ҚТЖ Маңғыстаудан Алматыға жүретін жолаушылар пойызын толықтай жаңартты
ҚТЖ Маңғыстаудан Алматыға жүретін жолаушылар пойызын толықтай жаңартты
481
оқылды

Жақында «Маңғыстау-Алматы» бағытындағы №77/78 жолаушылар пойызы толығымен жаңартылып, қолданысқа берілді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Петер Штурмның айтуынша, пойыз вагондары халықаралық стандарттарға сай жабдықталған.

Еліміздің батысы пен оңтүстік арасын жалғап жатқан пойызда жолаушылар үшін кондиционер, бейнебақылау орнатылған. Пойыз «Тверь» вагон жасау зауытының технологиясы бойынша «Тұлпар» зауытында құрастырылған. «Бүгін – біз үшін ерекше күн. Өйткені «Маңғыстау-Алматы» бағыты бойынша жаңа вагондарды пайдалануға бергелі отырмыз. Қазір біз 28 жаңа вагонды сатып алдық, олардың 18-і осы құрам үшін пайдаланылады. Вагондардың барлығы заманауи талаптарға сай және орындардың барлығы тек купеге арналған. Ауа тазалайтын фильтр мен өртке қарсы қауіпсіздік жүйесі де орнатылған. Сонымен қатар вагондарда электр құрылғыларын қуат­тайтын екі қуаттағыш, тоңазытқыш та бар. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін купе тек картаның көмегімен ғана ашылады. Бұл вагондар бұрынғыларымен салыстырғанда барлық жағынан қауіпсіз етіп жасалған», – дейді Петер Штурм. ҚТЖ-ға қарасты «Жолаушылар тасымалы» компаниясы алдағы уақытта көп­теген жоспарды жүзеге асыруды көздеп отыр. Компания басшылығы пойыз паркін жаңартып отыру аса маңызды екенін айтады. «Қазір біздің компанияда 2 100 вагон бар. Соңғы екі жылдың өзінде 250 жаңа вагон қосылды. Жақын арада қосымша «Тальго» пойызы да осы бағытқа шығарыл­мақ. Сонымен бірге тұтыну­шының талабы әрдайым орынды қағидасы біз үшін басты назарда болады», – дейді Петер Штурм.

Әйелдерге арналған жеке вагон бар

Бұл пойыз вагондары тек жаңартылып қоймай, пилоттық режимде әйелдерге арналған жеке купе вагон да пайдалануға берілді. Былтыр «Жолаушылар тасымалы» компаниясы халық арасында сауалнама жүргізіп, олардың талап-тілектерін де назардан тыс қалдырмаған. Осының негізінде жолаушылар пойызында тек әйелдерге арналған вагон да өз жұмысын бастады. Компания сұраныс болған жағдайда бұл жоба басқа бағыттарға да қосылатынын жеткізді. Қыз-келіншектерге арналған вагон «әйел» деп белгіленеді. Сонымен қатар бұл вагонға билет алған әйелдер жеті жасқа дейінгі ұл балаларды өзімен бірге алып жүре алады. «Жолаушылар тасымалы» компания­сының жақсы жаңалықтары бұл ғана емес. «Жыл соңына дейін компанияның ресми сайтында пойыздардың кешігуі туралы жүйені енгізуді көздеп отырмыз. 2022 жылдан бастап жолаушылар сайт арқылы пойыздардың кешігу мүмкіндігін алдын ала біліп отырады. Бұл тұрғындар үшін ауадай қажет. Сонымен бірге біз билеттерді онлайн сатып алу жұмыстарын қарқынды түрде ұйымдастырып жатырмыз. Жыл ортасынан бері мүмкіндігі шектеулі адам­дарға билетті онлайн түрде елу пайыздық жеңілдікпен алуға мүмкіндік берілді», – деді компанияның бас директоры П. Штурм. Халық арасында «ең жай жүретін пойыз» аталып кеткен «Маңғыстау-Алматы» пойызының жаңаруы тұрғын­дарды ерекше қуанышқа бөледі. Тіпті, шағын мереке болды десек, артық айтқандық емес. Ару  қала Алматыны бетке алып, сапарлап бара жатқан Бибінұр Сәкішева «Маңғыстау-Алматы» бағытын­дағы пойыздың жаңарғанына қуанышты екенін жеткізді. «Бұл күнді біраз күттік. Бұрынғы пойызбен тіпті салыстыруға келмейді. Мұнда жолаушыларға барлық жағдай қарастырылған. Ал әйелдерге арналған вагонның болуы өте құптарлық дүние. Себебі баласы бар әйелдерге бір купеде ер адамдармен қатар орналасу көбіне ыңғайсыздық тудыратыны жасырын емес. Бұрын ескі вагондарда сапарлау жаздың ыстығында өте қиын болатын. Ал қазір барлық вагондарда кондиционер бар екені қуантады», – дейді жолаушылап бара жатқан тұрғын. Жолаушылар үшін қызмет етіп жүрген жолсеріктер де қуанышты екендерін жеткізді. Жолсеріктер жаңа вагондардың қолданысқа берілуі қызмет сапасын да арттыра түсетініне сенімді. Айта кетейік, жаңа вагондар мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландыруымен сатып алынды. Жалпы, 2010-2021 жылдар аралығында жолаушылар компаниясы 1 153 вагонды жаңартқан, оның ішінде 141 вагон Маңғыстау облысы бойынша қызмет көр­сетеді. Ал компания 2020-2029 жылдарға арналған жылжымалы құрамды жаңарту стратегиясына сәйкес, 500-ге жуық жолау­шылар вагонын сатып алуды жоспарлап отыр.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы