Биыл 9 ай ішінде еліміздің кәсіпорындарында 140 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың көпшілігі биіктен құлау, жол апаты салдарынан болған екен. Бұл жайлы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев хабарлады.
Салалар бойынша зардап шеккендер ең көп сала – тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 19,1 пайыз, сондай-ақ құрылыс саласында 11,3 пайыз және коммуналдық шаруашылық саласында 5,6 пайыз тіркелген. «Мемлекеттік бақылау нәтижелері анықталған еңбек заңнамасын бұзу көрсеткішінің шамамен 30 пайызы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына келетінін көрсетеді», – деп мәлімдеді Ербол Нұрғалиев. Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда өндірісте зардап шеккендердің саны 10,7 пайызға қысқарған. Сонымен қатар бес жыл ішінде Қазақстанда өндірісте қаза тапқандар саны 16 пайызға азайыпты. Оқыс оқиғалардың көбі Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлерінде екенін атап өткен жөн.М.ТӨЛЕУ