Көкшетауда электр энергиясы үшін тариф құны тағы қымбаттауы мүмкін. Өйткені электр энергиясын тарату желілерінің әбден тозығы жеткен. Шаһарды жарықпен қамтитын жалғыз компания «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осылай деп мәлімдеме таратты.
Кәсіпорын 80 пайыздан аса тозған желілерді жаңартуға қауқары жетпейтінін ашық айтты. Күрделі мәселе аталған компанияның тарифтік сметалар және инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы туралы баспасөз турында мәлім болды. Облыс орталығы болғанымен, қалада электр желілері жиі істен шығып, жөндеу жұмыстары бітпей, көшелердің жарығы апталап, тіпті айлап болмай қалатын уақыттар жиі кездеседі. Мыңдаған абоненттің жарығының бірнеше күн бойы өшіп барып, іске қосылған күндер де болып тұрады. Тұрғындардың әлеуметтік желілер мен жергілікті билік басындағыларға жолдаған арыз-ағымдарына компания басшылығы өздері жауап берді. Компания директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Татьяна Воротынцеваның айтуынша, тарифтік смета бойынша кәсіпорынның шығыны іс жүзінде 7 миллиард 298 миллион теңгеге жетіп жығылған. Шығын негізінен өндірістегі қызметкерлердің жалақысына, материалдық шығындар мен жөндеуге кетеді. Ал жарық желілерінің үзіліп, апаттық жағдайлардың көбеюі электр желілерінің тозғанынан болып отыр.Энергияны таратушы компанияның шығыны миллиардтарға жеткен
«Техникалық қызмет көрсету, жанар-жағармай, шаруашылық қажеттіліктері үшін энергия, нормативтік шығыстардың өзі 3 миллиард 589 миллион теңгені құрады. Аталған бап бойынша шығын бекітілген сомадан 2,9 пайызға төмен. Бұл жоғарыда аталған шығынға компанияға энергия таратушы ұйымдардың үлкен дебиторлық қарыздарынан туындады. Олардың шығыны 1 миллиард теңгеден асып кетті, – дейді Татьяна Воротынцева. Кәсіпорын мәліметінше, шығынның екінші бірі өндірістік қызметкерлердің жалақысы. Ол 2 миллиард 903 миллион теңгеге жеткен. Бұл шығын бекітілген сомадан 0,3 пайызға төмен. Ал кәсіпорынның өткен жылғы орташа жалақысы 99 мың 621 теңге. Бұл облыстық орташа көрсеткіштен екі есеге дейін аз. «Амортизация 706 миллион теңгеге жетті. Тек 1,2 пайызға төмен. Барлығы бухгалтерлік есепке сәйкес есептелген. Барлық амортизация амортизациялық бағдарламаларды орындауға бағытталған. Былтыр жөндеу жұмыстарына 350 миллион теңге шығындалды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 пайызға төмен. Бұл, әрине қаражаттың жетіспеушілігінен болды», – дейді Татьяна Воротынцева. Ал, керісінше компания табысы салынған 128 миллион теңгеге қарамастан өткен жылы тек 99 миллион теңгені ғана құраған. Барлық түскен табыс толықтай инвестициялық бағдарламаларды орындауға бағытталыпты. Компанияның деректеріне сенсек, шаһар халқының электр энергиясы үшін қарызы жоқ. Сондықтан да алдымен электр энергиясы жеткізіліп, содан кейін ғана төлем жүргізіледі.Тозған желілерді ауыстыру үшін 200 жыл қажет
«Бізде тарифті көтеруден басқа амал қалған жоқ. Жыл сайын осы мәселе. Тарифті барынша ұстап тұрмыз. Өйткені электр энергиясына жоғары тарифті халықтың қалтасы көтермейді. Сонымен бірге біз соңғы тұтынушымыз. Стансаларда электр энергиясы үшін бағаны көтергенде антимонополиялық комитет оны реттемейді. Ал бізді бақылауға алған. Сондықтан да бізде осындай жағдай туындап, тозған жабдықтармен қалдық. Біздегі жабдықтардың бәрі Кеңес Одағынан бері еш ауыстырылмаған. Қазіргі жағдайда мәселені шешу де мүмкін емес. Өйткені осы қолданыстағы инвестициялық бағдарламамен біз жабдықтарымызды тек 200 жылдан кейін ғана ауыстыра аламыз. Бұл тұйық шеңберден қалай шығамыз?», – дейді Владимир Попов. Компания өздеріндегі қаражат тариф арқылы ғана келетінін жеткізді. Ал тарифтің ұлғаюын жеке тұлғалар көтере алмайды. Яғни, компания мемлекеттік субсидия алу ғана мәселені шешуі мүмкін екенін айтады. «Бізге қаражат тарифпен ғана келеді. Әрине, тарифті шамадан тыс өсірсек, жеке тұлғалардың қалтасы көтермейді. Сондықтан тығырықтан шығудың жалғыз жолы – мемлекеттік субсидиялау. Бірақ электр энергиясын субсидиялау еліміздің заңнамасымен қарастырылмаған. Ал энергетика жыл сайын қаражаттың жоқтығынан тозып барады. Соған қарамастан қызмет сапасын арттыру талап етіледі. Ескі жабдықтар және ескі технологиялармен қалай орындамақпыз?», – дейді Татьяна Воротынцева. Дегенмен әзірге жеке тұлғаларға тариф көтерілмейтін болды. Мамандар тарифтер қазір жеке тұлғалар үшін өзіндік құнынан 8 теңгеге төмен босатылатынын жеткізді. Ал бұл айырмашылық бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалардың есебінен шығарылады. Заңды тұлғалар өте жоғары тарифпен төлем жасайды. «Департамент тарифті ұстап тұру үшін қыруар жұмыс атқарылды. Өткен жылы шекті тарифтің уақыты аяқталып, «Көкшетау Энерго» 2021 -2025 жылдарға, яғни алдағы 5 жылдыққа жаңа тарифті бекітуге өтінім жасады. Берілген жобалар 15-20 пайызға дейін төмендетілді. Осының арқасында біз жылдың басында тарифті ұстап тұра алдық. Электр энергиясына бағаның негізгі өзгерісі электр стансаларының өзінде тарифтің көтерілуімен байланысты болып отыр. Онда екі мәрте өзгерістер болды», – дейді Ақмола облысының Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Азамат Сабыржан. Қысқасы, Көкшетауда электр энергиясына тариф қымбаттауы бек мүмкін. Ал оның қаншалықты өзгеріп, тарифтің халықтың қалтасын қаншалықты қағатыны алдағы уақыт еншісінде.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы