Ауыл білімі ақсап тұр
Ауыл білімі ақсап тұр
© коллаж: Елдар Қаба

Жуырда сенатор Ақылбек Кү­рішбаев еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру грант­тарын бөлу жүйесінде өзге­рістер енгізу керегін жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттік грант­тар мен стипендияларды тес­тілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мем­лекеттің қолдауынсыз оқи ал­майтындарға әлеуметтік көмек көр­сету мақсатында бөлген жөн.

Білім саласының мамандары мен халық қалаулылары бірнеше жылдан бері ауыл мен қала арасындағы білім ал­шақтығы салдарынан тұрмысы төмен ауыл балалары мектепте алған білімдерінің төмендігіне байланысты мемлекеттік білім беру гранттарын алу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша қажетті ұпай жинай алмайтынын айтып-ақ келеді. Грантқа іліне алмағандықтан ақылы негізде оқуға мүмкіндік тағы жоқ. Қазір ауылды жерлерде 5 мыңнан аса мектеп бар. Ол жерде шамамен алғанда 2 млн бала оқиды. Бірақ ауыл мектеп­теріндегі білім сапасы қалалы жер­дегі білім берумен салыстырғанда әлде­қайда төмен. Біріншіден, материалдық-техникалық базасы көңіл көншітпейді. Ауылдық мек­тептердегі материалдық-техникалық база көбінесе нормативті талаптарға сәйкес келмейді. Әлгі айтқан 5 мың мектептің 90%-ға жуығында қарапайым спортзалдар бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ал 2005 жылдан бері мектептерді линга­фон­дық және мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті тақталармен жабдықтандыру басталғанымен, ауылдық мектептерді ком­пьютермен қамтамасыз ету әлі де өзекті. Физика, химия, биология, математика, лингафондық кабинеттер кемшін. Тіпті, бүгінде ауылдарда 200 білім беру нысаны жетіспейді. Сондай-ақ 25 мектеп апатты жағдайда, 75-і үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Педагогтердің тапшылығы 2 100-ден астам адамды құрайды, бұл – республиканың педагог кадрларға деген барлық қажеттілігінің 60 пайызы. Ауыл мектебінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы қатар оқытатын жағдай бар. Екіншіден, ақпараттық-комму­ника­циялық технология қолжетімсіз. Өйткені ауыл мектептері толықтай интерактивті құралмен жабдықталмаған. Оған интернет сапасының көңіл көншітпейтінін тағы қосып қойыңыз. Ауылдағы интернет жыл­дамдығы оқушы мен ұстаздарды әлі күнге әуреге салып келеді. Соның салдарынан kundelik.kz, BilimLand сияқты электронды платформаны пайдалану қиын.

Ауқымды жоба ауылға жетпеген

Былтыр Мәжіліс депутаты Дания Ес­паева шалғай ауылдарды былай қойғанда, онлайн оқу кезінде қаладағы көпбалалы отбасылардың балалары бір смартфонға таласып, сабақ оқып жүргенін айтқан еді. «2017 жылы Білім және ғылым министр­лігінің бастамасымен Дүниежүзілік банк­тен 67,5 миллион теңге қарыз алынған бо­латын. Жобаның атауы – «Орта білімді жаң­­ғырту». Негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін те­ңес­тіру. Осылайша, 5 мың мектепті муль­­тимедиялық құрал-жабдықпен қам­тамасыз етуге шешім қабылданды. Ауыл мектеп­терінің барлығына компьютерлер мен кең­се техникасы жеткізіледі деген жоспар болған. Ең бастысы, интернет жылдамдығы баяу мектептерге қосымша сымсыз бай­ла­ныс құралдарын орнату көзделген», – деді депутат. Алайда осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жария­лан­баған. Компьютерлер мен интернет құ­рал­дарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырма да әзірленбепті. Осыдан-ақ ауыл мен қала білімін теңестіруге бағытталған ауқымды жобалар ауылдарға жетпегенін аңғаруға болады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті Гүлмира Әшірбекова ауылдың талантты балалары тілдік кедергілерге тап болатынын тілге тиек етті. «Ауыл балалары өте талантты. Жазуға, ойын жеткізуге шебер. Сабақты бар ынтасымен тырысып оқиды. Бірақ орыс және ағылшын тілдерінен қатты қиналады. Мысалы, бізде шет тілінен деңгейіне қарап топқа бөлгенде, ауыл балалары ағылшынды жалғастырушы топқа жазылып алып, ары қарай алып кете алмайды. Өйткені ауыл балаларының ағылшын тілі бастауыш теңгейде қалып қойған. Амал жоқ оларды бастауыш топқа қайта ауыстырып, әріптен бастап қайта оқытып жатырмыз», – дейді Гүлмира Әшірбекова.

Алшақтық неден басталады?

Ауыл мектебін кілең беспен оқитын ба­лалар қала мектептеріне ауысып кел­генде қиналады. Оның себебі ауыл оқушы­ларының білім алу көздеріне қолжетім­сіздігі. Мәселен, қала баласы уақыт тала­бына сай интернет жылдамдығы жоғары құрылғыдан кез келген ақпаратқа қол жет­кізе алады. Өйткені қазіргі оқушылар қажетті ақпараттың 99 пайызын интер­неттен табады. Оның үстіне, қала мектеп­терінде қосымша түрлі үйірме мен курс ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Оқушы­лар сарайында да оқушылардың ой-өрісін, білім кеңістігінде еркін көсілуге мүмкіндік көп. Қаржысы жетіп тұрса жекеменшік тіл курстары мен дайындық топтары да толып жатыр. Сондай-ақ қалада кітапхана, мұра­жай мен танымдық деңгейді көтеретін ор­талықтар бар. Ал ауыл мектебінің оқу­шыларына бұл мүмкіндік арман болып тұр. Керек десеңіз, оқушы саны аз мектептерде бұрынғыдай би мен домбыра үйірмесі өтпейді. Оның үстіне, кейбір мектептерде оқуды сырттай бітірген мұғалімдер ағыл­шын тілі сабағынан сағат алады. Осыдан кейін ауыл мен қала баласының шет тілін меңгеруі де екі түрлі болатыны айдан анық. Ауыл емес, қаладағы жағдайы төмен отбасылардың балалары мектеп беретін шектеулі білімге шүкірлік етеді. Қара­жат­тың жоқтығынан қосымша дайындыққа бара алмайтындар мен түрлі курсқа жа­зылған оқушылардың өзінде айырма­шы­лық жер мен көктей.

Ауыл баласы білімге мұқтаж

Білімі ақсап тұрған ауыл мектеп­те­ріндегі оқушылардың оқу үлгеріміне аза­маттардың табысындағы айырмашылық әсер етеді. Коронавирус пандемиясы, эко­номикалық дағдарыс және инфляция халықтың аз қамтылған топтарын одан әрі кедейлендіре түсті. Ал табысы күнкөріс дең­гейінен төмен отбасылардың үлесі, қалаға қарағанда ауылдық жерлерде 2,5 есе көп. Сенатор Ақылбек Күрішбаев осындай әлеуметтік ахуал жас ұрпаққа теріс әсерін тигізуі мүмкін екенін тілге тиек етті. «Жас­тар өз отбасыларының материалдық жағ­да­йына қарамастан лайықты білім алуы керек. Жыл сайын елімізде 150 мыңға жуық оқушы орта мектепті бітірсе, олар­дың 74 мыңы, яғни жартысы – ауыл жас­тары» екенін айтқан ол ауыл балаларына қала мектептеріндегідей мүмкіндік берсе, тау қопара алатын таланттылары көп еке­нін айтады. Өйткені ауыл балалары таби­ғатынан дарынды, оларды үлкен еңбек­қор­лық пен ерекше патриотизм сезімі ерек­шелендіріп тұрады. Өкінішке қарай, аз қамтылған отбасылардан шыққандар мен ауыл мектебінде білім алған көптеген дарынды балалар мемлекеттік білім беру гранттарына қол жеткізе алмайды.

Квота көлемін көбейту керек

Сенатор ауыл мектептерінің түлекте­ріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан ең болмаса 50 пайызға дейін арттыру керек деген талайдан бері айтылып жүрген ұсынысты қайта тастады. Мұндай тәжірибе әлем елдерінің біра­зында бар. Айталық, АҚШ-та оқуды өтеу­дің екі түрлі құны бар: барлығы үшін шарт­ты құны және әлеуметтік осал топ­тардағы студенттерге арналған арнайы құн. Жағдайы төмен студенттер үшін оқу ақысы бойынша жеңілдіктер беріледі. Оларға стипендия тағайындаудың басты өлшемшарты – жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі. Яғни, бұл мем­лекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берілген. Ал білімді екі түрлі бе­ріп отырғанымызға қарамастан, әлеу­меттік осал топтардың әртүрлі санаттарына қарастырылған квота небәрі 0,5-5 пайызды құрайды. Сол үшін еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгеріс енгізетін уақыт жет­ті.

Несиеге оқып жүр

Журналист Бердібек Хабай квотаға іліне алмаған әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары ЖОО-да оқу үшін несие алып жатқанын айтты. «Бір таны­сым­ның баласы грантқа балы жетпеген соң елордадағы жекеменшік білім орда­сына құжатын өткізген. Оқу ақысы 600 мың теңге болған соң, ата-анасы бірінші жартыжылдыққа 300 мың теңге банктен қарыз алды. Енді студент баласы оқуының жартысын өзі төлеу үшін жалдамалы жұ­мыс істеп жүр. Енді ғана мектеп бітірген жас жеткіншектің өзін несиеге тығып отырмыз. Білім ала ма, әлде кредит төлей ме?» – дейді ол. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләлов білім гранттарын бөлу және стипендия таға­йын­дау мәселесі дұрыс көтерілгенін айтады. «Өйткені әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан студент­терге көрсе­тілетін көмек, білім мекемелері тарапынан қарастырылатын жеңілдіктер мен мемле­кеттік грант саны көбейсе, білімге құштар жас­тар қатары артар еді. Сондықтан мем­лекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету орынды. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен білімі – маңызды мәселе», – дейді Дархан Нұрланұлы. Білім грантына іліне алмаған түлектер арасында өз-өзіне қол салу жағдайы да жиілеп барады. Тегін оқудан тауы шағыл­ған кейбір жастар жалдамалы жұмысқа жегіледі. Ал ЖОО-на білім алғандар да бі­лімнің бірінші іргетасы дұрыс қалан­бағандықтан, қала баласымен қатар еңбек нарығына түскенде, қалауындағы қыз­метке тұра алмайтыны тағы бар. Яғни, мек­тептен басталған алшақтық өмір бо­йына азық болмас үшін де ауыл мен қала алшақтығын теңестіру керек-ақ.

Жадыра МҮСІЛІМ