«Бес жерден пышақтады» – Алматы облысында ажалдан аман қалған қыз араша сұрайды
«Бес жерден пышақтады» – Алматы облысында ажалдан аман қалған қыз араша сұрайды
Фото: yandex.kz
191
оқылды

Оның айтуынша, тамыз айында Түркістаннан қыдырып келген ол жездесі әпкесін соққыға жығып жатқан сәтінде араша түспек болған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Ұрыс кезінде ашуға мінген жезде балдызын бес жерден пышақтап тастаған. Екі күннен соң әрең есін жиып, аман қалған қыз полицейлердің сылбырлығына наразы. Өйткені арада екі ай өтсе де, жездесі әлі қамауға алынбаған. Ақнұр Әшілбай жаздың соңғы айында Түркістаннан Алматыға қыдырып келгенін айтады. Әсем қаланы туысқан әпкесімен армансыз аралаған бойжеткен тамыздың 16-да кешкілік Шамалған ауылындағы жездесінің үйіне барыпты. Алайда қабағы қатулы отағасы әпкесіне жұдырық ала жүгіріп соққыға жығыпты. Екеуін ажыратуға тырысқан бойжеткен «әпкеме жаным ашып араша түстім» дейді.  Бірақ жездесі екі ортада оны өлтірем деп қорқытып, бес жерден пышақтапты.

Ақнұр Әшілбай: «Сені өлтірем» деп бастады. «Сені қырам, үйге кетіп қалсаң да, әке-шешеңмен қырып тастаймын» деп айтты. Арқамнан екі рет пышақ сұғып тастады. Және де сол кезде әпшем келіп сол пышақты алып жатқан кезде бетімді тіліп кетті. Содан кейін көкірек тұсыма пышақ сұқты. Ол – үшінші, бетімдегі – төртінші. Одан кейін мына жерге, қолыма сұғып кіріп кетті», – дейді.

Қатты қансыраған Ақнұр Қаскелеңдегі ауруханада екі күннен соң есін жинапты. Он бес күн ем қабылдаған бойжеткенге ота да жасалған. Денесі пышақ ізінен қалған тыртықтан көрінбейтін оның ішкі ағзалары да зақымданған екен. Ал сіңлісі күйеуінің қолынан мерт бола жаздаған Жанар Серікбаева жантүршігерлік жағдайдан кейін жолдасынан бөлек тұрады.

Жанар Серікбаева: «Кешірілетін дүние емес. Мен осы уақытқа дейін оның маған бар істегенін кешірдім. Бірақ менің туысқан сіңіліме істегені кешіретін дүние емес. Өз туысқандарым арасында да мені қарабет қылды», – дейді.

«Ешкім кешірім сұрап келмеді» деген жәбірленуші полицияның селқостығына да қапалы. Өйткені күдікті «екі айдан бері бостандықта жүр» деген ол ешбір шара қолданбағанын айтады. Тергеушілер жауап алмақ тұрмақ, телефон тұтқасын көтермейтін көрінеді. Алайда балдызына пышақ сілтеген Марат Есжановтың айтуынша, үнемі екі ортаға түсетін қайын жұрты осындай жағдайға жеткізіпті. Сол түні әйеліне қол жұмсағанын айтқан ер адам соңында жары мен балдызы өзін қосылып сабағанын айтады. «Ашу үстінде не істеп, не қойғанымды білмедім» деген ол «полицияға өз аяғыммен бардым» дейді. Марат Есжанов: «Ақнұр менің шашымнан тартып, бетімнен тырнап итеріп жіберген кезінде артымда ас үйде пышақ жатқан. Сол пышаққа келіп сүрініп құладым да, сол қолыма пышақ түсіп қалды. «Қоясыңдар ма, қойсай, Ақнұр» деп былай істеген кезімде, сол кезде пышақ кіріп кетті...», – деген уәжін айтады. Марат Есжанов кешірім сұрауға қанша талпынса да, қайын жұрты қабыл алмағанын айтады. «Болған іске өкінемін» деген ол қазір үй қамақтамын дейді. Себебі, аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы: «Бұл фактімен ҚР ҚК 106-бабы, яғни денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақатын келтіру бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Күдіктіні полицейлер сол күні ұстап уақытша ұстау изоляторына қамады. 18-тамыз күні тергеу сотының шешімімен бұлтартпау шарасы үй қамағына ауыстырылған», – дейді.

Алайда түрлі заңсыздықты тізбелеген адвокат полиция дерегімен келіспейміз дейді. Оның айтуынша, қылмыстық іс «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қозғалуы тиіс.