Депутат Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Ресейдегі мектептерде болған оқиғалардан соң Қазақстан да қамсыз отырмауы тиіс.
Депутат Ішкі істер және Білім және ғылым министріне жолдаған сауалында бірнеше мәселені айтты.Оқу орындарында көбінесе зейнеткерлер күзетші болып жұмыс істейді. Сондықтан депутат балалардың қауіпсіздігі үшін күзет қызметін көрсететін саладағы проблемаларды жедел шешу керек деп санайды.«Сенаторларды білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Себебі, жуырда Пермь мен Қазандағы оқушылардың қазасы мектептердегі күзетті күшейту керегін көрсетті. Біздің елде де кемшілік көп. Күзет қызметі туралы заңның 5-бабына сәйкес, тиісті лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана нысандарды күзете алады. Білім беру мекемелерін күзету үшін мұндай компаниялар конкурстық негізде таңдап алынады. Конкурстарда ең төмен баға ұсынған компания жеңіске жетеді. Төмен баға ұсынған компания ақшаны күзетшінің айлығынан үнемдейді. Олардың айлығы 70-100 мың теңгенің аралығында», – деді Ақылбек Күрішбаев.
Сенатор Ақылбек Күрішбаев бұған дейін шұрайлы жерлер 21 адамның иелігінде екенін айтқан болатын.