Болмаса да дайындығы, сырғып өтті Сайын жылы...
Болмаса да дайындығы, сырғып өтті Сайын жылы...
382
оқылды

Қазақ әдебиетіне «Менің қарындасым», «Қылау», «Алғашқы қар», «Райгүл», «Жусан иісі» және тағы басқа ғажайып шығармалар берген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сайын Мұратбековтің биыл – 85 жылдығы. Өкінішке қарай, пандемияның салдары ма, қаламгер тойы атаусыз қалып қойған секілді. Жер-жерден Сайын тойының дүбірі естілмейді. Тіпті, дүниеде мұндай жазушы болмағандай, тым-тырыс. Қазақтың Сайынын неге ұмыттық екен?

Сыншы Амангелді Кеңшілікұлы: «Сыршыл суреткер Сайын Мұратбеков туралы әңгіме басқа, әрине. Сол уақытта бағын сынап көрмек болған қаламгерлер жүйрік тұлпарларын баптап, аламан бәйгеге енді-енді қосқалы жүргенде Сайын Мұратбеков «Менің қарындасым» атты алғашқы әңгімесімен-ақ жаңаша жазудың негізін қалап кетті. Содан бас­тап әдебиетке лек-легімен келіп жатқан 60-жылдардағы талантты толқынның өкіл­дері Әуезов пен Майлиндерден ке­йінгі дәстүрлі прозаны жаңаша түр­лендіру керек екенін ішкі бір түйсікпен сезе бастады. Басқаша айтқанда, Сайын Мұ­ратбеков тыңнан түрен салып, бас­қаша жазудың үлгісін іздеген талантты жазу­шы­лардың бәріне де жол көрсетіп берді», – деп жазды Facebook парақ­шасында. «Менің қарындасым» әңгімесі – Са­йын шығармаларының бастауы. Қалам­гердің өзі де әу баста осы әңгімесін та­ны­туға ақын Әбу Сәрсенбаевтың септігі тигенін жасырмай айтатын еді. Сайын прозасының басты ерекшелігі суреткер­лігінен гөрі, психологизмнің басым еке­нін айтады сыншылар. Бұл шығармаға алғашқылардың бірі болып, қазақтың көрнекті жазушысы Тахауи Ахтанов баға берген екен. «Бізде шағын жанр – әңгі­мені жаңа форма, тың тақырыппен ба­йыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөл­дірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасалған пси­хологизм ұшқындары бар», – дейді көр­некті жазушы. Мұратбеков әдебиеттің есігін осылай ашқан еді. Расында, «Жабайы алма» – ғажап шығарма. Ащы алманы қырш-қырш шай­наған балалар. Өмірлері тіпті одан да ащы. Бүкіл кейіпкерін жатқа білесің. Оқи­ға да өмірден алыс емес. Сұм соғыс бітпеген. Әкелері майданда, ауылдағы өмір де кере­мет болып тұрғаны шамалы. Әр кейіпкерін есіңнен шығара алмай­сың. Бала кезімізде оқысақ та, әлі күнге ұмыт­паған, ұмы­тылмайтын шығарманың бі­ріне айналған. «Жабайы алма» ғана емес, жазушының барлық әңгімесі дер­лік, со­лай естен кет­пейтін шығармалар. Бас алмай оқисың, өзіне еріксіз елітіп әкетеді. Ғажайып суреткердің қызы әкесінің мерейтойы пандемияға байланысты атап өтілмегенін айтады. «Ешқандай мереке­лік іс-шара, конференция болған жоқ. Тек 15 қазанда теледидарда ол туралы бағдарлама көрсетті», – дейді Құралай Сайынқызы. Мерейтойға байланысты ма, әлде бұрыннан жоспарда тұрған дү­ние ме, биыл жазушының екі кітабы жа­рық көріпті. Бірі – «Жабайы алма», екін­шісі – «Қылау». Биыл Алматы облысы қаламгердің 85 жылдығына орай байқау жариялаған екен. Бұл туралы ақын Жангелді Неме­ре­баев айтты. Ол: «Сайын Мұратбеков – бір ғана Жетісудың ұланы емес, барша қазақ құрметтеп, асқақ тұтатын жазушылардың бірі. Осыдан бір апта бұрын облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада қа­лам­гердің 85 жылдығына арнап арнайы кез­десу өтті. Ол кісінің туған бауыры мен қа­рындасы қатысты. Көп естеліктер ай­тылды. Жетісуда «Жанр» әдеби клубы «Жу­сан иісі» деген байқау жариялап жа­тыр. 12 қарашада республика көлемінде ғылыми-практикалық конференция өте­ді деген жоспар бар. Рас, жазушының 80 жылдығы да «жетім қыздың» тойын­дай өтті. Тіпті, биылдың өзінде көп нәр­се ес­керілмей жатқанын мойындай­мыз», – дейді. Марқұм Аманхан Әлімұлы Мұрат­бековтің 80 жылдық мерейтойының елеусіз өткеніне қамығып, «біз – даңқ пен дақпырттың адамдарымыз. Қай жерде марапат болса, сол жерді айнал­шықтаймыз. Кім мақтау сөз естісе, соны жамырай насихаттаймыз. Мақтау мен марапаттан жырақ жүруге тырысқан таланттардың бірі – Сайын Мұратбеков. Ол адам ретінде де, жазушы ретінде тау тұлға болатын», – деп жазған екен. Қай кезеңде де құндылығын жой­май­тын өміршең шығармалар болады. Мұ­ратбеков шығармалары да сондай. Алай­да қазір қоғамда алғашқы орынға – әде­биет емес, ақша шыға бастады. Нарықтың заңы үстемдік құрып, адам ақшаға қараған кезеңде проза өле бастайды екен. Шығарма оқылмаған соң, автор да естен шығатыны даусыз. Бұл бір Сайын Мұрат­бековке қатысты емес. Аман ақын айт­қандай, «нарықтың тілін түсінгендердің мерейі үстем болатын» кезде әдебиеттің өз адамдары, шын таланттары ескеріле бермейді, еленбейді. Қазақ әдебиетінің бүгінгі трагедиясы – осы. Әйтпесе, Сайын Мұратбековтей клас­сик жазушының мерейтойы «жетім қыздың» тойындай болып, елеусіз қалмас еді. Республика мектептерінде Сайын шығармалары оқылып, «Сайын оқулары» бастау алса да, жарасатын еді. «Қылау» қазақ әдебиетіне енді. Одан бөлек, «Жа­байы алмадан» үзінді берілген шығар. Қазіргі мектеп оқушылары Мұратбеков шығармаларын оқып, көркем әдебиеттің құнарына қанып өсті ме? Жоқ. Өйткені насихат жоқ. Насихаты жоқ әдебиеттің келешегі де күңгірт. Нағыз лирикалық прозаның негізін қалаған жанның көркем дүниелері адам жанына сәуле түсірер еді-ау деп ойлай­сың. Амал нешік, нарық ақшаға қызмет етіп кетті де, адам жанына жанашыр бо­латын кейбір құндылықтар көлеңкеде қалып қойды. Өзге ел аяулы тұлғаларын ардақтап, құрмет көрсетіп жатады. Ресейдің өзінде орыс әдебиетінің классиктері төрде тұр. Біз, керісінше мықты тұлғаларымызды, ардақтыларымызды ардақтап, аялаудан кенде қалып барамыз. Бір кем дүние...  

Айым БЕКТҰР