2021 жылдың бірінші жарты жылы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының таза табысы 809 млрд теңге болды. Бұл былтырғы мерзіммен салыстырғанда 3,5 есе көп.
Дағдарысқа дағдармаған компания
Қаржылық көрсеткіштердің оңалуына мұнай бағасының орташа есеппен барреліне 67$ дейін өсуі, мұнай өңдеу көлемінің 13%-ға ұлғаюы, электр қуатын өндіру мен тасымалдау 22% және 20%-ға артуы, жүк тасымалының 3%-ға өсуі және контейнерлік транзиттің 32%-ға көбеюі әсер еткен. Одан бөлек, биыл жолаушылар тасымалында да ілгерілеушілік бар. Теміржол көлігімен тасымалдау 46%-ға және ұшақпен тасымалдау екі есе артқан. «Самұрық-Қазына» қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаеваның айтуынша, болжам бойынша 2021 жылы Самұрық-Қазынаның жиынтық таза табысы 1,195 млрд теңгеге жетеді деп топшыланып отыр. Ол пандемияға дейінгі 2019 жылдың көрсеткішіне жақын, әрі 2020 жылдың қортындысынан екі есе көп. Сарапшылардың пікірінше, жалпы пандемия кезіндегі дағдарыс мұнай өндіруші мемлекеттерге екі еселенген соққы болып тиеді. Оның бірі – жұрт қатарлы барлық әлем елдеріндегідей іскерлік белсенділіктің төмендеуімен байланысты болса, екіншісі – мұнай нарқының арзандауы. Қазақстанда мұнай ел экспортының 50 пайызын құрайтынын ескерсек, оның кері әсері тіпті орасан. Ал дағдарыс жағдайында тұрмысы тұралаған халыққа, кәсіпорындарға, тіпті банктерге қолдау көрсетумен байланысты мемлекеттік сектордағы компаниялардың шығыны, тіпті еселеніп артып, әдетте олар экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда есін бәрінен кешірек жинайтын. Бірақ біздің жағдайда бәрі керісінше болып шықты. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның былтырғы қаржылық есебінің қорытындысына қарасаң, ұлттық компания дағдарыстың салқынын онша-монша сезбей де қалған сияқты. Компания тобындағы кейбір құрылымдарының табысы, тіпті айтарлықтай өскен. Табыстың өскеніне, әлбетте, тек қуанғанымыз дұрыс, тек ұлттық компаниялардың бюджет алдындағы өз міндеттемелерін де ұмытып кетпеуі керек-ақ.Алмақтың салмағы бар екенін ұмытпаған жөн
Былтыр наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялар табыстың 100%-ын бюджетке төлеуге тиіс деген тапсырма берді. Өйткені соңғы жылдары бюджет тапшылығын жамаймын деп Ұлттық қордың қазынасы едәуір ойсырап қалған. Бұл шешім Ұлттық қорды аман сақтаудың бір амалы-дағы. Кейін министрлер кабинеті бастапқы жарнада мемлекеттің үлесі бар компаниялар 2020 жылы және одан кейінгі жылдары «жылдық шоғырландырылған таза табыстың ең кемі 70% сомасын бюджетке аудару туралы» қаулы қабылдады. Мемлекет басшысы ұлттық компаниялардың дивидендтері бюджетті толықтырудың негізгі көзі болуы тиісін қадап айтты. «Ұлттық компаниялар мемлекетке тиесілі болғандықтан, олардың тапқан табыстары мемлекеттік бюджетке түсуі тиіс. Бұл тек дағдарысқа қарсы жасалып отырған шара емес, жалпы бұдан былайғы уақытта да ұлттық компаниялар тұрақты негізде бюджетті қалыптастырып отыруы тиіс»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сөйте тұра, «Самұрық-Қазына» АҚ өзінің еншілес компанияларының дивидендке қатысты 2012 жылы қабылдаған саясатын өзгерткен жоқ. Бұл құжатта портфельді компанияларға дивиденд төлеу көлемі сараланып төленетіндігі көрсетілген. Яғни, оған екі фактор әсер етеді – компанияның кемелділігі және қаржылық-экономикалық жағдайы. Сонымен қатар компанияның есепті кезең ішіндегі инвестициялық шығындары, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған қаржы, акционерлерге төленетін төлемдер ескеріледі. Есепті мерзім ішінде шоғырландырылған таза шығыны бар компаниялар дивиденд төлеуден босатылады. Ал компаниялардың кемелділігін «Самұрық-Қазына» АҚ келесідей тәсілмен анықтайды: кемелденген – тұрақты табыс табатын және тұрақты табыс көзі бар кәсіпорындар. Мұндай компаниялардың нарықта тұрақты орны болуы тиіс. Ал дамушы компаниялар – енді қалыптасып келе жатқан кәсіпорындар. Ол тұрақты табысының жоғымен немесе кіріс көзінің көлемінің аздығымен өлшенеді.Дивиденд төлеуден неге тарылады?
Қаржыгер экономист Гүлнұр Дубайдың айтуынша, «Самұрық-Қазына» АҚ портфельді компаниялары 2021 жылы 307,9 млрд теңге дивиденд төледі, оның 161 млрд теңгесі Қорға аударылды («Самұрық-Қазына» барлық компаниялардың 100% үлесін иеленбеген, сондықтан дивидендтерді толық көлемде алмайды). «Самұрық-Қазына» АҚ Компаниялар тобы құрамындағы ірі 14 компанияның 10-ы өткен жылды таза табыспен аяқтады, олардың 7-еуі дивиденд төледі. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өзі әзірге 2020 жыл үшін мемлекетке дивиденд төлеген жоқ. «Биыл Үкіметке ең көп дивиденд төлегені – «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы. Ол акционерлерге 150 млрд теңге немесе өзінің шоғырландырылған таза табысының 68%-ын аударған. 2021 жылы компания жаңа дивидендтік саясатқа байланысты (2021 жылы мамыр айында қабылданған) төлейтін дивиденд көлемін ұлғайтты. Енді еркін ақша айналымы ағымы есебінде (FCF) акция пакеттерін сатудан немесе сатып алудан түскен кірістер, сондай-ақ жылдық жалпы акционерлер жиналысынан кейін құрылған біріккен кәсіпорындардың және қауымдасқан ұйымдардың дивидендтері де есепке алынатын болады. Бұған дейін бұл кіріс FCF есебінде есепке алынбайтын», – дейді Гүлнұр Дубай. 2020 жылы «Казатомпром» АҚ-ның кірісі 17%-ға ұлғайып, одан түскен таза табыс 4%-ға артты. Компания акционерлері (акцияның 25%-ы биржада сатылады) «Казатомпрома» АҚ акциялары құнының алдағы уақытта да өсе беретініне шүбә келтірмейді. Жыл басынан бері компанияның құнды қағаздары LSE саудасында 86%-ға қымбаттаған. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның ең аз дивиденд төлеген еншілес ұйымы – Samruk Kazyna Construction. Ол қазынаға дивиденд ретінде былтырғы табысының тек 15%-ы көлемінде 6,8 млрд теңге аударған.Заңмен міндеттелуі тиіс
Республикалық есеп комитеті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның дивидендтік саясаты мемлекеттік кәсіпорындардың тапқан табысымен сәйкес емес деп көп жылдан бері сынап келеді. Есеп комитетінің 2020 жылғы бюджеттің орындалуы бойынша Үкімет алдында берген есебінде квазимемлекеттік сектордың 2015-2019 жылдар аралығында таза табысы төрт есе өскен, яғни 527,8 млрд теңгеден 1,992 трлн теңгеге жеткен. Ал сөйте тұра, 2020 жылы Үкіметке төлеген дивидендтерінің көлемі тек 142,7 млрд теңгені құраған, бұл таза табыстың 7%-ынан аспайды. «Мемлекеттік ресурстар шығындарын үнемді пайдалану жөніндегі міндеттерді ескере отырып, акционерлердің басқа мақсаттарға қаржы жұмсауын, дивиденд төлеуден босатылуын және оның төлемін кейінге қалдыру тәжірибесін жою керек деп санаймын. Ол үшін акционерлік қоғамдардың мемлекетке төлейтін міндетті дивидендтер көлемін, оларды төлеу мерзімін заңмен нақтылап бекіту қажет», – дейді Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова. Оның айтуынша, дивидендтер пайызының төмен болуына сонымен қатар мемлекеттің қажеті үшін алынатын түрлі алымдардың да кесірі тиіп отыр – әлеуметтік нысандар құрылысына, бюджеттік бағдарламаларға жұмсалатын шығындар. Әдетте бұл шығындардың құны шамадан тыс көтермеленіп көрсетіледі. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ кейінгі бес жылда әлеуметтік құрылыстар салуға 366 млрд теңге немесе таза табыстың 14%-ын жұмсаған. Сөйте тұра, бұл нысандардың кейбіреуі мемлекет меншігіне берілмеген. Сөз соңында айтарымыз, «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекеттің қыруар ресурсын иелене отырып, сол арқылы мол табысқа кенеле жүріп, бюджетке мардымды дивиденд төлемесе, дағдарыс кезінде әл-ахуалы төмендеген халыққа қолдау көрсетпесе, онда мұндай квазимемлекеттік сектордың елге керегі қанша деген заңды сұрақ туады.Дәулет АСАУ