Әлішер Өтев: «Шабыт – жалқаулардың ойлап тапқан ертегісі»

Әлішер Өтев үшін кино – бұлыңғыр шабыттың емес, темірдей тәртіптің жемісі. Менің «Кино дегеніміз не?» деген сауалыма ойланбастан Entertainment (ойын-сауық) деп жауап берді.

Бірақ бұл – жеңіл күлкі емес, көрерменді селкілдетіп оятатын, мазасын қашыратын үлкен медиабизнес. Сұхбат барысында режиссер неліктен тек өз сценарийімен жұмыс істейтінін, ұлт киносының дамуын тежеп тұрған «сценарист тапшылығын» және кинодағы этика шекарасын қалай сақтайтынын айтып берді.

– Сіз үшін кино дегеніміз не?

–  Мен үшін кино – ең алдымен, көрерменге эмоция сыйлайтын дүние. Егер адам сенің шығарған туындыңнан түк сезбесе, көрермен бұл фильмді немесе сериалды бірден өшіріп тастайды. Сондықтан киноның басты мақсаты – көрерменді эмоцияға жетелеу. Ол қорқыныш па, күлкі ме, алаңдаушылық па, ең бастысы – жоба адамға әсер етуі қажет.

Кино – менің өмірімнің бір бөлігі ғана емес, бұл – менің негізгі айналысатын ісім. Таңертең оянған сәттен бастап кешке дейін осы саланың ішінде жүремін: идея іздеймін, қандай жобалар іске асып жатқанын қараймын, нарықты бақылаймын, коман­дамен пікір таластырамын. Кино мен үшін  шығарма­шылық процесс қана емес, бұл – толық­қанды медиабизнес.

Көп адам киноны шабытпен байланыстырады. Алайда кино шабыт келгенде ғана жасалатын дүние емес. Бұл – нақты жүйе. Себебі бұл салада тек бір идея жеткіліксіз. Идеяны  жүзеге асыру үшін тәртіп, жауапкершілік және тұрақты еңбек қажет.

Мен өзімді аса таланттымын деп айтпаймын. Көбіне бұл салаға өзіме бұйырған уақытта келдім деп ойлаймын. Бірақ сол бұйырған мүмкіндікті ұстап қалу тек тынбай еңбек етуге байланысты. Сондықтан мен үшін кино тек өнер емес, бұл – күнделікті жүйелі процесс.

–  Кино жасау үдерісін қалай сипаттар едіңіз?

– Көбінесе көрермен кино түсіруді шығарма­шылық хаос сияқты көреді. Бірақ, шын мәнінде, бұл – нақты жүйеге құрылған, кезең-кезеңімен жүретін процесс.

Барлығы, ең алдымен, идеядан басталады. Бірақ бір идеяның өзі жеткіліксіз. Идея бірден синопсиске айналады, яғни оқиғаның қысқаша құрылымы жазылады. Одан кейін эпизод жоспары жасалады, әр бөлім, әр көрініс нақты бөлінеді. Бірнеше негізгі қадамнан кейін ғана толық сценарий жазыла бастайды.

Сценарий дайын болғаннан кейін үлкен әрі қарқынды жұмыс басталады. Ол – дайындық кезеңі. Аталған кезеңде команда жиналып, лока­ция­лар таңдалады, актерлер бекітіледі, бүкіл про­цесс жос­парланып, түсірілім процесіне жақындай бастаймыз. Бірақ ең негізгі үдеріс – түсірілім емес, сценарий жазу уақыты. Түсірілім дегеніміз – сценарийде жазылған нәрсені жүзеге асыру ғана.

Түсірілімнен кейін постпродакшн кезеңі басталады. Бұл кезеңде монтаж, дыбыс, түс түзету сияқты процестер бірігеді. Соңында маркетинг, жарнама және релиз жұмыстары атқарылады.

– Идеяны қайдан аласыз?  

– Идея дайын күйінде бірден пайда болмайды. Бұл – ұзақ ойлану, бақылау процесінің нәтижесі. Мен үшін ең маңыздысы – өзімді көрерменнің орнына қою. «Егер мен осы кино немесе сериалды көрсем, қандай эмоция сезінер ем?» деген сұрақтан бастаймын. Себебі соңғы нәтижеде шешуші рөл атқаратын – көрермен реакциясы. 

Маған, әсіресе, шынайы оқиғаға негізделген жобалар қызық. Өйткені шынайы оқиға арқылы көрермен экран мен өмір арасындағы шекараны жояды. Көрермен мұндай туындыны ойдан шыға­рыл­ған дүние емес, шындық ретінде қабылдайды. Сол сәтте эмоция күшейеді: адамда қорқыныш пайда болады, алаңдаушылық артады, ішкі қысым сезіледі. Өзіне «Мұндай оқиға менің де басымнан өтуі мүмкін бе?» деген сұрақ қоя бастайды. Мен дәл осы эмоция арқылы жұмыс істеймін. Кино – тек оқиғаны көрсету емес, көрерменге эмоция арқылы тәжірибе бере алу.

– Сіздің туындыларыңызда («5:32», «1286», «Дәс­түр»)  көрерменді эмоционалды тұрғыдан ыңғай­сыз күйге түсіретін атмосфера бар. Бұл режиссерлік әдіс пе әлде ішкі шығармашылық таңдауыңыз ба?

– Иә, бұл – толықтай саналы шешім. Бірақ мен бұл жанр түріне бірден келген жоқпын. Бастапқы кезеңде мен де көпшілік сияқты нарықты түсінбей жүрдім. Оның үстіне кино – өте қымбат процесс. Сондықтан алғашқы кезде тәуекелге бару оңай емес еді. Өзіңе де, инвесторларға да тиімді әрі түсінікті жанрды таңдайсың. Мен де жеңіл, көрермен оңай қабылдайтын комедия жанрындағы жобалармен жұмыс істедім.

Уақыт өте келе тәжірибе жинап, нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсініп, көрермен әсерін байқай бастадым. Үлкен тәжірибеден кейін  ғана өзіңе, шын мәнінде, қызық дүниелерге көше бастайсың.

Негізі, маған бастапқыдан-ақ ауыр, психология­лық қысымы бар, күрделі тақырыптар жақын болатын. Бірақ ондай жанрға бірден келу тәуекелді талап етеді. Сондықтан ең алдымен «ойын ережесін» үйреніп алу керек болды.

Ал қазір мен көрерменді «ыңғайлы» аймақта ұстап қалуға тырыспаймын. Керісінше, көрерменді белгілі бір эмоцияға жеткізгім келеді: мазасыздық, қорқыныш, ішкі қысым. Себебі дәл осы эмоциялар көрермен назарын ұстап тұрады. Ең бастысы – атмосфераны сыртқы құралдармен ғана емес, бас­тапқы кезеңде сценарий арқылы құру. Егер сценарийде сол эмоциялық қысым дұрыс жазыл­маса, оны кейін түсірілімде жасау өте қиын.

– Көрерменді күлдіру мен қорқытудың қайсысы қиын?

– Менің ойымша, күлдіру әлдеқайда қиын. Себебі әзіл әр адамға әртүрлі әсер етеді. Ал қорқыныш – адамзатқа ортақ эмоция. Ең бастысы, қандай формада да эмоция болуға тиіс. Киноның негізгі мақсаты – көрерменді сезім арқылы тарту. 

– «5:32» сериалын соңына дейін көре алмағандар аз емес. Бұл гиперреализмнің салдары ма әлде нақты аудиторияны іріктеу ме?

–  Иә, «5:32» сериалын соңына дейін көре алмағандар бар. Мен мұны жобаны бастамай тұрып-ақ білдім, тіпті іштей солай болғанын қаладым десем де болады. Бұл жерде ешқандай кездейсоқтық жоқ, бәрі алдын ала есептелген prediction (болжам) болатын. «5:32» – ауыр жоба. Бірақ алғашқы соққыға шыдап, соңына дейін қалғандар – біздің нақты аудиториямыз. Олар жай картинаны ғана емес, сол арқылы жеткізгіміз келген қоғамның дертін, адам бойындағы зұлымдық пен ақиқаттың бетпе-бет келуін түсініп көреді. Біз интертейменттің (ойын-сауықтың) шекарасын кеңейттік: кино тек күлдіру немесе демалдыру емес, ол – адамды ояту құралы.

– Сіз көбіне өз сценарийіңізбен жұмыс істейсіз. Неге?

– Себебі кино мен үшін жеке процесс. Бұл жай ғана жұмыс немесе кезекті жоба емес. Егер туынды сенің ішкі дүниеңнен, сенің болмысыңнан шықпаған оқиға болса, оны толық сезіне алмайсың. Ал өзің сезінбеген, өзіңді тебірентпеген дүниені көрерменге жеткізу мүмкін емес. Мен басқа біреудің сценарийімен жұмыс істеп көрдім, бірақ мұндай процесс көңілімнен шықпады. Өйткені бөтен мәтінмен жұмыс істегенде сен біреудің киімін киіп алғандай күй кешесің. 

Мен үшін сценарий – ғимараттың іргетасы. Хичкок айтқандай, кинодағы ең басты үш нәрсе: сценарий, сценарий және тағы да сценарий. Барлық кернеу, барлық пауза мен эмоция ең әуелі қағаз бетінде тууы керек. Егер сценарий нашар болса, сен қандай мықты оператор немесе актер шақырсаң да, жоба сәтсіздікке ұшырайды.

Сондықтан мен әрқашан өз идеямнан бастап, синопсис, эпизодник және соңғы нүктесіне дейін өзім қадағалаймын. Бұл – менің принципім. Өз жүрегіңнен өткен оқиға ғана көрерменді шынайы тебіренте алады. Егер менің туындымды біреу түсінбей жатса, бұл көрерменнің емес, автордың, яғни менің мәселем. Демек, мен құралдарды дұрыс пайдаланбадым немесе ойымды дұрыс жеткізбедім. Ал өз сценарийіммен жұмыс істегенде, мен сол жауапкершілікті толықтай мойныма аламын».

– Қазақстандағы киноиндустрияның қазіргі дең­гейін қалай бағалайсыз?

– Даму бар, бірақ біз қалағандай жылдам емес. Қазақстан кинематографиясына нақты серпін берген – кино емес, сериалдар. Көбі бұған атүсті қарап, киноны бірінші орынға қойғысы келеді, бірақ ақиқатында сериалдар қазақстандық сапалы кон­тентке деген махаббатты оятты.

Неге сериалдар алға шықты? Өйткені сериал көрерменмен ұзақ уақыт бойы байланыс орнатады, кейіпкермен бірге өмір сүруге мүмкіндік береді. Бұл – үлкен сенім. Ал толықметрлі фильмдер бұл тұрғыда әлі де баяу қозғалып келеді.

Біздегі басты кедергі – қаржы емес. Егер қолыңда мықты сценарий болса, инвестор табылады. Негізгі проблема – драматургия мен сценаристердің тапшылығы. Бізде сценарист мамандығы әлі де «сәнді» немесе беделді емес, талантты сценаристер көлеңкеде қалып қоятындай. Сонымен қатар нарықтың тарлығы да қолбайлау. Егер біздің аудиториямыз 200 миллион немесе миллиард болса, бюджет те өсер еді, әлемдік деңгейдегі мамандарды жалдап, ойымызда жүрген идеяны 100 пайыз іске асырар едік. Қазір біз қолда бар мүмкіндікпен, ұжым еңбегімен алға жылжып жатырмыз. Иә, қателіктер бар, бірақ сериалдар индустрияның қозғалтқышына айналғаны даусыз.

– Сіз «қашатын» тақырып бар ма?

– Дін, саясат, ұлтаралық мәселелер – бұл мен үшін «жабық» тақырыптар. Неге? Өйткені бұл – өте сезімтал тақырыптар.

Сен қанша жерден әділ болып, бәрін дұрыс, шынайы жасауға тырыссаң да, міндетті түрде наразы тарап табылады. Ондай тақырыптарға барғаннан мен ештеңе ұтпаймын. Бұл – субъективті пікірлер майданы, ал мен ондай жерде төрелік еткім келмейді.

Кинода, әсіресе біздің қоғамда, бұдан да маңыздырақ, бірақ қауіпсіздеу тақырыптар жетіп артылады. Саясат пен дінге килігіп, халықтың арасына іріткі салу немесе біреудің наным-сеніміне нұқсан келтіру режиссердің міндеті емес. Менің мақсатым – қоғамдық маңызы бар оқиғаларды гиперреализм арқылы көрсету.

Мұны кино саласында жүрген, істің мәнін түсінетін кез келген кәсіби маман жақсы біледі. Сондықтан мен принципіме адалмын: адамдарды біріктіретін немесе ойландыратын дүние түсіруім керек. 

– Сіз үшін не маңызды: шабыт па, тәртіп пе?

– Мен үшін тек тәртіп маңызды. Шабыт – өзін-өзі алдауды жақсы көретін жалқау адамдардың ойлап тапқан ертегісі. Егер сен тек «муза» келгенде ғана жұмыс істейтін болсаң, ешқашан нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Кәсіби маман мен әуесқойдың айырмашылығы да осында: бірі көңіл күйін күтеді, екіншісі күн сайын еңбектеніп, өз ісін атқарады. Демек, табыстың негізі – тек қана еңбек. Иә, талант болуы мүмкін, ол – Жаратқанның берген сыйы. Бірақ талант сені тек алғашқы 20 метрге ғана алға шығарады. Қалған жолда тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізеді. Мен өзімді  мега-талант деп есептемеймін, бірақ мен өте жауапты әрі еңбекқор адаммын. Егер талантты адам өзімен жұмыс істемесе, ерте ме, кеш пе, тәртіпке бағынған орташа деңгейдегі еңбекқор оны басып озады. Бұл – өмір заңы.

Сұхбаттасқан

Қорлан ОСПАНОВА,

MNU студенті