Елорданы дүбірлетер театр фестивалі
Елорданы дүбірлетер театр фестивалі
274
оқылды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада «ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week» театр фес­тивалі өтеді. Оған қаланың және шетелдің үздік 11 ұжымы қатысып, 20-дан астам қойылым көрсетілмек.

Театр фестивалі елордада 28 қазан мен 1 қараша аралығында өте­ді. «Астана Опера» театры мен қа­зақ драма театры үздік қойы­лым­дарын көрсетеді. Қ.Қуанышбаев атындағы комедия театры, Ә.Мәм­бетов атындағы орыс драма театры, сондай-ақ елордалық қуыршақ театры, МТЖО, «Жастар», «Наз», Astana Musical театры да өз өнер­лерін ортаға салады. «Бұл шараның мақсаты – мәде­ниет қайраткерлерін қолдау, көрер­мендер үшін де, фестиваль қатысу­шылары үшін де мерекелік көңіл күй қалыптастыру. Бұл фестивальді өткізуге алғаш рет қаланың барлық инфрақұрылымы, оның ішінде шағын және орта бизнес тартылады. Театр апталығы кезінде көрмелер, театр сахнасының жетекші театрлары мен мэтрлерінің түрлі шеберлік сыныптары ұйым­дастырылады, сондай-ақ қала тұр­ғындары арасында спектакльдер­дің қызықты премьералық қойы­лым­дарына билеттер ойнатыла­ды. Театр апталығын ұйым­дас­тыруға қатысты барлық ақпарат www.visitnursultan.kz сайтында жарияланды»,– деген еді елорда әкімі Алтай Көлгінов. Театр фестивалі Қазақстан Тә­уелсіздігінің 30 жылдығына орай­лас­тырылған. Оған құрметті қонақ ретінде Малая Броннаядағы Мәс­кеу драма театрының және С.Об­раз­цов атындағы Мемлекеттік ака­демиялық орталық қуыршақ театрының ұжымдары қатысады. Фестиваль бағдарламасында танымал спектакльдер, шеберлік сыныптары, заманауи және бейне­леу өнерінің көрмелері және тағы басқалар бар. Олардың қатарында «Қыз Жібек» операсы, «Абай-Тоғ­жан» музыкалық драмасы, «Құ­нан­бай», «Жарқанат», «Ромео мен Джу­льетта», «Жібек» спектакльдері, «Жизель» балеті және басқалары бар. Бағдарлама аясында 30 қазан күні кешкі сағат 19.00-де жас кө­рер­меннің музыкалық театры Н.Мо­шиннің «Дүние-ғапыл» метафизи­калық драмасын көруге шақырады. Қойылым авторлары өмірдің маңы­зын, адамның жай-күйін көрсете отырып, бүкіл адамзат үшін ортақ тақырыпқа жүгінеді. Қоюшы-ре­жиссер және сценограф – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Күндіз сағат 17.00-де театр әр­тіс­тері Федор Достоевскийдің «Бра­тья Карамазовы» романының желісі бойынша «Улдар» драмасын көрсетеді. Спектакль жасөспірім­дердің өмірі туралы баяндайды, тәрбиелеудің, балалармен өзара қарым-қатынас жасаудың өзекті мәселелерін көтереді. Қоюшы ре­жиссері – Ерназар Жаңатілек, аудар­масын жасаған – А.Омаш. 31 қазан күні сағат 19.00-де «Жастар» театрының сахнасында Т.Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклі өте­ді. Сюжет желісінде кедергілер мен драманы бастан кешіретін екі жас жүректің махаббат тарихы жатыр. Әуенмен толтырылған, қайғыға то­лы – бұл махаббат тарихы көрер­мен­дердің жүрегін бейжай қалдыр­майды. Қоюшы режиссері – Нұр­қанат Жақыпбай, қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов, хормейстер – Әнел Сіргебаева, балетмейстер – Гюзел Мұхамеджанова. фестиваль Сол күні «НАЗ» мемлекеттік би театры «Тұғырғындар» хореогра­фиялық спектаклін ұсынады. Қо­йы­лым қазақ халқының Қазақ хан­дығы құрылғанға дейінгі ежелгі тарихы, біздің жерлеріміз сақтар, ғұндар, қаңлылар мекендеген VI-XI ғасырлар аралығындағы кезең ту­ралы баяндайды. Көрермендер Тү­рік қағанатының қалай құрылға­нын және қалыптасқанын көреді. Қоюшы хореографтар – Е.Ағым­баев, К.Ағымбаева, М.Айтмағам­бе­това. Басталуы сағат 17.00. Astana musical мемлекеттік теат­ры көрермендерді 31 қазан күні сағат 18.00-де COVID-19 би-пер­фор­мансына Qazaqstan ОКЗ каме­ралық залына шақырады. Хорео­графиялық спектакль карантин кезіндегі адамның мәңгілік құн­дылықтары, ішкі жағдайы, сана­сын­дағы өзгерістер, халықтың абсурд әрекеттері мен сенімдері, жақындары мен туыстарынан айы­рылған кездегі азабы туралы ойлар­ды ұсынады. Спектакльдің режис­сері – Әнел Мырзағұлова, музы­калық шығарма авторы – Ақжол Өмірзақов. Сол күні сағат 11.30-да қуыршақ театрында қазақ халық эпосының желісі бойынша қойыл­ған «Ер Төстік» спектаклі көрсе­тіледі. Қойылымда қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, ата-аналар мен аға ұрпаққа деген қарым-қа­тынасы көрініс табады. Көрер­­мен­дерге батырлардың ерлігі, олар­дың өз жеріне деген махабба­ты туралы айтылады. Сонымен қатар көптеген қазақ мақал-мәте­лі айтылған. Ре­жиссері – Құралай Ешмұратова. Фестивальдың соңғы күні, 1 қа­раша күні «Жастар» театрының сах­­­насында «Қанаттылар» музы­калық-поэтикалық қойылым өтеді. Тағы да көрермендер жалпыадам­заттық құндылықтар, өмірдің мәні және тағдырдың белгілері туралы тәжірибе әлеміне енеді. Спектакль инклюзив­ті «Қанаттылар» театры үшін пре­мьералық қойылым. Ав­торы – Г.Са­лықбай, режиссері – Н.Вахитов. Айта кету керек, іс-шараларға кіру міндетті түрде Ashyq қосым­шасы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ келушілер бетперде режимін және әлеуметтік қашық­тықты сақтауы керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішін­де елорданың мәдени өмірі ай­тарлық­тай өзгергенін атап өткен жөн. Осы жылдар ішінде қалада 10-нан астам театр ашылды, өнер ұжымдарын көрермендері де жы­лы қабылдауда. Сондай театрдың бірі – Музыкалық жас көрермен театры. Театр биыл екінші маусы­мын ашты. «Нұр-Сұлтан қалалық Музыка­лық жас көрермен театрының екін­ші маусымы салтанатты жағ­дайда ашылды. Биыл біз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы келе жатыр. Ал театры­мызда еге­мендігіміздің құрдастары еңбек етіп жүр. Олар тәуелсіз елі­міздің өнер­дегі әлеуетін, шы­ғар­машылық кел­бетін көрсетеді. Сол себепті олар­дың алдында үлкен мақсат бар. Ал­ғашқы маусы­мы­мызда жұрт на­зарына жеті қойы­лым ұсынғанбыз. Биыл тағы бір­неше қойылым жос­парлап отыр­мыз», – деді театр директоры Асхат Маемиров. Театр басшысы жаңа маусымда жұртшылық назарына қандай қо­йы­лымдар ұсынылатынын айтып өтті. «Биылғы маусымда Гоголь се­кіл­ді әлемдік классиктің «Үйлену» комедиясын, Жүсіпбек Аймауы­товтың «Сылаң қыз» комедиясын, сол сияқты Мұхтар Әуезовтің, өзге де әлемге танымал классиктердің шығармаларын сахналау алдағы күннің жоспарында тұр», – деді ол. Айта кетейік, Музыкалық жас көрермен театры өткен жылдың со­ңында ұлы ақын Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына орай ашылған болатын.

Г. БЕКЗАТ