«Әулиеата жастары» жанбай жатып сөнбесін...
«Әулиеата жастары» жанбай жатып сөнбесін...

Бүгінде елімізде бұқараны баспанамен қамту бағытында жанданып жатқан жобалар аз емес. Алайда олардың ешқайсысы жастарды, оның ішінде бюджеттік емес мекеме мамандарын тұрғын үймен қамтуға бағытталмаған. Осыған орай өңір-өңірлерде өз аймағының  жастарына арналған жобаларға жан біткен болатын. Міне, осындай игілікке жамбылдықтар да үн қосып, «Әулиеата жастары» жобасын әкелген. Бірақ жобаның сызбасы сызылып, бағыты  айқындалып қойса да, жауаптылар «сөзден іске» көше алмай отыр.

Жоба неге сүйеніп жасалған?

Жалпы, «Әулиеата жастары» жобасының ұйымдастырушысы облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасы. Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жыл­дарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарлама­сының аясында дүниеге келген. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайын­далған. Бағдарламаны әзірлеуде облыс­тың ерекшеліктерін ескере отырып және елі­міздегі бірқатар өңір  мен қалалардағы оң нә­тиже берген бағдарламалар негізге алынған. Сондай-ақ  жобаны  жасауда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы заң, Қазақстан жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, Мемлекет басшысы  Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы және  респуб­ликалық «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan»  партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы бағдаршам болған.

Тиімді тұстары қандай?

Ал жаңа жобаның тиімділігі қандай? Шын мәнінде, баспанасыз жүрген жастарды тұрғын үймен толықтай қамти ала ма? Бұл сауалмен облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасына қайырылдық. – Жалпы, облыста 255 240 жас бар. Бұл – облыс халқының 22,4 пайызы. Жастардың 95 115-і қалада тұрса, 160 125-і елді мекендерде қоныстанған. Өңірде бүгінде тұрғын үй кезегінде 4 407 жас тұр. Басқарма тарапынан  жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижесінде «Отбасы банкі» АҚ арқылы 1 308 жастың ипотека арқылы тұрғын үй алуға ниетті екені анықталды. «Әулиеата жастары» жобасы арқылы өтінім беруші несиеге алатын үйін өзі тауып келуге құқылы. Сондай-ақ жер үй алуына да мүмкіндігі бар. Алайда үй бағасы 13 миллион теңгеден аспауы керек. Бастапқы жарна 5 пен 50 пайыз аралығында. Яғни, өтінім беруші үй бағасының 5 пайызын ғана құйып оны ала алады. Ипотека­лық несие 20 жылға дейін беріледі. Алғашқы 9 жылда ешқандай пайыз жүрмейді. Одан кейін 3,7 пайыздық мөлшерлеме қосылады. Өтінім берушінің жасы 35-тен аспауы керек. Жобаның ең басты тиімді тұсы – өтінім беруші бюджеттік мекемеде жұмыс істеуі міндетті емес. Олардың қатарына жекеменшік емхана қызметкерлері, жауапкершілігі шектеулі серіктестік мамандары, тіпті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне дейін кіреді. 6 ай зей­нетақы жарнасы құйылған жеке қожалық ие­лерінің де үй алуына мүмкіндігі бар, – дейді Жас­тар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

P.S. 

Жобаны жүзеге асыру үшін облыстық  бюджеттен 1 миллиард, екінші деңгейлі банктен 1 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетіледі деп жоспарланған. Ал басқарма тарапынан жүргізілген зерттеу нәтижесінде 13 миллион теңгеге дейін 1 034 тұрғын үйдің бары анықталған. Міне, осы ар­қылы биыл жобаға жан бітіп, жастардың ал­ғашқылары қоныстойын тойлайды деп күтілген. Алай­да күні кеше жобаны қаржылан­дыру кейінге қалғаны туралы хабар келді. Басқар­маның басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, жобаға әлі де түзетулер қажет болғандықтан, қаржы­лан­дыру келер жылға шегерілген көрінеді. Әрине, мұндай жобаны 20 жыл күткен жастар тағы бір жыл сабырлық ететіні анық. Әйтеуір, келер жыл арғы жылға жалғасып, жоба жанбай жатып, сөніп қалмаса болғаны.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы