Себебі, мектепке дейінгі мекемелер үш жылдан бері әр балаға берілетін субсидия мардымсыз. Сондықтан балабақша басшылары қызметкерлерге жарытып жалақы төлей алмай отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.
«Қаржы тапшылығынан қажыдық» деген 150-ге жуық жекеменшік балабақша құрылтайшысы Түркістан облысының әкіміне барды. Айтуларынша, мемлекеттен берілетін қаржы бала басына 25 мың теңгеден аспайды екен. Ал үш жыл бұрынғы министрліктің бұйрығы бойынша, қаладағы бақшалар үшін 37 мың, ауылдағылар үшін 41 мыңнан кем болмауы керек. Бірақ бәріне ортақ бұл заң Түркістанда жүрмейді дейді. Сондықтан мардымсыз жалақыға жұмыс істейтін тәрбиешілер жаппай жұмыстан кетіп жатыр.Мәселе шешілмесе, 40 мыңға жуық балабақша қызметкері жұмыссыз, ал 115 мың бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін екен. Жауапты шенеуніктердің айтуынша, мәселе Қаржы министрлігінің тиесілі қаражатты бөлмей отырғанында екен. Өзге өңірлерге келгенде жомарт министрлік, Түркістан облысына тиын татырмай отырған көрінеді.Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымастығының өкілі Ділдар Хабибова: «Бұл жерде біздің, біріншіден, балалардың құқы тапталып жатыр. Екіншіден, кәсіпкерлердің құқы тапталып жатыр. Үшіншіден, педагог кадрлардың құқы тапталып жатыр. Өзге облыстар 50-40 мыңнан алып жатқанда, Түркістан ғана – 25 мың. Сондықтан біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санаттағы тәрбиешілеріміз базарға шығып жатыр», – дейді.
Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев: «Білім және ғылым министрлігі тарапынан бізден қолдау тапты. Оны қаржы министрлігіне БҒМ ұсынды. Бірнеше рет ұсынды. Қазір Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр... Бюджет тапшылығынан», – дейді.
Жекеменшік балабақша иелері мәселеге Үкіметте отырғандар атүсті қарамаса дейді. Онсыз да қарызға батып жатырмыз деген балабақша құрылтайшылары жаңа жылдан бастап жаппай жабылып қаламыз деп қорқып отыр.