Қазақ әдебиетіне «Менің қарындасым», «Қылау», «Алғашқы қар», «Райгүл», «Жусан иісі» және тағы басқа ғажайып шығармалар берген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сайын Мұратбековтің биыл – 85 жылдығы. Өкінішке қарай, пандемияның салдары ма, қаламгер тойы атаусыз қалып қойған секілді. Жер-жерден Сайын тойының дүбірі естілмейді. Тіпті, дүниеде мұндай жазушы болмағандай, тым-тырыс. Қазақтың Сайынын неге ұмыттық екен?
Сыншы Амангелді Кеңшілікұлы: «Сыршыл суреткер Сайын Мұратбеков туралы әңгіме басқа, әрине. Сол уақытта бағын сынап көрмек болған қаламгерлер жүйрік тұлпарларын баптап, аламан бәйгеге енді-енді қосқалы жүргенде Сайын Мұратбеков «Менің қарындасым» атты алғашқы әңгімесімен-ақ жаңаша жазудың негізін қалап кетті. Содан бастап әдебиетке лек-легімен келіп жатқан 60-жылдардағы талантты толқынның өкілдері Әуезов пен Майлиндерден кейінгі дәстүрлі прозаны жаңаша түрлендіру керек екенін ішкі бір түйсікпен сезе бастады. Басқаша айтқанда, Сайын Мұратбеков тыңнан түрен салып, басқаша жазудың үлгісін іздеген талантты жазушылардың бәріне де жол көрсетіп берді», – деп жазды Facebook парақшасында. «Менің қарындасым» әңгімесі – Сайын шығармаларының бастауы. Қаламгердің өзі де әу баста осы әңгімесін танытуға ақын Әбу Сәрсенбаевтың септігі тигенін жасырмай айтатын еді. Сайын прозасының басты ерекшелігі суреткерлігінен гөрі, психологизмнің басым екенін айтады сыншылар. Бұл шығармаға алғашқылардың бірі болып, қазақтың көрнекті жазушысы Тахауи Ахтанов баға берген екен. «Бізде шағын жанр – әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасалған психологизм ұшқындары бар», – дейді көрнекті жазушы. Мұратбеков әдебиеттің есігін осылай ашқан еді. Расында, «Жабайы алма» – ғажап шығарма. Ащы алманы қырш-қырш шайнаған балалар. Өмірлері тіпті одан да ащы. Бүкіл кейіпкерін жатқа білесің. Оқиға да өмірден алыс емес. Сұм соғыс бітпеген. Әкелері майданда, ауылдағы өмір де керемет болып тұрғаны шамалы. Әр кейіпкерін есіңнен шығара алмайсың. Бала кезімізде оқысақ та, әлі күнге ұмытпаған, ұмытылмайтын шығарманың біріне айналған. «Жабайы алма» ғана емес, жазушының барлық әңгімесі дерлік, солай естен кетпейтін шығармалар. Бас алмай оқисың, өзіне еріксіз елітіп әкетеді. Ғажайып суреткердің қызы әкесінің мерейтойы пандемияға байланысты атап өтілмегенін айтады. «Ешқандай мерекелік іс-шара, конференция болған жоқ. Тек 15 қазанда теледидарда ол туралы бағдарлама көрсетті», – дейді Құралай Сайынқызы. Мерейтойға байланысты ма, әлде бұрыннан жоспарда тұрған дүние ме, биыл жазушының екі кітабы жарық көріпті. Бірі – «Жабайы алма», екіншісі – «Қылау». Биыл Алматы облысы қаламгердің 85 жылдығына орай байқау жариялаған екен. Бұл туралы ақын Жангелді Немеребаев айтты. Ол: «Сайын Мұратбеков – бір ғана Жетісудың ұланы емес, барша қазақ құрметтеп, асқақ тұтатын жазушылардың бірі. Осыдан бір апта бұрын облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада қаламгердің 85 жылдығына арнап арнайы кездесу өтті. Ол кісінің туған бауыры мен қарындасы қатысты. Көп естеліктер айтылды. Жетісуда «Жанр» әдеби клубы «Жусан иісі» деген байқау жариялап жатыр. 12 қарашада республика көлемінде ғылыми-практикалық конференция өтеді деген жоспар бар. Рас, жазушының 80 жылдығы да «жетім қыздың» тойындай өтті. Тіпті, биылдың өзінде көп нәрсе ескерілмей жатқанын мойындаймыз», – дейді. Марқұм Аманхан Әлімұлы Мұратбековтің 80 жылдық мерейтойының елеусіз өткеніне қамығып, «біз – даңқ пен дақпырттың адамдарымыз. Қай жерде марапат болса, сол жерді айналшықтаймыз. Кім мақтау сөз естісе, соны жамырай насихаттаймыз. Мақтау мен марапаттан жырақ жүруге тырысқан таланттардың бірі – Сайын Мұратбеков. Ол адам ретінде де, жазушы ретінде тау тұлға болатын», – деп жазған екен. Қай кезеңде де құндылығын жоймайтын өміршең шығармалар болады. Мұратбеков шығармалары да сондай. Алайда қазір қоғамда алғашқы орынға – әдебиет емес, ақша шыға бастады. Нарықтың заңы үстемдік құрып, адам ақшаға қараған кезеңде проза өле бастайды екен. Шығарма оқылмаған соң, автор да естен шығатыны даусыз. Бұл бір Сайын Мұратбековке қатысты емес. Аман ақын айтқандай, «нарықтың тілін түсінгендердің мерейі үстем болатын» кезде әдебиеттің өз адамдары, шын таланттары ескеріле бермейді, еленбейді. Қазақ әдебиетінің бүгінгі трагедиясы – осы. Әйтпесе, Сайын Мұратбековтей классик жазушының мерейтойы «жетім қыздың» тойындай болып, елеусіз қалмас еді. Республика мектептерінде Сайын шығармалары оқылып, «Сайын оқулары» бастау алса да, жарасатын еді. «Қылау» қазақ әдебиетіне енді. Одан бөлек, «Жабайы алмадан» үзінді берілген шығар. Қазіргі мектеп оқушылары Мұратбеков шығармаларын оқып, көркем әдебиеттің құнарына қанып өсті ме? Жоқ. Өйткені насихат жоқ. Насихаты жоқ әдебиеттің келешегі де күңгірт. Нағыз лирикалық прозаның негізін қалаған жанның көркем дүниелері адам жанына сәуле түсірер еді-ау деп ойлайсың. Амал нешік, нарық ақшаға қызмет етіп кетті де, адам жанына жанашыр болатын кейбір құндылықтар көлеңкеде қалып қойды. Өзге ел аяулы тұлғаларын ардақтап, құрмет көрсетіп жатады. Ресейдің өзінде орыс әдебиетінің классиктері төрде тұр. Біз, керісінше мықты тұлғаларымызды, ардақтыларымызды ардақтап, аялаудан кенде қалып барамыз. Бір кем дүние...Айым БЕКТҰР