Соңғы жылдары елімізде волонтерлердің қатары артып келеді. Бұл – сөзсіз қуанарлық жағдай. Елге мен қажетпін, маған ел қажет деп әрекетіне ақша сұрамай қарекет қылатындардың көбейгені жақсы-ақ. Қазір еріктілердің маңызы мен қоғамдағы рөлінің ерекше екені сезіліп жүр. Сондықтан олар да қолдаудан тыс қалмауы қажет. Осы тұста волонтерлерге қатысты мемлекет саясатын айтпай кету мүмкін емес.
Мықтылық – бірлікте
Жалпы, қазақ халқы үшін волонтерлік әуелден жат түсінік емес. Қарекеті ұқсайтын амал бұрыннан бар. Ол – Асар. Ағайын-туыстың, ауылдастың жалғыз қолы жетпейтін жұмыс болса, жабылып келіп тындырып тастайды. Ол үшін ешкім ақы сұрап, еңбегін даулап жатпайды. Еріктілердің ісінен осындай жақсы нышан аңғарамыз. Волонтерлердің әлем елдері алдындағы абыройы зор. Алғашқы қадам 1993 жылы жасалған болатын. БҰҰ-ның еріктілер туралы бағдарламасы қабылданды. Ал жұртқа жәрдем жасау, көпке көмектесу жас таңдамайды десек те, еріктілердің қатарында жастардың көп екенін көріп жүрміз. Келешек ұрпақты жақсы іске баулуда мәні орасан. Ресми ақпар бойынша, республикамызда 200-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді екен. Еріктілер қозғалысымен 50 мыңнан астам адам қамтылған. Осынша күштің әлеуеті пандемия кезінде де толығымен байқалып, еріктілер саны 100 мыңға жетті. Ел басына қиын күн туғанда жастар легі көмегін аямады. Мәселен, сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біз біргеміз!» акциясы аясында еліміздегі әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсетілді. Отандық кәсіпкерлердің қолдауымен 2,2 миллион адамға жалпы саны 34 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек берілген. Осыған қарап, кез келген ауырлықты еңсеру кезінде еріктілер күшінің қажет екенін аңғарамыз. Мұны мемлекет те жете түсініп отыр. Оның бір мысалы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған еді. Ал бұл жыл өз қиындығымен де қатар келген болатын. Сол мезетте жаңағы айтқан еріктілер легінің пайдасын ел көрді.Волонтер жылы табысты болды
Іс жүзінде еріктілерге арналған жыл Жастар жылының қисынды жалғасы болды. Қоғамның ресурстары мен жасампаз энергиясына сүйенетін жастар бастамаларын дамытуға бағытталды. Волонтер жылы аясында 7 жалпыұлттық жоба жүзеге асырылды. 7 жалпыұлттық жоба аясында волонтерлік қызметті қолдау орталықтары құрылған болатын. Мысалы, «Білім» жобасы бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша волонтерлік көмек ұйымдастырылды. «Сабақтастық» жобасы бойынша волонтерлер балалар үйлерінің балаларына қамқорлық жасады. Сонымен қатар медициналық «Саулық», қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» құрылды. Волонтерлерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраны сақтауға тартуға бағытталған «Асыл мұра», қарттар үйлеріндегі жұмысқа бағытталған «Қамқор» және волонтерлерді хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге тартуға бағытталған «Үміт» жобасы да жүзеге асты. Бұдан соң волонтерлердің жұмыс тәжірибесін еңбек өтіліне қосу және жоғары оқу орындарына, колледждерге түсу кезінде волонтерлік қызметті есепке алу мүмкіндігі де қаралды. Аталған жобаларға шағын гранттар бөлу көзделген. Ал жоғарыда аталған жобалар бойынша нақты жергілікті міндеттерді шешуге бағытталатын 300 мың теңгеге дейін шағын гранттар бөлінді. Барлығы 420-ға жуық шағын грантқа қолдау көрсетіліп, корпоративтік волонтерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес секторды белсенді тарту жоспарланды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру бойынша да жұмыс жүргізілгенін айналып өте алмаймыз. Оларға түрлі фестиваль, спорттық марафон ұйымдастырылып, күрделі медициналық операцияларды өткізуге материалдық көмек берілді. Ауыл оқушылары арасында олимпиадалар өтті. Мұның бәрі жастарды еріктілер қатарына қосылуға ынталандыру болатын. Қорытар болсақ, ел үшін жұмылған еріктілер қатары алдағы уақытта да арта бермек. Ал атаулы жыл соның бір себепшісі болды. Волонтерлер қатарын, әсіресе жастардың толтыруы – көңілге болашаққа деген сенім ұялатады. Сол арқылы әрдайым көмек етуге әзір, қоғамға жақсы іспен ықпал ете алатын тұлғалардың қатары артпақ.Мадияр ТӨЛЕУ