Қолдау мен қорғау бар да, қадағалау жоқ
Қолдау мен қорғау бар да, қадағалау жоқ
149
оқылды

Елімізде 705 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 403 мыңы – жұмысқа қабілетті жастар. Еңбек ми­нистрлігінің мәліметінше, соның ішінде 100 мың адам жұ­мыспен қамтылған. Яғни, жалпы көрсеткіштің 23%-ы нәпақасын тауып отыр.  Кез келген мекемеде 2-4%  мүм­кіндігі шектеулі жанның жұмыс істеуі шарт. Ал елімізде осы жүйе орныққан ба? Мүге­дектігі бар тұлғалар нені меңгере алмай жүр? Мемлекеттік ме­кемеде қызмет ететін жастар не дейді?

Мүгедектердің назары – кәсіптер атласында

Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов мүге­дек адамдарға арналған кәсіптер атласының дайындалып жатқанын бірнеше рет айтқан-ды. Бұл не үшін керек дерсіз. Мысалы, Алматы об­лысындағы есту қабі­леті төмен жандар қоғамының төрайымы Рау­шан Бексұл­танқызы аталған тұлға­лардың кез келген мекемеде жұмыс істеуге жарамсыз екенін атап өтті. Сон­дықтан қоғам төрайымы мүге­дектерге арналған кәсіптер атласы­нан үміт күтіп отыр. Осы ретте, министрлік ұсынған де­рекке көз жүгіртейік. Жауапты орган биыл мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін мүм­кіндігі шектеулі жандардың саны 701 адамға жеткенін хабарлады. Оның ішінде 391 адам Мемлекеттік басқару акаде­миясы­ның онлайн курсынан өткен. Ал министр айт­қан мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қыз­метшілердің қата­рында кім бар? Арбада отыратын мүгедектердің, есту қабілеті төмен тұлғалардың қатардан табыларын білеміз. Осындайда зағиптар қоғамы мүшелері жұмыс берушілердің өз­деріне мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ыңғай таныт­пайтынын айта­ды. Мәселен, олар көбіне хатшы, іс жүр­­­гізуші, спорт пен мәдениет методисі, шаш­тараз, аяқ­киім жөн­деуші, заңгер, теплопедагог, психо­лог, массажист болып қызмет етеді. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ішінде ІІІ топтағы көру қабілеті төмен тұлғаларға поштаға курьер болуға мүм­кіндік берсе деймін. Мы­салы, есту қабілеті төмен, арбаға таңыл­ған азамат­тардың Әлеуметтік қамтамасыз ету орта­лығында, әкім­дікте жұмыс істейтінін білемін. Бірақ олар көру қабілеті нашар тұлғаларға сенімсіздікпен қа­райды», дейді Алматы облыстық за­ғиптар қоға­мы­ның төрағасы Аликен Әділ­бекұлы.

Бағдарламалардың берері көп

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін бірнеше бағдарлама бар. Соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы. Осы бағдарлама бойынша биыл 13 мың мүгедек жан жұмысқа орналасқан. Оған қоса, олар кәсіпкерлік негіздерін оқып, кәсіп бастай алады. Мысалы, 2020 жылы 626 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, 830 өтеусіз грант алып, 350-іне шағын несие берілген. Осы орайда, «Даму» қорын да айта кеткен абзал. Бұл қор мүгедек тұл­ғалардың бизнес-жоба­ларын іске асыруға көмек­теседі. Мәселен, Талды­­қорғанда Атамекен кәсіпкерлер пала­тасының бастамасымен есту қабілеті төмен тұлғалар «Бизнес бастау» курсынан өткен. Нә­тижесінде, 5 адам қайтарымсыз грант ұтып алған. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ха­лықты жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 640 мүгедектігі бар азамат қа­былдауға келген. Соның 624-і жұмыс тапқан. Назар аударарлығы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дені барлық жұмыс берушілер тарапынан ұсынылатын уа­қытша жұмыс түрлеріне тартылады. Мә­селен, қо­ғамдық жұмыс, жастар прак­тикасы, әлеуметтік бос жұмыс орындарына жібереді. Мұны елорда әкімдігі растап отыр. Өкі­ніштісі, уақытша жұмыс мерзімі 6 айдан 1 жылға созылады. Мысалы, жұмысқа орналасты деген 624 адамның тек 219-ы тұрақты жұмыс істейді. Егер сіз «Жастар практикасы» арқылы жұмыс сұрап бар­саңыз, 6 ай тәжірибеден өтесіз. Әрине, ақысы төленеді. Бірақ осы мерзім ішінде тұрақты жұмысқа тұра алмасаңыз, екінші рет бағдарламаға қатысу мүмкіндігі шек­теледі. Қолдау бағдарламаларынан кейінгі игі іс – еңбек жәрмеңкелері. Өйткені «Ке­дергісіз келешек» жобасы аясындағы жәрмеңкеге жұмыс іздеп келетін мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Мысалы, І топтағы мүгедек Сырым Махамбетұлы өзі тәрізді тұлғаларға мемлекеттен берілетін көмекке дән риза. Оның айтуынша, ол 4 жыл бұрын аяғынан жүре алмай қалған. Бұрын педа­гогика саласында білімі бар азамат төрт қабырғаға қарап отырудан қорыққан. Сөйтіп, досының жөн сілтеуімен, Халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа тұрған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеу тәртібін бірі білсе, бірі білмес. Мәселен, Сырым Махамбетұлы 1 апта күндізгі ауысымда қыз­мет етсе, келесі апта түстен кейін жұмысқа барады. Әрі жұмыс істеу уақыты 4-5 сағаттан аспайды. Өйткені оларға 4 сағаттан астам уақыт арбада отыру қиындық тудырады. Қаладағы қоғам­дастық төрағасы Роза Хад­жах­метқызының атса­лысуымен мүгедектерді инватакси жұмысқа апарып, алып келеді.

«Олардың 52%-ы компьютер жұмысынан хабарсыз»

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қол­дауға арналған орталықтармен хабар­ласқанда, бірнеше мәселенің барына көзі­міз жетті. Мәселен, министрлік те, жұмыс­­­пен қамту орталықтары да мүгедек тұлға­­лардың IT саласында жұмыс істейтінін айтады. ITeachMе қоғамдық қорының директоры Захира Оңғар­байқызының айтуынша, биыл мүмкіндігі шектеулі жан­дардан цифрлы технология жайында сауалнама алған. Сауалнамаға қатысқан 700 адамның 52%-ы компьютерді сауатты пайдалануды білмей­тінін көр­сеткен. «Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың 68%-ы IT саласында жұмыс істегісі ке­летінін жаз­ған. Олар да ел қатарлы табыс тапқысы келеді. Бірақ арнайы білімі жоқ. Білім жайын не үшін қозғадым? Өйткені біз 200 компаниядан сауалнама алдық. Аталған жұмыс берушілердің 80%-ы мүгедек азаматтың сапалы білімі болса, тәжірибеден өткізуге дайын. Әрі олар білімді тұлғаларды цифрлы сауатты бо­луға үйретеміз деп отыр. Алайда мемлекет тарапынан компанияларға мүгедектерді қосымша даярлауға қаржы бөлінсе жақсы болар еді»,– дейді Захира Оң­ғарбайқызы. Қоғамдық қор төрағасының мұндай мәселені мінберде көтеруіне себеп бар. Өйткені IteachMе орталығы мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға IT технологияның қыр-сы­рын үйретеді. Мысалы, биыл оларға аталған тұлғалардан 1 000 өтініш келіп түскен. Бірақ қор тек 200 мүгедек тұлғаны оқытқан. Сон­дықтан қоғамдық қор дирек­­торы Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­ғау министрлігінен IT саласын мүге­дектердің меңгеруіне жағдай жасауын сұрап отыр. Өйткені осындай жерде білім алған мүмкіндігі шек­теулі жандарды отандық 20 IT компания тәжірибеден өткізіп, жұмыс­пен қамтуға дайын.

Зағиптар 5 млн құрал жасаған

Жоғарыда атап өткендей, мүгедек азаматтарға жұмыс істегеннің пайдасы мол. Мәселен, Тараздағы шағын зауыт 50-ге жуық зағипты жұмыспен қамтып отыр. Әрі ка­рантиннің арқасында зауыт 5 млн кір қыс­тыратын құрал жасап шығарған. Қы­тайға қарай сауда жолы жабылуына орай, зағиптардың еңбегі жанған. Одан бөлек, түрлі қорап жасап, тігін цехын іске қосқан. Тараздағы қоғамдық қордың жетекшісі Бақыт Үмбетқұлов басқа да кәсіп­орын­дардың мүмкіндігі шектеулі азамат­тарды барынша қолдағанын қалай­ды. «Оларға кәсіптің қағидасын үйретсең, өнім­ді еңбек етуге барын сала­ды»,– дейді қор жетекшісі. Қысқасы, мүмкіндігі шектеулі жандар ыңғайы келсе, диплом алуды көздейді. Мұның аспаптарды еркін меңгерген мүге­дек азаматтарға да қатысы бар. Мә­селен, олар домбыраның құлағында ойнаса да, музыка мектептері «нота біл­мейді, көр­мейді» деп құжаттарын алмайды. Сон­дықтан зағиптар мемлекеттен инк­люзивті білім берудің аясын кеңейтуді сұрап отыр. «Зағиптардың арасында қаншама талантты азаматтар бар. Олар өздері сияқты жастарға аспапта ойнауды үйрете алар еді», – дейді Аликен Әділбекұлы.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ