия филиалы өкілдерінен тұратын мониторинг топтары ұдайы бақылауда ұстайды. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде көптеген кемшілік анықталып, оларды жою туралы ұсыныстар енгізілген. Өкінішке қарай, бірқатар кәсіпкер нысандардың қолжетімділігін пандус және шақырту түймешегін орнату ғана деп ұғынады. Сондағы орнатқан пандустарының өздері көбіне талапқа сай емес. Пандустың бойлық еңісі талап бойынша 5-8 пайыз болуы тиіс. Алайда кейбір жерде 40 пайызға дейін жетіп, нағыз ұшу жолағына айналған. Кейбірінде тұтқалары жоқ, бар болса да биіктігі мен ені талапқа сай емес. Шақырту түймешегін орнатпаған нысандар да баршылық. Ең қарапайым осындай талаптар орындалмай отырғанда есіктердің шыны беттеріндегі ескерту белгілері, Брайль жүйесі бойынша бедерлі-нүктелі шрифтпен жазылған маңдайшалар, ыңғайлы есік тұтқалары, дыбыстық хабарландыру, ақпараттық табло, тактильді бағыттағыштар, бейімделген дәретханалар, барлық санаттағы мүгедектерге қызмет көрсету аймақтары туралы сөз қозғаудың өзі артық. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес есіктердің кеңдігі кем дегенде 90 сантиметр болуы, табалдырықтардың биіктігі 2,5 сантиметрден аспауы тиіс делінгенімен, кей жерде табалдырықтар жарымжан адам үшін асқар таудан кем емес. Бір әттеген-айы, кейбір нысандардың қожайындары мониторинг тобы мүшелерінің ескертулеріне құлақ аспайтын көрінеді. Олардың арасында ауыл әкімдері де бары қынжылтады. Мәселен, Жамбыл ауданына қарасты Кладбинка ауылдық округінің ғимаратында ескерту жасалғанына қарамастан, шақырту түймешегі, тұтқалар, мүгедектерге арналған үстел жоқ, пандус орнату жөніндегі жұмыстар аяқталмаған. «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне де қатысты осындай жағдай қалыптасқан. Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Юлия Біржанова да нысандарды бейімдеу жұмыстарының қарқыны аса мәз емес екенін айтып қалды. Бәзбіреулер көзбояушылықпен айналысып, жарамсыз көтергіштер орнататын көрінеді. Нысанды тиісінше бейімдеуден бас тартқан кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайлар да кездескен. Кейде осындай шарадан соң ғана тиісті жұмыстар қолға алынады. Алайда кеңес мүшелері ауызды қу шөппен сүртуге болмайтынын да айтты. Бірді-екілі дүкен, дәмхана, аудандық соттар мен полиция ғимараттары, ауыл клубтары, теміржол вокзалдары, автостанса, жекелеген мектептер мониторинг тобының ескертулерінен соң ғимараттарын талапқа сәйкестендіріпті. Атап айтқанда, табалдырықтар төмендетіліп, есіктер кеңейтіліп, қабылдау бөлмелері бірінші қабатқа көшірілген, көрермендер залында қоларбамен жүретін адамдарға арналған орын бөлінген, санитарлық аймақ тұтқалармен жабдықталған, шекті кедергілер жойылған, еденге тактильді ескерту және бағыттаушы тақтайшалар салынған, дөңес қаріппен және Брайль қарпімен жазылған тақтайшалар орнатылған, кассада нашар еститіндерге арналған индукциялық панель жабдықталған. Кейбір нысан бойынша кемшіліктерді жою үшін берілген мерзім кәсіпкерлердің өтініші бойынша ұзартылыпты. Көру қабілеті бойынша мүгедек адамдарға арналған дыбыстық хабарлау жүйесі бар бағдаршамдар орнатқан аудандар бар. Партия филиалы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырмақ ниетте. Ол үшін ғимараттардың иелерімен ұдайы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, әдістемелік көмек көрсетіледі. Кеңес мүшелері облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен өңірлік бөлімдеріне, сондай-ақ аудандық филиалдар жанындағы осындай кеңестерге Жол картасының толық орындалуын қамтамасыз ету, мақсатты индикаторларын орындауға қатысты тәуекелдер туындай қалса, уақытылы хабардар етуді тапсырды.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы